• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Шілде, 2021

Ақшашақ

640 рет
көрсетілді

1980-1981 жылдары Біржан Сал, Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, міне, осы үш кереметті Көкшетауда зерттеп жүргенімде, бұл елдегі шежіре көкірек зерделі жандар қарт әнші Жаналы Қалиев жөнінде көп әңгімелер айтты. Ал тәңірдің бір сәтті күні Алматыда бұл кісі мені өзі іздеп келіп, біздің үйде жүздестік, таныстық. Тез шүйіркелестік. Көлденең бос сөздер қозғалған жоқ. Дастархан үстінде қилы-қилы әндердің хикаясы шертілді. Соның бірі – Жаяу Мұсаның беймәлім әні «Ақшашақ».

Жаналы 1945 жылдың қысында соғыстан келеді. Сағынысып көріскен ағайын-туыс, дос-жарандарымен сәлемдесіп жүреді. Бір жолы ол Казгородок селосында тұратын жолдасы Махмет Маекенов деген тергеуші жігіттің үйінде сырттай «көрсем бір, шіркін!» деп пейілі кетіп жүретін айтулы әнші (сол кездерде ол кісі Қызылту ауданында сот болып қызмет істейді екен) Тақау Сейітовпен жүздеседі. Көкшенің атышулы әншілерінің көзін көрген ізеті мол Тақау тосырқамай, Жаналыға ілтипатпен ден қояды. Оның әншілігін танып-біліп, әр әнін өбектей сөйлеп, ішке тартып, жылы сезіммен баурайды. Өзі өте сыпа, сабырлы жан еркін шешіліп, екінің бірі біле бермейтін – «Ақшашақ» әнін жарқылдатады бір. Жаналы осы кездесу жөнінде былай деді: «Өзім тыңдаған көрнекті әншілердің ішінде Қали Байжановтан кейін Тақаудай зор үнді әншіні көргем жоқ. Үні қою да жұмсақ, әрі сондай ілкімді. Ол кең тыныс ала көтерілсе мүлде шығандап, асқақтап кетеді екен. Даладай далиып жатқан бір кең тыныс. Арынды, арқалы әнші. Бая­ғы аңызға айналған Біржан салдардың порымын елестетеді. «Ақшашақ» – өте қиын ән. Ол оның құйқылжи төгіліп, адамды әпсәтте рахат сезімге бөлейтін, сөйтіп, жан-дүниені балқытатын қызулы, серпінді, ләззатты, сұлу қайырмасын бір деммен бітіреді. Ғажап! Тіпті қиялың жетпейді. Әуелеп кеткен құсына аңсаулы көңілмен аңырып отырып қалған құсбегі секілді бір тылсым құдірет мүлде есіңді алады. Керемет! «Ақшашақтың» кез келген әншінің ыңғайына көне бермейтін қиын да нәзік иіріміне қайран қалдым. Бұл ән менің көкірегіме бірден қона кетті. Мінезім де тез, заматта әнді шырқап жіберуге еліккенім сондай, іштей қатты тыпыршыдым. Бірақ өзімді-өзім зорға тежедім. Соны байқаған Тақау (жұрттың айтуына қарағанда бір отырыста бір әнді екі айтпайтын сырбаз Тақау, бұл. И.Ж.) «Ақшашақты» екі-үш рет қайталады. Әсіресе, жүректі лүпілдеткен қайырмасына ынтық қып қойды. Ол кісі бір тыныс алған сәтте: «Бұл «Ақшашақ» –Жаяу Мұсаның әні. Өз аузынан үйреніп едім, осы Көкшетауға бір келгенінде. Әншінің қартайған кезі…» деді. Осы күні өкінем, сол жолы бұл әннің мән-жайын бажайлап сұрай алмадым. Уақыты да тар екен. Және дуылдаған жұрт сөз тыңдата ма? Содан бері қанша қыс түсіп, неше көктем шықты. Тақаумен кездескеннен кейін ән сөзін ойда жоқта жоғалтып алдым. Не істерімді білмей, аңырдым да жүрдім. Қанша ұмсынсам да Тақаумен қайта жүздесудің сәті түспеді. «Ақшашақтың» азабы маған айықпайтын құса боп жабысты. Қым-қуыт тірлік әуені әнге мойын бұрғызбады. Бір күні «Тақау дүние салыпты» деген ауыр сөзді естідім. Уақыт өте берді, өте берді. 1984 жылы мен бір шаруаның ретімен Көкшетауда жүр едім, бір үйде жарастықты әңгіме боп, жұрт маған ән салдырды. Сол әңгіменің үстінде бір кісі: «Сіз жоғалтқан «Ақшашақты» білетін бір қарындасыңыз бар. Ол өзі – журналист. «Көкшетау правдасы» газетінде істейді. Тақаудың туған інісі Мағзұмның қызы – Райхан» деді. Қуанып кеттім. Ақыры, тәңір иіп, осы бір зерделі, білікті, ақжарқын қарындаспен кездесіп, «Ақшашақтың» бәз-баяғы сөзін қаз-қалпында жазып алдым. Бір арманым орындалды. Кейін Райханмен хат алысып, хат берісіп, атасы Тақау жөнінде біраз сырға қанықтым. Содан бері Жаяу Мұсаның «Ақшашағын» жиі-жиі айтып, талай жерге аян еттім. Жас әншілерге үйреттім. Бірақ бірде біреуі не концертке шығып, не радиода, теледидарда айтып көрген жоқ. Бұл әнді күні бүгінге дейін өзім өбектеп, өзім әлдилеп айтып жүрмін. «Ақшашақ» енді өз қолыңа тиді, Біржан салдың «Айбозымы», «Он саусағы», Ақан серінің «Шырмауығы», «Ақтоқтының аужары», «Райхан гүлі», Үкілі Ыбырай шығарған «Аңшының әні», «Толқыны» «Қызыл асығы», Мәдидің «Үшқарасы», «Шіркін-айы»… осының бәрі өз зерттеуінде қайта  оянып, даусы күндей күркіреген Қайрат Байбосыновтай құдіреті зор әнші арқылы дүниеге қайта келді. Сол әндердей бағы ашылсын, ал, ал мына «Ақшашақты!», шырқасын сол, Қайрат Байбосынов!

