• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 09 Шілде, 2021

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ: Әділетсіз құрбан болғандарға әділетті баға беруіміз керек

1428 рет
көрсетілді

Жаһанданудың жұт­қыншағы жел­кемізде тұрған кезеңде ұлттық сипатымызды қалай сақтап қаламыз? Ой­лай кетсең, санаңа зіл бат­пан сал­мақ салатын, көңіліңе кірбің ұя­лататын сауал. Аласапыран уақытта, аумалы-төкпелі шақта қазақтық қалпымызды, ұлттық салтымызды сақтап, жаңа заманның игіліктерін ел дамуы­на ыңғайлаудың жүгі ауыр. Осы жолда еңбектену – әрқайсымыздың ұрпақ алдындағы парызымыз. Өйткені елдің болашағы соған тікелей байланысты. Бұл тарапта мемлекеттік ауқымдағы тұлғалар не ойлайды? Соны білмек ниетпен Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевпен сұхбат құрдық.

Тәуелсіздік – тәтті ұғым ғана емес, тарихи жауапкершілік

– Қырымбек Елеуұлы, биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ара­лығында көп дүние жасалды. Бірақ қоғамда әлі күн­ге дейін «Қазақстанда ұлттық идеология жоқ» деген пікір бар. Расында да, осы бізде ұлттық идеология бар ма?

– Ең әуелі бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Біз қазір социалистік не болмаса монархиялық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әлдебір идея мен идео­логияны халықтың санасына еркінен тыс сіңіріп, аспан мен жердің арасын сол насихатпен толтырып тастай­тындай қажеттілік жоқ. Қазіргі Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет. Оның үстіне бүгінгідей ғаламтормен бірге цифр­лы тех­нология дамыған, жасанды интеллект салтанат құрған, роботтардың өзі адамзаттың игі­лігіне қызмет етіп жатқан дәуір­де халықтың ойын тұмшалап ұстау, өзге пікірлерден өзек алғызбау еш мүмкін емес. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып, жаһанның жаңалығы жа­нарыңның алдында тұрған мына кезеңде жалаң сөз бен жалған идеологияға ешкімді сендіре алмайсың. Бүгінде біздің мемлекеттің алдында тұрған ел басқару ісі, экономикалық өсім, әлеуметтік даму секілді қадау-қадау мәселелермен қатар, халықты біріктіретін, тұтас­ты­ратын құралдың болуы да, әрине, аса маңызды. Мұндай жағ­дайда не істемек керек? Бұл ретте барша қазақстандыққа ортақ бір ғана құндылық, жалғыз идеология болуы керек деп ойлаймын. Ол – Тәуелсіздік. Өйткені Әбіш Кекілбайұлы айт­қандай, «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет» уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан ұлт­тық һәм мемлекеттік идеология осы Тәуелсіздік атты тәтті ұғым­ның айналасына топтастырылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл ба­сында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын жариялап, егемендіктің 30 жылына қадам басқан қазақ елінің жаңа даму бағдарламасы мен идеологиялық тұжырымдамасын ұсынды. Сол арқылы қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігімізді қор­ғауға, ардақ­тауға шақырып, көп­ші­ліктің көкейінде көптен жүр­ген қоғам­дағы ең өзекті проб­лемалардың жауабын берді. 

Тәуелсіздікті баянды ететін нағыз намысшыл, білімді де бі­лікті, өзін еліміздің патриоты са­найтын азаматтарды тәрбие­леу – басты міндет. Байқасаңыз, мұндай үр­діс әлемнің басқа да өркениетті елде­рінде көрініс береді. Олар заман игіліктерін өз мемлекеттерінің дамуына пай­­даланып, озық технология­ларды күнделікті өмір салтына айналдыруда. Біз де замана көшінен қалмай, жұрт қатарлы алға ұмтылуымыз қажет. Ол үшін ең алдымен кейбір қалыптасқан көзқарасты өзгерту керек. Оның бастауы – хакім Абай айтып кеткен масылдық көзқарастан арылу, дүниенің ілім-білімін игеруге ұмтылу. Өткен ғасырдың басында Алаш арыстары да осы ұстанымда болды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», дегенде ұлттың өзгеруін, жаңаруын, жаңғыруын айтқан емес пе? Сапалы ұлт, саналы ұрпақ, бәсе­кеге қабілетті халық қана Тәуел­сіздікті тұғырлы, ғұмырлы ете алады. Сол себепті де бүгінгі күні Тәуел­сіздік басты идеология болуы керек.

