• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 13 Шілде, 2021

Білім алып келетін бақыт

1337 рет
көрсетілді

Әл-Фарабидің айтуынша адам бала­сы жаратылысынан қабілетті болады, со­ның арқасында оның әрекеттері, жан аф­фектілері және ақыл-парасаты тиісінше жақ­сы болады немесе жақсы болмай шы­ғады. Осыдан келіп адам не тамаша немесе оң­баған әрекеттерге барады. Мұны туды­ратын күйді ғұлама мінез-құлық деп атай­ды. Мінез-құлықтың дұрыс немесе бұ­рыс қалыптасуы әдеттерге байла­нысты, қайталанған әдеттер мінезге айналады.

Жақсы әдеттермен қалыптасқан мінез құбылмалы болмайды, сәйкесінше жаман әдеттермен қалыптасқан мінез өзгермелі, ауытқымалы келеді. Ал өзгермелі мінез өзгенің мінезіне бейімделгіш, қабылдағыш болып, адамның табансыз әрі тұрақсыз болуына алып келеді. Дұрыс мінез ғана адамды тұлғаға айналдырады. Әлихан Бөкейханның «ұлтқа қызмет ету, білімнен емес, мінезден» деуі, Абайдың да «ортаңа өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» деуі де осы ойды қуат­тайды. Дұрыс мінез-құлық қана адамды шынайы бақытты етеді.

«Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақ­сат. Адам талпынатын қалаулы игілік ретінде мақсаттардың саны көп болғандықтан, бақыт солардың ішіндегі ең пайдалысы», дейді ғұлама. Қадірлі игіліктер белгілі бір мақсатқа жету үшін таңдап алынады. Әл-Фараби бұл үшін білімді мысалға келтіреді. Адамға білім не үшін керек? Неге біз он бір жыл бойы мектепте оқимыз, одан кейін жоғары білім алуға талпынамыз және магистратураға түсуге ұмтыламыз, тіпті барымызды салып докторантураға жетуге де талпыныс жасаймыз. Не үшін? Қоғамнан, әлемнен өз орнымызды табу үшін. Әбу Насыр бабамыз осы жерде мынадай сұрақ қояды: білімді жай ғана білімді болу үшін, білу үшін таңдайсың ба, әлде сол білім арқылы дәулетке, байлыққа жету үшін, мемлекеттік қызметке тұрып, қандай да бір құзіретті қызметтің тұтқа­сын ұстау үшін, тағы да басқа қол жететін бірдеңелер үшін таңдайсың ба?

Шын мәнісінде қазір он бір жылдық білім беру жүйесі – мемлекеттік стандарт. Қоғам­ның әрбір мүшесі тегін білім ала алады және ол білімін қажетінше жетілдіре алады. Жас адам талапты болса, жоғары оқу орнына түсу­ге тырысады немесе колледжге барады, кә­сіптік білім алады. Әрі қарай таңдау өз еркін­де. Магистратураға түсуде де таңдау бар. Бірі­міз – сол оқу орнында алған білімімізді терең­детіп, ғылымның белгілі бір саласында ізден­гіміз келеді. Ал енді біріміз мемлекеттік қыз­метке бару үшін магистратура дипломы қа­жет болғандықтан ғана магистратураға түсеміз.

Демек, ойшыл айтып отырғандай біріміз білімді білім үшін мақсат қыламыз, енді бірі­міз білімді басқа да табыстарға жету үшін мұрат етеміз.

Әл-Фараби осы тұста білім білімді болу үшін таңдап алынса ғана қадірлі болады дейді. Білім алудағы мақсат басқа болса, алған білім толық болмайды. Осыдан шығатыны білімді білім үшін алу, білімді болу үшін алу адамға бақыт сезімін сыйлайды. Сол бақытқа жетіп алғаннан кейін біз басқа мақсатқа талпынуға тіпті де зәру емес екенімізді көретінімізді айтады. Осыдан кейін ғана адамда қанағаттану сезімі пайда болады. Ғұлама осы тұста: «бұл пайымдау әрбір адам бақытты өз түсінігінше бақыт деп білетіндігін көрсетеді. Кейбіреулер бақытты байлық деп есептейді, басқа біреулері тағы да басқа нәрсені бақыт деп біледі» дейді. Сондықтан да әрбір адам өзінің жеткен мақсатын абсолютті бақыт деп таниды екен.

Бұдан шығатын қорытынды: егер жас адам білімді білімді болу үшін таңдаса, ол шын мәнінде білімді және кәсіби білікті маманға айналады. Ал ондай маман ешқашан жерде қалмайды. Оның алдынан даңғыл жол ашылады: мемлекеттік қызметке де бара алады, өз кәсібін де аша алады, не болмаса нақты сол ғылым бағытында зор табысқа жетеді. Ал білімді байлыққа немесе билікке жету үшін ғана таңдайтын адам тіпті соның ең биігіне шыққан күннің өзінде қанағаттану сезімін түйсіне алмайды. Демек, өзі де бақытты бо­ла алмайды. Ал орта жолда біліксіздігінің, тойым­сыздығының кесірінен қызметтен шет­тетілсе, ары қарай жол табуы да қиындық тудырады. Бұл – зұлымдық. Зұлымдық адамның өз әрекетінің бұрыстығынан шығып отыр.

Әл-Фараби бабамыз өнерді де екі түрге бөледі. Бірінің мақсаты – тамаша көркем­дік­ке ие болу, екіншісінің мақсаты – пайдаға ке­нелу. Көркемдікке жетуді мақсат ететін өнер тере­ңірек айтқанда даналық деп аталады, мақ­саты пайда көру болып табылатын өнер­де даналық деген атқа лайықты еш­теңе жоқ екенін айтады. Өнерде де игілік пен зұлым­дықтың тууы өнерді тудырушы адамның ниеті мен мақсатына байланысты.