Жаналы маған осылай деді. Ал менің көкейімде тағы бір құпия сыр болатынды. Бұл кісіге кездескенге дейін мен бұл әнді көкшетаулық азамат, әнші Жамбыл Хакімжановтан тыңдаған едім. Ол «Ақшашақты» «Үкілі Ыбырайдың әні болу керек» деп бір дүдамалдау сөз айтқанды. Оны Көкшетаудың көнекөз ескі әншілері теріске шығарды. Осы пікірді Жаналыға жайлап қана сездіріп едім, ол «жоқ, ол бекер сөз!» деп бірден бас шайқады. Кейін 1991 жылдың наурыз айында мен Көкшетауда Райхан Сейітовамен жүздестім. Тақауды сөз еттік. Осы әңгімеден кейін бір күні Жаналы ақсақалдан бір қомақты хат алдым. Тақаудың әндері жазылған магнитопленка! Ішінде Райханның үшбу сәлемі бар. Райхан былай деп жазыпты: «Атам Тақау (Тақауиддин) Сейітов ұзақ жылдар бойы Еңбекшілдер, Қызылту аудандарында жауапты қызметтерде (сот болғанын айтып отыр. И.Ж.) болды. Өлең жазған. Ән шығарған. Иса ақынмен дос еді.1916 жылы Үкілі Ыбырайды (онда атам он алты жасар бозбала) көрген. Үкілі Ыбырай Қызылту жаққа келіп, ән салған. Сонда сұхбат үстінде үлкендер «осы ауылда әнші жігіт бар» деп атамның атын атайды. Үкілі Ыбырай сол жерде атамды шақыртып алады. Өзі «Гәккуінің» бір түрін айтады. Атам оны бірден қағып алып, қайталап айтып береді.

Кейін атам басшы қызметте жүріп, кезінде Жүсіпбек Елебековпен талай рет кездесіп, жақсы сыйласты. Ол кісі атамды әншілік жолға түсуге (әртістікке) шақырған, бірақ атам бармаған. Алматыға барғанда екеуі кездесіп жүреді. Қабиба апай (Жүсіпбектің жұбайы. И. Ж.) білуге тиіс. 1926 жылы Жаяу Мұсамен кездесіп (Жаяу Мұса 1929 жылы қайтыс болған. Жаналының дерегі осы дерекке дәлме-дәл келеді. Әншінің қартайған кезі. И.Ж.), одан «Ақшашақты» үйренген.

Атамның орындауында «Гәкку» мен «Ақшашақ» республикалық радионың алтын қорында болуға тиісті. Іздеу керек. Өйткені, кезінде жазылған! Біз Сейіт тұқымы – Ақсары Керейміз. Оның ішінде Ақсарының баласы Бәйет батырдан тараймыз. Бұл – Біржан салдың күреске түскенде «Бабам Бәйет!» деп аруағына сыйынған бабасы, яғни Біржан сал бізге тоғызыншы атадан қосылады. Мұны айтып отырғаным – Біржан палуан болған! Біздің атамыз Сейіт те, оның інісі Иманғали да палуан! Тақау атам да солай болған. Осының бәрі – әншілігі де, палуандығы да (Біржанның, атамның) арғы бабаларымыздан, өте әріден келе жатқан, әр тұқымнан (әр толқын, әр буын­ды айтып отыр И.Ж.) бір көрініс беріп қалатын ортақ қасиет болу керек».