– Ойыңыз орынды, пікі­ріңіз көңіл­ге қонымды. Деген­мен біз осы отыз жыл ішінде Тәуел­сіздіктің қадірін қан­ша­лықты түсіне алдық? Олай дей­тін себебім, қоғамда әлі күнге «Тәуел­­сіздік маған не бер­ді?» дей­тін де пікірлер кездеседі...

– Өз мемлекетіңнің Тәуелсіз­дігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес. Со­нымен қатар үлкен гума­нис­тік міндет. Тіпті жүрген ор­та­ның алдындағы ғана емес, өз тағдырына жауапкершілік. Ұлы дала ойшылы әл-Фараби айт­қандай, өзі жүрген ортаның жа­рас­тығын ойлаған адам ғана жарастықты, мейірімді, мейір­банды дүниеде өмір сүре алады. Ал ондай жарастықты тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана орната алады. Өйткені халық бостандыққа қол жеткізбей тұ­рып, қоғам азаттыққа жете алмайды. Бүгінгі күллі жалпақ әлем­нің бос­тандықты ту еткен жарас­тық­ты ой­лайтыны да сондықтан. Адам­дар мен қоғам­дардың, мемлекеттер мен халық­тардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас, ешкім қол сұға алмас қасиет­ті ұғым. Қазіргі адам­зат­тың ең басты мұраты, асыл игілігі – осы Тәуелсіздік.

Ойды осылай қорытқанда, заман өзіміздікі екенін түсі­неміз. Оны түсінбеу – өзін де, өзге­лерді де қара суға теріс ағызу болып шығады. Сол себепті өтпелі кезеңнің келең­сіз­діктерін, індеттер мен дағ­дарыстарды көлденең тартып, аз ғана қиыншылыққа мойып, Тәуелсіздіктің бетіне көлең­ке түсіруге болмайды. Әрине, жүздеген жыл бойында күткен асыл арманды бір күнде жүзеге асыра алмайтынымыз белгілі. Ғасыр­лар бойы аңсап жеткен азат­тық бәрімізді бір күнде бай қылып, барша мұратқа жеткіз­бейтіні де ақиқат. Дүниеде қиын­дық пен қиянаттың көбей­месе, азаймай тұрғаны да рас. Бірақ мұ­ның бәріне Тәуелсіздік кінәлі емес. Ол жаңаны көрсе, жаға­сынан алып ба­ғатын, хакім Абай айтқан жанықас кер­­тарт­палықтан. Кешегісін көк­сеп оқыран­ған отаршыл озбыр­лық­тан. Тарысы піскеннің тауығы бола салып, ел пайдасынан гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтын тоғышар пысықайлықтан. Жаңаның атын малданып, бақ, абыройын иеленіп, байлық тапқанша асыққан әлеуметтік әумесерліктен. Кейде билік үшін әкесін, байлық үшін атасын сатуға дайын тұрған даңғойлықтан. Әркім өз пікірі мен өз әрекетінің тізгінін қолға алып, нақты іске кірісе алмағандықтан. Бәріне басқаны кінәлап, өзін судан ақ, сүт­тен таза санайтын, бірақ саусағын қи­мылдатып ештеңе істемейтін масыл­дықтан. Өзе­гімізге түсіп кеткен жегі құрт – жемқорлықтан. Қысқасы, даңғазалық бұрын оянып, шын намыстың әлі ширықпай жат­қандығынан. Ол үшін біріміз емес, бәріміз ұяттымыз. Алдымен осы­ны мо­йындауымыз керек. Соны бүгін мо­йындасақ, келең­сіздік ертең жойылады. Ал қазір­гідей көзқараспен кеуіл­дегідей молшылық пен әділет әл-әзір ор­най қоймайды. Қай халық та ондай дәуренге жетсе, алдымен Тәуелсіздіктің, онан соң сол бос­тандықты баянды етуге деген ұм­тылыстың арқасында жетіп отыр. Олай болса, қолымызға әзер қон­ған азаттық құсын үркітіп алмау – бас­ты мұрат. Уақытша қиындықтарға бо­ла мәңгілік мақ­сатымызды тәрк етсек, Тәуел­сіз еліміздің көгеріп-көр­кеюі жо­­лында күш-жігерімізді аяп қал­сақ, тағ­дырдың қатал сынына табанды­лық­пен төтеп бере алмасақ, тарих алдында жү­зіміз қара, ұрпақ алдында кешірілмес күнәға қаламыз. Сондықтан бас­тағы бақты бағалап, жоғымызды саралап, сасқанға – сая, асқанға – тосқан, елдің иесі, жердің киесі болуға әрбір азамат ұм­ты­луы қажет. Бірлесе жүріп, Тәуелсіз­дік­тің тасын өрге сүйреу қажет.

