Ұлттық мәдениетіміздің сәулетті ордасы – «Қазақ мемлекеттік циркі» 2020 жылы жарты ғасырлық белеске қадам басты.
Сол елу жылдықты арнайы халықаралық фестивальмен өткіземіз деген жоспарымыз мына дүниежүзілік індеттің кесірінен өз деңгейінде жүзеге аспағаны өкінішті. Дегенмен еліміздің қайталанбас мәдени ошағы, мыңжылдық Алматы шаһарының осынау көрнекті өнер ордасының іргетасын қалап, ғажайып манеж әлемінің пайда болуына, кәсіби цирк ұжымының қалыптасуына зор үлес қосқан, саналы ғұмырын сарп еткен өнер марқасқалары мен ел тұлғаларын келер ұрпақ ұмытпауы тиіс.
Солардың бірі де бірегейі еліміздегі тұңғыш Қазақ мемлекеттік цирк ұжымының іргетасын қалауға белсенді атсалысқан, ұлтын шын сүйген, өнерін ұлықтаған жайсаң – Қазақстанның халық әртісі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, ұлағатты ұстаз Гүлжихан Ғалиеваның туғанына 2017 жылы 100 жыл толды. Қазақ мемлекеттік циркі сол жылы сәуір айында 100 жылдық мерейтойға тарту ретінде манеж өнерінің мұрасын, отандық цирк корифейлерінің жәдігерлерін, өткеннен сыр шертетін естеліктерін жинақтап, елімізде бұрын-соңды болмаған тұңғыш экспозициялық мұражайды ашып, Гүлжиһан Қалиқызына арнайы жеке көрме ұйымдастырды. Көрмеде оның өмірі мен қызметі жайлы деректер, әр кездегі фотосуреттері топтастырылды. Бұл мұражайдың ашылуына өнердегі Гүлжиһан Ғалиеваның көзін көрген ақсақалдар мен зиялы қауым, ұзақ жылдар бойы Қазақстанның Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркінбекұлы ағамыз қатысты.
Заман талабына сай кәсіби цирк өнерінің өмірге келуіне ұйытқы болған Гүлжиһан Ғалиеваның идеясы мен күш-жігері арқасында сол кездегі ҚазКСР ОК-нің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей қолдауымен және Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың пәрменімен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік цирк ғимаратын салу туралы шешім қабылданды. Кәсіби цирк ұжымын құру жолында Гүлжиһан Ғалиева орасан зор еңбек сіңірді. Осы ретте айта кету керек, сол кездері мәдениет саласының жетекшілерінің арасындағы қазақ өнерін өркендетудегі бірлік пен ұйымшылдықтың бастауында атадан балаға қанмен дарыған тектілік жатыр. Өйткені Дінмұхамед Қонаевтың әкесі Ахмет пен Гүлжихан Ғалиеваның әкесі Ғали, би падишасы Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда бір-бірімен өзара аралас-құралас болған, сыйласып өткен. Бала кезден әкелері дос болып әрі бірге ойнап өскен балалар, кейіннен ұлтының ұлы перзенттеріне айналған Гүлжихан, Шара, Димаш та әдемі достық, ізгі сыйластықты өмір бойы арқау етіп, халықтың өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен бала күнгі шынайы достық пен ұлттық өнерге деген ортақ жанашыр көзқарас сол кездері қазақ өнерінің жарқын көкжиегіне, «алтын дәуіріне» даңғыл жол ашты.
1917 жылы 11 қарашада дүниеге келген Гүлжиһан Ғалиева Жетісу өңіріне аты әйгілі Қали Ордабаев деген байдың жалғыз қызы еді. Сұңғыла, кемел ойлы әкесі жалғыз қызына шетелден мұғалім алдыртып еуропаша оқытып, сауат аштырады. Жастайынан ұлттық мәдениеттің уызына жарып, Еуропа мәдениетінің қайнарларына қанып өскен Гүлжиһан мен өнерпаз шәкірттері кейіннен Мәскеудің менмін деген өнер тарландары мен майталмандарын мойындатқан феноменге айналды. Тау тұлғалы Қали Ордабаев кедей-кепшік, жоқ-жітікке әрдайым қолұшын беретін рақымшыл ғазиз жан болған еді. Өз заманының атымтай жомарты атанған Қали байдың қаржысына Алматыда ең алғаш күмбезді мешіт бой көтерді, ағаштан жер үйлер салынды. Қазіргі Мәдениет министрлігінің ескі ғимараты тұрғызылды, Баум бағының көшеттері отырғызылды, Орталық демалыс саябағының іргесі қаланды, сол маңнан оның қолымен аққулары қиқулаған айдын-шалқар көл жасалған. Жұрт аузында Қали байдың соғыс жылдары майданға шынжыр табан танктер сатып алуға 1000 рубль ақша жібергені туралы да айтылып жүр.
