Елді сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін алдымен денсаулыққа нұқсан келтіретін қауіпті де жасанды, контрафакт өнімдерімен күресу керек. Осы мақсатты көздеген «Техникалық реттеу туралы» заң биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің хабарлауынша, заң жобасын әзірлеу кезінде қауіпті өнімді Қазақстан нарығына айналымға шығармауға басымдық берілген. Осыған байланысты техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның құзыреті кеңейтіліп, оған өнеркәсіптік және импорттық өнімдерді бақылауға мүмкіндік берілген. Енді инспекторлар қауіпті өнімдерді дүкен сөрелерінен іздеп жатпайды, өйткені мұндай өнімдерді нарыққа жеткенге дейін айналымнан шығару жолдары оңтайлана түсті. «Бұл заңдағы жаңашылдықтың бірі – камералдық бақылау жүйесі. Инспекторлар субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшті. Осы ретте бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай-ақ тексеріс жасауға болатын профилактикалық бақылау механизмі іске қосылды. Бақылауға алынатын нысандар 120 өнім тобына, 180 мың кәсіпкерлік және 1500 аккредиттеу субъектісіне көбейді. Бұған қоса, тауар шығаратын ұйымдарды айқындайтын сараптама ұйымы 40-тан асты. Ал аймақтық инспекторлардың нақты құрамы 95 адамды құрады», дейді комитеттің баспасөз хатшысы Роза Әубәкірова. Камералдық бақылаудың мақсаты – бақылау мен қадағалау субъектісіне анықталған бұзушылықты шұғыл жою құқығын беру, заңсыз әрекеттің жолын кесу және оның алдын алу. Заң бұзушылық анықталған сәтте автоматты түрде дабыл қағылып, жүйе арқылы бақылау субьектісіне электронды хабарламалар келіп түсетіндей мүмкіндіктер қарастырылады. «Жүйеге енгізілетін цифрлы платформа қысқа мерзім ішінде өнімдерді сынақтан өткізеді, сарапшы-аудитордың өнімге жүргізген тексерісін сертификаттап береді және қандай да бір заң бұзушылық болса, бірден дабыл іске қосылады. Жалпы болашақта мемлекеттік органдардың осыған ұқсас жүйелерімен базаны біріктіру жоспарда бар. Егер камералдық бақылаудың аясы кеңейсе, бақыланатын салалардағы заң бұзушылықтар автоматты түрде анықталады», делінген баспасөз хабарламасынада.Сонымен қатар бірыңғай ақпараттық жүйе шеңберінде техникалық реттеудің барлық процесін автоматтандыру көзделіп отыр. Жалпы алғанда, бүгінге дейін 90-нан астам бизнес-процесс, техникалық реттеу мен стандарттау және метрология мемлекеттік жүйелері автоматтандырылған.Бұл жүйеге ҚазСтандарт, ҰАО, сертификаттау органдары, зертханалар, техникалық комитеттер, оқу орталықтары, тағы басқалар енгізіледі.– Ақпараттық жүйенің негізгі міндеті – «сұр» сертификаттауды жою, сертификаттау процестерін қадағалауды қамтамасыз ету, автоматтандыру мен цифрландыруға жағдай жасау. Осылайша, сәйкестікті бағалауға өтінімдерді қарау уақытын қысқартуға қол жеткізе аламыз, – дейді Р.Әубәкірова.Ертеңнен бастап күшіне енетін «Техникалық реттеу туралы» Заңның халыққа пайдасы қандай? Техникалық реттеудiң басты қағидаты – адам өмiрi мен денсаулығын қорғау және қоршаған орта, соның iшiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi үшін өнiмдердiң, процестердің және көрсетілетін қызметтердің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету. Демек өнімнің көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасына барынша кепілдік беруге мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ заңдағы қағидаттар саудадағы техникалық кедергілерді жойып, сатып алушыларға сапалы өнім мен жоғары деңгейдегі қызметтерді таңдауға жәрдемдеседі. Бір сөзбен айтқанда, тұтынушы сатып алған өнімінің сапасына сенімді болады. Техникалық регламент бойынша тек тиісті талаптардан өткен, қауіпсіздігі дәлелденген өнімдер ғана ішкі нарықта сатылады. Ал камералдық бақылау арқылы анықталған заң бұзушылықтар бойынша ақпараттық жүйе уәкілетті органға шара қолдануға сигнал береді, бұл техникалық регламенттер талаптарын орындау жолындағы мемлекеттік бақылауды жетілдіріп, техникалық реттеу саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың мерзімін арттырады және аккредиттеу субъектілеріне жүргізілетін тексерулердің ерекше тәртібін енгізуге мүмкіндік береді.