 

Қасіретті ғасырдың қайғысы таразыланады

– Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақ­тау жөніндегі мем­лекеттік комиссия құрылды. Біле-білген адам­ға бұл да Тәуелсіздіктің ар­қа­сында орын алған тірлік қой. Басың бодан болса, мұндай мүм­кіндік қайдан болсын?

– Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздік деге­німіз – әділеттілік. Өйткені азаматтары азат, елі егемен халық қана өзінің өткеніне әділетті бағасын бере алады. Әділетті қо­ғам орнату үшін ең негізгі қа­жет­тілік – Тәуелсіз ел болу керек. Ұлтын ұшпаққа шығаруды ойлаған, жұртын жетілдіруді көксеген, сол үшін тар жол, тайғақ кешуден өтіп, айдауға түсіп, қамалып, сотталып, атылып кеткен ардақтыларыңды сая­си тұрғыдан да, құқықтық жағынан да ақтап, адал атын сақ­тап, олардың күрескерлік өмі­рінің шын бағасын беру Тәуелсіз мемлекеттің ғана қолынан келеді. Бодандықтың бұғауы қысып, азат­тықтың ауылы алыс болса, ондай күн – тек арман ғана. Бай­тақ даламыздың бостандығы үшін талай боздақ басын бәйгеге тігіп, жанынан безіп, жанкешті әрекет жасады. Елін игілікке жеткіземін деген ниеті үшін ға­на әділетсіз қаралауға қалды. Оның зардабын жалғыз өзі емес, ұрпақтарына дейін көрді. Жазық­сыз жапа шекті. Міне, қысылтаяң шақта қайраткерлік көрсеткен, күрделі кезеңде қаһармандық таныт­қан осындай қадірлі аза­мат­тардың ісі мен әрекетіне шы­найы баға беретін кез жетті. Сон­дықтан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы комиссия құрып, еліміз үшін маңызы зор, тарих үшін тағылымы мол шаруаның тың серпін алуына мұрындық болды.

– Осы арада Мемлекеттік ко­­мис­сия­ның жұмысы жайын­да сұ­ра­ғым келіп отыр. Осыған дейін ко­мис­сияның үш оты­ры­сы өтті. Не істелді, алда қан­дай ша­руа атқарыл­мақ?

– Әуелі тоталитарлық режім құрбан­дарын ақтау ісін­де Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін айтып өтуіміз керек. Елбасы еліміз егемендік алған сәт­тен бастап саяси қуғын-сүр­гін көрген азаматтарды ақтау жұ­мысын жедел бастап кетті. Соның нәтижесінде 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жы­лы Президент Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде арнайы белгіленді.

Ал комиссия атқаратын жұ­мыстың мәні мен мазмұнын оның атының өзі айтып отыр. Яғни біз енді азаттықтың ал­ғашқы жылдарында басталған жұмыс­ты жан-жақты жетілдіріп, егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп жал­ғастырамыз.

