1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (АӨК) күшіне енеді. Әділет вице-министрі Наталья Пан жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әкімдік жекелеген учаскелерде, көбінесе қала шегінде жылдамдықты шектейді, бұл ретте НҚА-да қаладағы жылдамдық режимі жөніндегі ақпарат жазылмаған. Пропорционалдылық қағидаты сотқа жылдамдықты шектеу мәселесін шешу үшін қаншалықты жарамды, қажетті және пропорционалды екенін тексеруге мүмкіндік береді», деп хабарлады ол ОКҚ брифингінде.
Наталья Панның айтуынша, билік басқарушылық шешімдер қабылдаған кезде азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ететін рәсімдік кепілдіктер бекітетін болады. Азаматтың соңғы шешім қабылданғанға дейін тыңдалу кепілдігі бұған мысал бола алады.
«Елді мекендердегі қозғалыс жылдамдығы әкімдіктермен емес, «Жол қозғалысы туралы» заңмен және ЖҚЕ-мен шектелген. Әкімдіктер болса жылдамдық шектелуі, ал бір жерде рұқсат етілуі тиіс қандай да бір көшелердің учаскелерін ғана айқындайды. Яғни, олар жылдамдықты емес, осы жылдамдық шектеулері қолданылатын учаскелерді анықтайды», деп түсіндірді Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин.
Сондай-ақ ол биліктің жол белгісін немесе жылдамдық режимін орнату туралы шешімдері азамат құқықтарын шектейді деп саналса, кез келген азамат бұған шағымдана алатынын да атап өтті.
«Бұл жағдайда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа немесе тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған әкімшілік сотқа жүгіну қажет. Егер жергілікті жерде әкімшілік сот болмаса, онда ол тұрғылықты жері бойынша жалпы юрисдикция сотына жүгіне алады. Бұл шарттардың барлығы Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің 102 және 106 - баптарында бар», деп нақтылады Мусин.