Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордада Құрбан айт өткізу талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық іс-шаралар өткізудің шектелуіне орай, биыл қала мешіттерінде мерекелік Айт намазы өткізілмейді. Мұндай шаралар халық арасында коронавирус инфекциясын одан әрі болдырмау үшін қабылданды. Біз күн сайын инфекциялық жағдайдың көптеп тіркелетінін көреміз. Барлық тұрғындарды аса қажеттіліксіз адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырамын», деді спикер Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіндегі брифингте. Сонымен бірге, бас санитар дәрігер араласатын адамдардың қатарын шектеп, үйге кісі шақырмауға және қонаққа бармауға кеңес берді.
«Егер коронавирус инфекциясының өсу динамикасы төмендемесе, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілер тарапынан қатаң санитарлық нормалары сақталмайтын болса, біз локдаунға оралуға мәжбүр боламыз.
Елордадағы эпидемиологиялық жағдай көбіне өзімізге байланысты екенін түсіну маңызды. Сондықтан біз вакциналау арқылы ғана аурудың өсуіне қарсы тұра аламыз.
Вакцинация – ең алдымен, өзіңіз араласатын жақындарыңыз бен жұмыс істейтін адамдар алдындағы, отбасы мен туған-туыс алдындағы жауапкершілік. Тек жаппай вакциналау ғана пандемияны жеңуге және қалыпты өмірге оралуға көмектесетінін ұмытпайық», деді Сархат Бейсенова.