Қарап отырсаңыз, өткен ға­сырда қазақ халқы көп қасірет көрді. Алдымен аштық келді, одан соң жасанды таптық кү­рес пен зорлық-зомбылық, ұжым­дастыру болды, оның аяғы жан­түр­шігерлік жаппай аштыққа жал­ғасты. Ел есін жимай жатып сая­си репрессия­лар басталды. Мұнан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман туды. Соғыстан соң тағы да қуғын-сүргін жал­ғасты. Айналасы елу жылдың ішінде халқымыздың көрмеген қиын­дығы жоқ. Ғалымдар өткен ғасырда қазақтың саны екі есе қысқарып кетті деген дерек келтіреді. Мұның бәрі біздің жұрт бастан кешірген ауыр да қасіретті жылдар, тарихта ақтаңдақ болып қалған уақыт екені Қазақстанда ғана айтылып жатқан жоқ, шетелдік сарап­шылар да мойындап отыр. Сон­дықтан біз әділетсіз зардап көрген азаматтарымыздың өмі­ріне әділетті бағасын бергіміз келеді.

Кейбір деректер бойынша 1920-1939 жылдар аралығында 4 миллион адам тоталитарлық саясаттың құрбаны болған. Оның ішінде 2,2 миллион кісі аш­тықтан қырылған. 1,2 миллион адам сыртқа қашқан. 115 мың ардақтымыз сая­си көзқарасы үшін айыпталған. Оның 27 мы­ңына ату жазасы кесілген. Атыл­ғандардың 60 пайызы зиялы қауым өкілі екен. Сонымен қатар Қазақстан аумағында орналасқан лагерлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек, қырым татарлары, кавказ және басқа да халықтардың өкілдері өз еркінен тыс жер аударылғаны бел­гілі. Міне, осыншама адамның тағдырына әділетті баға беру керек. Мемлекеттік комиссия өз жұмысын осы бағытта бастап кет­ті. Ғалымдар мен сарап­­­шы­лардың саяси қуғын-сүргінге қа­тыс­ты құпия архивтерде жұмыс істеуін ұйым­дастырып жатырмыз. Қазір­дің өзінде олар мемлекеттік архивтерге кі­руге рұқсат алып, жұмыстарына кіріс­ті. Келешекте Ресей, Қырғызстан, Өз­бекстан, Германия секілді шет мем­ле­кет­тердің архивтерінде сақ­тал­ған қыл­мыстық және әкім­шілік істерді зерттеуге кіріспек. Бұл тарапта да белсенді әре­кет етіп жатырмыз. Біздің алдымызда жа­бық қорлардағы барлық құжатты жан-жақты сараптау, саяси-қуғын сүргінге ұлт­тық тұрғыдан баға беру, репрессия құр­бандарын құ­қықтық тұрғыдан ғана емес, саяси жағынан ақтаудың санаттарын анықтау тәрізді қадау-қадау мәселе тұр.

Мемлекеттік комиссияның 2 кіші комиссиясы, 12 жұмыс тобы және 17 өңірлік комиссиялары бекітілді. Олар­дың қатарына қазақ­стандық белгілі ғалым­дар мен сарапшылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері, депутаттар, мем­лекеттік органдар өкілдері кірді. Олар архив құжаттарын жинаумен және зерделеумен айналысады. Әрбір топтың өзі зерттейтін бағыты бар. Мысалы, ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстардың мүшелері, мәж­бүрлеп ұжымдастырудың құр­бандары, әскери, саяси қуғын-сүргін көрген азамат­тар мен отбасыларының тағдыры бөлек-бөлек зерттеледі. Осындай жұ­мыс­тардың негізінде Мем­лекет­тік комиссияның қоры­тын­дысы дайындалып, жарияланады, ақпараттық ғылыми-зерттеу базасы қалыптасады. Айта кету керек, бұл – бір күндік емес, бір­неше жылға созылатын жауапты іс.

– Ал Алаш арыстарына сая­си тұр­ғыдан баға беру қалай болмақ?

