• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Теннис 27 Маусым, 2021

Лондонда 144 жылдық тарихы бар турнир өтеді

220 рет
көрсетілді

28 маусымда Ұлыбританияның астанасы – Лондонда «Уимблдон» додасы басталады. «Үлкен дулыға» санатындағы айтулы турнирде әлемнің ең үздік теннисшілері бақ сынайды.

Тарқатып айтсақ, ерлер мен әйелдер арасында 128 ойыншыдан сайысқа түседі. Одан бөлек, жұптық және аралас жұптар арасындағы бәсекелер тағы бар. Екі аптаға созылатын талай жылғы тарихы бар осы дәстүрлі жарыстың биыл да қызыққа толы болатынына еш күмәніміз жоқ.

«Үлкен дулыға» санатына кірген турнирлердің барлығының да жүлде қоры қомақты болатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ өткен жылдарға қарағанда «Уимблдонның» бюджеті биыл біраз қысқарған екен. Мәселен, жарыстың жекелеген сайыстардағы жеңімпаздарының есеп-шотына былтыр 2 350 000 фунт стерлинг аударылса, осы жолы чемпиондар 1 700 000 алады. 2019 жылмен салыстырғанда бұл 27,7 пайызға кем. Ақтық сайыс­та ұтылғандарға 900 000-ды қанағат тұ­туына тура келеді. Жартылай фи­нал­ға шыққандар 465 000-ды олжалайды. Осыған дейінгі турнирлерде осы межеге жеткен ойыншылар бұ­дан әлдеқайда көп ақша алатын. Ал одан нашар өнер көрсеткендердің қар­жысы, керсінше, біршама арт­қан. Атап айтсақ, ширек финалға шық­қандар 300 000 ал­са, 1/8 финалға дейін жеткендер 181 000-ға байиды. Жал­пы, осы жарысқа қа­тысудың өзі теннисшілер үшін үлкен абырой және материалдық жағдайларын түзеу үшін тамаша мүмкіндік екені дау­сыз. Олай деуге негіз, егер үшінші кезеңде ұтылса 115 000-ды иемденеді, екінші айналымға шыққандар 75 000-ды еншілейді. Тіптен, тұсаукесер кездесуде сәтсіздікке ұшырағандардың өздері Лондоннан құр қол қайтпайды. Олар 48 000 фунт стерлингті қалтаға басады. Әрине, бұл да аз ақша емес.

«Уимблдонның» 144 жылдық тарихы бар. Бұл турнирдің тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Сол кезден бері талай жақсылар мен жайсаңдар Тұманды Альбион елінде өнер көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткізді. Ерлер арасында ең мол олжаға кенелген Лоуренс Дохерти. Англияның Мейдстон өңі­рінің тумасы ХІХ бен ХХ ғасырлар тоғы­сында жекелеген бәсекеде бес рет топ жарса, өзінің туған ағасы Ред­жинальдпен бірге жұптық сайыста сегіз мәрте жеңіс тойын тойлады. Бар­лығы – 13 жүлде! Одан бөлек, олар Олим­пия ойындарында бір емес, бір­неше мәрте дара шықты. Өкінішке қарай, ағайындылардың өмірі келте бол­ды. Реджинальд небәрі 38 жыл ғұ­мыр кешсе, Лоуренс 43 жасында көз жұмды.

Жекелеген сайыста Роджер Феде­рердің алдына түсетін ешкім жоқ. Швейцарияның Базель қаласында дүниеге келген спортшы 2004-2018 жылдар аралығында 8 рет тең­дессіз деп танылды. Биыл тамыз айында 40 жасқа толатын даңқты теннисші таяу күндері шы­мылдығы түрілетін жарыста да же­ңіске жетуді көздеуде.

Әйелдер арасында Мартина Навра­тилованың шоқтығы биік. Келмеске кеткен Чехословакияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған әйгілі ойыншы 1976-2003 жылдар аралығында 20 рет бас жүлдені олжалады. Соның тоғызы жекелеген сайыстардағы жеңісі. Қалғандары жұптық және аралас жұптар арасын­дағы табыстары. Расында да ширек ғасырдан аса кортта атой салып, аса биік белестерді бағындырған Нав­ра­тилованың толағай табыстарына таңданбау мүмкін емес. Сол секілді Билли Джин Кинг те 20 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласының тумасы 1961-1979 жылдар аралығында жасындай жарқырады. Сол жүлделердің алтауын ол жекелеген сайыста жеңіп алды.

Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, мынадай қы­зық­ты жайттарға қанық боламыз: Уимбл­донның ең жас чемпиондары – швейцариялық Мартина Хингис (15 жас 282 күн) пен германиялық Борис Беккер (17 жас 227 күн). Лондондағы тур­нирдің ең қарт жеңімпаздары – Мар­тина Навратилова мен Гарднар Маллой. Олардың екеуі де АҚШ-тың намысын қорғады. Мартина аралас жұп бәсекесінде 46 жастан асқан ша­ғында (2003 жыл) шашасына шаң жұқтырмаса, Гарднар 43 жасында (1957) жұптық додада дара шықты.

2007 жылы америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю 11 сағат 05 минут бойы айқасты. Бұл – ең ұзаққа созылған бәсеке. Екі спорт­шының тартысы 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен АҚШ өкілінің пайдасына ше­шілді. 2019 жылдың финалдық сайы­сында сербиялық Новак Джокович пен швейцариялық Роджер Федерер 4 сағат 57 минут күш сынасты. Аса шеие­леністі өткен матч 7:6, 2:6, 7:6, 4:6, 7:6 есебімен алғашқысының жеңі­сімен аяқталды. 1922 жылы фран­циялық Сюзанн Ленглен мен амери­калық Молла Маллори ақтық сынның «тағдырын» небәрі 23 минутта шешті. Бұл ойында 6:2, 6:0 есебі тіркелді. Ал 2010 жылы АҚШ-тың өрені Тейлор Дент­тің бағыттаған добы сағатына 238 ша­қырымдық жылдамдықпен жүйткіді.

Қазақстанның теннисшілері де Уимблдонға үздіксіз қатысып келеді. Алайда «алысқа шапқан» ойыншыларымыз сирек. Мәселен, 2016 жылғы жа­рыстың жекелеген сайысында Яро­слава Шведова ширек финалға дейін жетті. Бұл межеде оны әйгілі аме­рикалық Винус Уильямс тоқтатты. Есе­сіне Шве­дова 2010 жылы дәл осы турнир­дің жұп­тық бәсекесінде бас жүлдені олжалады.

Зарина Диас пен Михаил Кукушкин Тұманды Альбион еліндегі турнирдің төртінші кезеңінде өнер көрсетті. Бұл межеге Диас 2014 және 2015 жыл­да­ры жетсе, Кукушкин 2019 жылы тәуір нәтиже көрсетті. Міне, «Уимбл­дон­дағы» жерлестеріміздің ең үздік нәти­жесі осындай.

Былтыр коронавирустың кесірі­нен айтулы жарыс өтпеді. Ол оның алдындағы додада Новак Джокович дара шықты. Сербияның саңлағы финалда Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерерден басым түсті – 7:6, 1:6, 7:6, 4:6, 13:12. Әйелдер бәсекесінде ру­мыниялық Симона Халеп америкалық Се­рена Уильямсті жеңді – 6:2, 6:2.