Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның мәліметінше, қауіпті вирустың таралу көрсеткішінің өсуіне байланысты 520 резервтік төсек-орын дайындалған. Оның ішінде 20 төсек-орын жансақтау бөліміне бөлініп отыр.
«Соңғы үш күнде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 46,8%-ға артып отыр. Мәселен, 8 шілдеде 154 жағдай тіркелсе, 11 шілдеде 290 адам қауіпті вирусты жұқтырған. Соңғы бір аптада Атырауда сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты резервтен 330 инфекциялық төсек-орын пайдалануға берілді. Қазір облыста инфекциялық төсек-орынның жалпы саны 2 428-ді құрайды» дейді Асхан Байдуәлиев.
Басқарма басшысының айтуынша, 408 төсек-орынға арналған карантиндік стационар жұмыс істеп тұр.
«Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар саны күрт өсетін болса, бірнеше ауруханадан инфекциялық стационар ашуды көздеп отырмыз. Нақтылай айтқанда, облыстық ауруханада 50, темір жол ауруханасында 120, Махамбет ауданындағы фтизиопульмонология орталықта 150, сондай-ақ, жатақхананың бірінде 200 орындық инфекциялық стационар ашылады» дейді Асхан Байдуәлиев.