– Алаш арыстарының құқық­тық тұр­ғыдан ақталғаны белгілі. Енді олардың іс-әрекетін саяси жағынан ақтау міндеті бар. Ол үшін ең бірінші, өткен ғасыр­дың басында туған халқын оқу-біліммен көркейтіп, өркениетті ұлт деңгейіне кө­теруді белсенді түр­де қолға алған Алаш қай­рат­­керлерінің қажырлы да қа­сиет­ті іс-әрекеттерін Қазақ­стандағы ұлт-азаттық қозға­лыс­­тардың заңды жалғасы ре­тінде бағалауымыз керек. Екін­­шіден, осы жалпыұлттық қоз­­ғалысқа атсалысқан, оның басы-қасында жүрген қайраткер тұл­ғаларымызды ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілдері және басшылары ретінде құр­меттеуіміз қажет. Үшіншіден, Қазақстанның жа­ңа тарихында Алашорда өкіметі мен Алаш автономиясының құрылуы, оның сан қилы әрі күрделі, саяси және рухани қызметі объективті де шынайы ба­ға­ланып, мұны қа­зақ мемлекеттілігінің жаңа жағ­дайдағы қайта жаңғыру кезеңі ретінде қарастыруға тиіспіз. Сон­да ғана біз Алаш мұраты, қазақ­тың болашағы үшін шейіт бол­ған құрбандардың тағдырына әділетті баға берген боламыз.

 

Тарихты кек алып, құн сұрау үшін зерттемейміз

– Ауқымды жұмыстың ал­ғашқы қадамы басталғанын бай­қап отырмыз. Күні ертең сырын ішіне бүккен архив­терден әртүрлі құжаттар мен фак­тілер табылады. Оның бәрі бірдей жұрт­қа жағымды болады деп айту да қиын. Ғалымдар тапқан материалдар елді екіге жарып жібермей ме? Комиссия жұмысының нәтижелері халыққа қалай жететін болады?

– Тарих – ежелден толассыз тартыс пен бітпес даудың алаңы. Әсіресе, бүгінгідей пост­шындық заманда, факті емес, эмоция, ғылыми заңдылық не тео­рия емес, жекелеген субъективті пікір дәулет құрып, тісқаққан маман мен кез келген адамның пікірі теңескен кезде тарихпен айналысудың өзі қиямет-қайым дүние. Ал бұған тарихтың ғаламат геосаяси ойындар мен қақтығыстардың бас­ты бағытының біріне, майданына айналғанын қосар болсақ, тарихтың жұрт ойлағандай ойыншық емес еке­нін айқын түсінуге болады. Тарих – мойындайық, бүгінгі күні геосаяси тайталас, қырғиқабақ соғыс алаңы.

Сондықтан комиссияның жұмысы шеңберінде табылған құжаттарды жариялау, ең алдымен, өзіміз үшін керек болса, екіншіден халыққа, қоғамға, ал үшін­шіден әлемге дұрыстап айту, таныстыру үшін қажет. Оның үстіне, Қазақстан жұрт­шылығы түгіл, өзіміздің қазақ қоға­мының ішінде ХХ ғасыр тарихына ортақ көзқарас қалыптасқан жоқ. Бұны ашық мойындау қажет. Бұл болашақ үшін, елде жасалып жатқан жаң­ғыр­тушылық реформалар үшін үлкен қауіп екенін мен айтпасам да түсінік­ті болар. Біз қоғамды бөлетін емес, бірік­ті­ретін, өшіктіретін емес, өсіретін тірлікті іске асыруымыз керек. Біз тарихты арылу, тазару, сабақ алу, терең тарихи жарақатты ем­деу, ХХ ғасырмен қоштасу үшін зерттеп жатырмыз. Біреуден кек алып, қан ағы­зып, құн сұрайтын жайымыз жоқ. Сұ­рау да, сұрақ та өзімізге, ең өткір және ауыр сауалдар бүгінгі ұрпаққа қойылуы тиіс.

Осыны ескере отырып, Мемлекеттік комис­сияның негізгі жұмысымен қа­тар, ақпараттық және идеологиялық жұмы­сының тұжырымдамасы мен бағдар­ламасы жасалып жатыр. Тұжы­рымдамада комиссия жұмысының ба­ғыты мен бағдары, ұлттық жадтың мақ­саты мен міндеттері, құндылықтары мен межелері айқын көрінеді. Негізгі қағи­даттар – мемлекетшілдік, тарихи шындық, ашықтық, айқындық, ғылыми негіз болатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, сұрағыңызға толығырақ жауап беру үшін онда қамтылатын бірнеше мәселеге  тоқталып кетейін.

