• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Шілде, 2021

«Қазақстан Барысына» қатысатын балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті

1045 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 4 шілде күні Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оныншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысы мен Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 37 үздік балуан қатысады, оның ішінде жобаның жеңімпаздары – Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев бар.

Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Ерасыл Қажыбаев 153 келі тартса, Ерсұлтан Мұзаппаров ең жеңіл салмақ көрсетті (90 келі).

Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы балуандар бәсекесі елорда әкімдігінің тікелей қолдауымен өтіп жатқанын атап өтті. 

«Дәстүрлі «Қазақстан Барысы» жобасы өздеріңіз білетіндей биыл оныншы рет ұйымдастырылады. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген үздік балуандар қатысқалы отыр. Біздің елордамыздың намасын бұл бәсекеде Айбат Сейтен мен Олжас Шынкеев қорғайды. Балуандарымыздың бағы мен бабы келісіп жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз», деді басқарма басшысы.

Елордамыздың төрінде өтетін бәсеке карантин талаптарына сай көрермендерсіз ұйымдастырылады. 

Турнирді Qazaqstan және Qazsport телеарналары арқылы тікелей эфирден тамашалауға болады. Сонымен қатар Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ», Түркияның «ТРТ Аваз» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.