Қызықты дерек. Мен жүздескен қария сөзді кісілердің көп сөзін тірілткен айғақ бұл. Райхан осы хатымен «Ақшашақ» әні – «Жаяу Мұсаның өз әні!» деген Жа­налының айнымас пікірін нық сеніммен бекіте түсті. Жаяу Мұса мен Тақаудың кездескен кезін дәл көрсетті. Кейін мен Жаналы орындаған «Ақшашақты» магнитопленкаға жазып, оны Қайрат Байбосыновқа бердім. Жаналы Алматыға бір келгенінде Қайратпен кездесті. Қайрат «Ақшашақты» Жаналының өз аузынан тыңдады. Сол кездерде Пушкин кітапханасында сал-серілерге арналған «Кәусар» атты телехабардың бірінде Жаналыны алматылық жұртшылықпен таныстырып, біраз әндер шырқаттым. Соның ішінде жұртты елең еткізгені «Ақшашақ» әні еді. Залда отырған бір қариялар: «Құдай-ай, Жаяу Мұсаның «Ақшашағы» өлмеген екен ғой!» деп рахметті жаудырды. Келе-келе «Ақшашақ» Қайраттың жарқын үнімен эфирден беріле бастады. Қайраттан жас әншілер үйреніп, олар да концерттерге шығып жүрді.

Қайрат Байбосынов Жаяу Мұса­ның елінде әншінің 150 жылдық тойына қатысып, дүйім жұрт алдында «Ақшашақты» орындаған. Сонда көнекөз қариялардан ол бұл әннің иесі Жаяу Мұса екеніне анық көз жеткізген.

Жаяу Мұса Шорман әулетімен айтысып-тартысып жүріп, өз еліне сыймай, әр жерге жылыстаған. Соның бірі – Көкше елі. Мұнда ол Сырымбетте Шыңғыс төрені, Жөкейде Біржан салды сағалаған.

Көкше – Жаяу Мұсаға ерекше ыс­тық, өзін еркелете шалқытқан ел. Ол бұл елді өле-өлгенше аралаған. Сол кездесуінің бірі – Тақаумен кездесуі нәтижесінде «Ақшашақ» әні әйтеуір, Көкше топырағында қалып қойған. Содан кейін үш жылдан соң Жаяу Мұса дүниеден қайтқан.

Бұл қисынды уәжге жан беретін бір тылсым құбылыс – Жаяу Мұса әндерінің стильдік бітімі, өзіне ғана тән әуез өрнегі, оның орындалу мәнері және әсем өрілген сөз кестесі. Кей әндерінің басқа сал-серілерге ұқсамайтын ойнақылығы. Қиял самғауы… осының бәрі Жаяу Мұсаның композиторлық дидарын елден ерек жар­қыратады. Оның, әсіресе, «Таң алдында Шолпан туса», «Киргизский красивай» әндері мен «Ақшашақтың» ырғақ, иірімі бір көкірек, бір демнен шыққан жүрек лебі секілді сондай ашық, шуақты, ерке назды, құлпырып ойнап тұрған бір сәулелі сезім.

Жаяу Мұсаның еңсесін түсірмей, оны дәйім желеп-жебеп, қуат берген ән төресі – «Ақшашақтың» сөзін қараңыз:

Ән салсаң өзімдей сал,

«жаным» деймін,

Бұл әнім Алты-Алашқа мәлім деймін.

Кешегі бес жүз қыздың заманында,

 «Ақшашақ» шырқап салған

әнім деймін!

Ағашы Керекудің селдіреген,

Қалқаның шайкөйлегі желбіреген.

Тұндырған тостағанда

қара шайдай,

Көзіңнен айналайын мөлдіреген!

Бұл ән – Жаяу Мұсаның жастық ша­ғы, махаббат ләззаты, көрген бақыты. Маздап, жалындап жүрген бір алапат жайсаң кезінің куәсі.

«Ақшашақ» – Жамбыл Хакімжанов­тың үнімен құмарлық оты боп қыздырады, аялайды, тәтті түс сияқты тербейді.

«Ақшашақты» Қайрат Байбосынов шырқаса – асқақ романтика!

«Ақшашақ» Жаналы Қалиевтей қар­таң тартқан әншінің қызуы басылмаған лебінде көл-көсір бір сезім шалқуы.

«Ақшашақ» осы үш әншінің кон­цертінде 1990 жылдан бастап, эфирге шықты. Осы үш әншінің үшеуін де кезінде теледидарға түсірдім. Заты асыл ән әр қырынан гауһардай жарқырап, тез тарап кетті.

Ілия ЖАҚАНОВ