Біріншіден, комиссияға кіретін барша азаматқа ортақ жауапкершілік пен ішкі тәртіп мәселелері анықталып, эти­калық, әдістемелік баптар қарас­тырылады. Комиссия атынан сөйлеуге құқылы адамдар, комиссия атынан айтылар тақырыптардың бағыты мен өзегі де айқындалады. Әрбір адам мен азаматтың, әрине, өзіндік ойы мен пікірі бар. Ол заңды, оны ешкім шектей алмайды. Бірақ комиссия туралы немесе комиссия атынан сөйлеген кезде белгілі бір дәрежедегі салқынқандылық, кәсіби және ғылыми әдеп танытқанымыз дұрыс.

Екіншіден, Мемлекеттік комиссия­ның жұмысы нақты тақырыптық жос­парлар мен медиажоспарлар негізінде жүргізіледі. Комиссия жұмысына қатыс­ты медиазерттеулер жасалып, Қазақстан және әлем баспасөзінде шығып жатқан материалдар ғылыми тұрғыдан зерт­теліп, зерделеніп, ай сайын, тоқсан сайын тиісті есептер мен дайджестер жаса­лып, комиссия мүшелеріне таратылады. Комиссия құрылымдарының, серіктестерінің, ғылыми қоғамдастық өкілдерінің арасында тұрақты анкеталар таратылып, әлеуметтік сараптамалық зерттеулер жасалып отырады.

Үшіншіден, комиссияның өз веб-сайты мен ғылыми танымдық журна­лын жасау қажет. Алғашқы кезде электронды бюллетень ре­тінде бастап, кейіннен толық­қанды басылым етіп шығару ойымызда бар. Бюллетеньге комиссия жаңалықтары, жұмыс топтарының, аймақтағы комиссиялардың ақпарат­тары, хабарламалары жарияланып отырады. Өзекті мәселелер бо­йын­ша әдістемелік дүниелер, үздік тә­жірибелер, тың зерттеулер жарияланады.

Төртіншіден, комиссияның ақпа­рат­­­тық серіктестері институтын, жур­­на­листер мен сарапшылар пулын­ жа­сақтау керек. Бір эмблемамен, бір тәр­тіп­пен қоғамның әртүрлі әлеу­меттік топтары­на арналған, лайық­талған архивтік, ғылыми, пуб­лицистикалық материалдарды жүйелі түрде таратып отырғанымыз жөн.

Жалпы, ХХ ғасырдағы қазақ катас­трофасын бір сөзбен, мысалға, бел­­гілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның ұсынысы бойын­ша «Зұлмат» немесе «Ала­пат-Қасірет» деп атағанымыз дұ­рыс сияқты көрінеді. Түбірінде зұлым­дық ұғымы жатқан бұл сөз бренд­теліп, «Холокост» деген сияқ­ты ха­лықаралық тілдерге ене алатын ұғым­­ға айналуы тиіс деген ойдамыз. «Зұлмат» ұғымына 1920-1950 жылдар аралығындағы екі ашар­шы­лық, саяси репрессиялар, жөн-жо­сық­сыз жасалған әлеуметтік және эко­номикалық эксперименттер енуі тиіс.

Бесіншіден, ХХ ғасыр қазақты аямады. Біз тарихты зерттеген кезде оның бүгін­гі қоғамға қалай әсер ететінін де ескер­геніміз дұрыс. Тарих, оның са­бақтары қазақты ұлт ретінде «саяси құр­бан» психологиясына итермелемеуі керек. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев талай рет айтқандай, біз өткен ғасырдың барша қиындығына төзіп, суығына тоңып, мың өліп, мың тірілсек те жерді, ұлтты сақтап, тез арада халық санын толтырып, тарих сахнасына қайта шыққан, тәуелсіздігін түлеткен жеңімпаз ұлтпыз, дәулескер халықпыз. Әрине, тарихи фактілер мен архивтік құжат­тардың көптеп сөйлегені дұрыс. Алайда тиісті терең тарихи философиялық талдауға да, саяси пайымға да жол беру парыз.

Алтыншыдан, зобалаң Зұл­мат, Қазақ драмасы мен ка­тас­­­трофасы тек қазақты ғана жал­маған жоқ. Сталиндік тота­литарлық жүйенің сұмдығын басқа да халықтар, өзге ұлттар мен мемлекеттердің өкілдері де көрді, басынан өткерді. Елі­мізге күштеп жер аударылған тұтас этностарға қазақ қалай құшақ жайса, ашаршылықтан, репрессия­лардан басы ауған жақ­қа үдере көшкен қазаққа да көмек берген елдер мен тұлғалар жеткілікті. Парасатты ұлт, ке­меңгер халық ретінде біз сол та­рихты да ұмыт­пай, басқамен қатар айта жүруіміз керек.

1921-1923 жылдардағы Ашар­шылық кезінде кеңес халқына мың­даған, миллиондаған әлем азаматтары жылу жинап, көмек көрсеткен екен. Мұның бір шетін қазақ та көрген. Шыңжаңнан Тибет, Гималай асқан қазақ кө­шіне шын жаны ашып, Біріккен Ұлт­тар Ұйымында бірнеше рет мәселе көтеріп, арнайы қарар­ларын қабылдатып, кеме мен ұшақ жіберіп, қонысын анықтап, төл­құжат берген, пана болған түрік бауырларымызға шынайы алғысымызды неге бүгін айт­пасқа? Қиын кезде қазаққа қол ұшын беріп, жанын алып қалған жүз­деген орыс, қырғыз, өзбек, ұй­ғыр, түрікмен, түрік азаматтары болғаны – тарихи шындық. Олардың атын атау, оларға құр­мет көрсету зиялы, парасатты ұлттың міндеті емес пе?

Жетіншіден, Мемлекеттік ко­мис­­сияның жұмысы Қазақ­стан­ның әлеммен байланыстарын кү­шей­те түсуі керек. Бұл саясат пен дипломатияның құралы да болуы мүмкін. Мысалы, Алматы маңындағы Жаңалық мемориалында атылған 4,5 мың азаматтың сүйегі жатыр. Олардың көпшілігі – бүгінгі әлемнің қырыққа жуық мемлекетінің азаматы мен тумасы. Архивтердің ашылуы солар туралы ақпараттардың жария­лануына мүмкіндік беруі керек. Комиссияның жобалық офисі, ғылыми-зерттеу институттарымыз аталған елдердің елшіліктерімен арнайы келісімшарттар жасасып, қатынасқа түсуі керек. Сол елдерден кемі 2-3 журналист, тарихшыны қызық­тырып, қазаққа ниеттес, серіктес ете білгеніміз абзал. Ал атылғандардың туыстары, ұрпақтары табылып жатса, елге келіп, зиярат етсе, Қазақстанның, қазақтың әлем елдерімен тек мемлекеттік қана емес, адами, азаматтық байланыстары да тереңдей түсетіні анық.

Зұлматтан үдере көшіп кеткендер­дің сүйегі ел пери­метрінде шашылып жатыр. Екін­ші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен мыңдаған азаматымыз бар. Оларды іздеу, та­бу, оларға белгі орнату – ұр­пақ парызы. Осы жұмысты да жүйелі жүргізіп, басқа мемлекеттермен, олардың ар­хивтік қыз­меттерімен келісімшарт жа­сауы­мыз қажет. Мысалы, өт­кен жылы Германия Ресейге конц­лагерьге түскен кеңес тұт­қындары туралы 20 мыңнан ас­там цифрлы құжатты табыс­тапты. Болашақта тағы да 500 мың құжаттың цифрлы көшірмелерін бермекші. Бұл жұмысқа біздің ел де еншілес болуы тиіс. Германияның цифрлы құжаттарын біз де алуға ты­рысып, қажетті ғылыми қор ретінде сақтағанымыз дұрыс. Өз қанымыз бен қандасымызды өзімізден артық, жан салып еш­кім­нің іздемейтіні анық. Гер­ма­нияның цифрлы архивтерін алып жатсақ, басқа Орталық Азия елдеріне де көмек көрсете алар едік.

Осы жұмыстардың барлығын ақпа­раттық сенсациялар іздемей, жүйелеп, ретімен іске асыру үшін Мемлекеттік комиссияның қыз­метін ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі арнайы топты құрдық. Жұмыс тобына журналистер, медиа саласындағы мамандар, БАҚ басшылары кірді. Топты Мәжіліс депутаты, тарихшы, сая­саттанушы Айдос Сарым мен Ақпарат және қоғамдық да­му вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев басқаруда.

– Қырымбек Елеуұлы, бүгінгі сұхбатта еліміздегі ең іргелі бағ­дар­лама­ның бірі – «Рухани жаңғыру» жөнінде сұра­май кете алмаймыз. Бағ­дар­лама шеңберінде қазір нақ­ты қандай жұмыстар атқа­рылып жатыр?

– Ақселеу Сейдімбектің осыдан біраз жыл бұрын айтқан «Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына ең алдымен рухани өреде жетуді мақсат тұтуы­мыз керек» деген сөзі есіме оралып отыр. Рухани даму, жаңғыру – ауқымы кең, аясы мол шаруа. Сондықтан Елбасы арнайы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Ол соңғы төрт жылда кезең-кезеңімен іске асып келеді. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша 16 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Әр жобаның өз міндеті, аудиториясы бар. Әрбір арнайы жобаға тұжырымдама әзірленді. Мұндай кең көлемді жұмыстың барлығын бір сұхбаттың шеңбе­ріне сыйғыза алмасымыз анық. Сондықтан атқарылған жұмысты емес, бағдарламаға қатысты алдағы жоспарларымыз жайында айтайын.

2021 жылдан бастап «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғыру кезе­­ңіне көшті. Сол бо­йынша оның жұмы­сы Жол картасы форматына ауысты. Жол картасында бағдарлама мазмұ­нын қоғам­ның түрлі топтарына ұғы­нықты жеткізу үшін халықтың әлеуметтік және жас ерекшеліктеріне сай топтап, жүйелеп жүргізуге мән бері­ліп оты­р. Онда азаматтардың эстети­калық талғамын тәрбие­леуге, халықтың цифрлы сауат­тылығын арттыруға, ұлттық біре­гей­лікті сақтау бағыты бойынша халық­тық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жаңғыр­туға, тарихи және мәдени жетістіктерді наси­хаттауға, «қоғамға қызмет ету» фор­­маттарын жұртқа кеңінен таныс­тыруға бағыт­талған түрлі іс-шаралар кеше­нін іске асыру көзделген. Сонымен қатар жас ұрпақтың қазақ тілінде сөйлеп, қалыптасуы – бүгінгі күн­нің ең өзек­ті мәселесі. Қазір­гі балалардың тілін қа­лып­­тастыратын құрал, әрине, теле­арна­лардағы мультфильмдер мен Youtube арналары. Бұл ретте танымал халықаралық Nickelodeon, TiJi секілді арналардың өнімдерін қазақ тіліне аударып, тарату бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – болашақ үшін қай­тарымы мол, нәтижесі зор жоба болады деп сенеміз.

Жол картасы Президенттің ха­лық­қа Жолдауындағы, «Тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат» мақа­ласын­да­ғы және еліміздің рухани-мәдени дамуына байланысты өзге де еңбек­теріндегі айтылған идея­ларымен толықтырылды. Сондай-ақ аталған Жол картасы шеңберінде ішкі еңбек көші-қонын ынталандыратын және дамытатын «Ұлы қоныс» жо­басы, отандық тарих туралы академиялық басылымдарды әзір­лейтін «Ұлт тарихы» арнайы жобасы жүзеге асады. Бұдан бөлек, кез келген құ­қықбұзушылыққа мүлдем төзбеу­шілікті қалыптастыруды көздейтін «Әділетті қоғам» жобасы және  салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жаңғырту, цифрлы, қаржылық сауаттылықты арттыру, прагматизм, экологиялық сананы қалыптастыру, қоғамның патриоттық деңгейін көтеруге бағыт­талған іс-шаралар кешені атқа­ры­лады. Қысқасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа­ша сипатта, тың серпінмен іске асыруды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстар, тағы да нақтылап ай­тайын, халқымыздың ұлттық жаң­ғыруы жолында ерекше көмек болады деп ойлаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»