Алайда қазақ жұртының игі жақсыларын жалмаған зобалаң жылдар Қали байдың әулетін айналып өтпеді. Қаршадай қыз Гүлжиһан Ленинградта заң институтында оқып жүрген кезінде әкесі Қали мен ағасы Рамазанға «халық жауы» деп нақақтан нақақ жала жабылып, айдалып кете барды. Гүлжиһанның ағасы Рамазан кезінде Орман шаруашылығы министрі, Нарынқол ауданының басшысы болған еді. Әкесі мен ағасы айдалып кеткен соң оқудан шығып қалған Гүлжиһанға Мәскеуде ағасының айнымас досы болған Тұрар Рысқұловтың көп көмегі тиеді. Оның ақыл-кеңесімен, жол сілтеуімен тегін өзгертіп, КСРО астанасындағы ГИТИС жанындағы театр студиясына оқуға түседі. Иә, текті әулеттің ақтамақ қарлығашы қара бұлттай төнген тағдырдың ауыр сынына мойымады, қанатын жазып, қияға самғай берді. 1938 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, қазақ қыздары арасынан Мәскеудегі ГИТИС-ті бітірген тұңғыш көркемсөз оқудың кәсіби маманы атанады. Жас маман алдымен Ташкентте бір-екі жыл жұмыс істеп, кейін Алматыдағы Қазақ драма театрында актриса болып қызмет істейді. 1941-1946 жылдары соғыс кезінде Мәскеуден Алматыға көшкен Орталық біріккен киностудияда актерлер бөлімін басқарды, 1946-1965 жылдары қазақтың Жамбыл атындағы филармониясында конферансье болып, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев шығармаларын шебер орындады, Қазақ радиосының балаларға арналған бағдарламасында аңыз-әңгіме, ертегілер оқып, әуезді дауысымен бүлдіршіндердің жүрегіне жол тапты.
Дәл осы күрделі кезең Гүлжиһан Қалиқызының шығармашылық ізденістеріне серпін беріп, ұлттық өнер жолындағы тынымсыз күрескерлік, көшбасшылық дара қасиеттерінің қалыптасуына алғышарт жасады.
50-60 жылдары кеңестік солақай саясаттың салдарынан қазақтың қара домбырасының күмбірі жоғалып, ұлттық дәстүріміз бен өнеріміздің көмескіленіп, ұлттық сананың мәңгүрттеніп бара жатқаны текті әулеттің жауқазын гүлі – Гүлжиһанды бір орында отырғызбады, күні-түні қазақ өнерінің өзегін сақтап қалуды ойлады, Алаш жұртын ұлттық әуенге ұйытатын, төл өнердің өрісін кеңейтетін ұлы арман жолында аянбауға кірісіп кетті. Кеңестік режімнің қаһарынан қаймықпастан ұлттық намыстың туын биік ұстап, өгейдің күйін кешкен қазақ өнерін тарыдай шашырап жүрген нағыз дарын иелерін бір арнаға топтастырғанда ғана кәсіби негізде дамытуға болатынын түсінді, осы жолда бар күш-жігерін сарп етті. Қазақ даласын шарлап, ұмыт қалған өнердің інжу-маржанын тірнектеп жинады. Дүбәраланып бара жатқан қазақ тілінің жайы да Гүлжиһанды бейжай қалдырмады, «Көркем сөз» деген бөлім ашып, «Көркем сөйлеудің техникасы» атты пәнді енгізді, соның нәтижесінде көркем сөздің көрігі қыза түсті, қоңыр үнді қазақ тілі, әсем қазақ әуені биік мінберлер мен мәртебелі сахналардың төрінен орын алды.
Гүлжиһан Ғалиева – кеңестік ортақ мәдениеттің асау толқынында қазақ өнерінің ақжелкенін адастырмай, батыл сеніммен тура жолға бастады. Оның жүздеген шәкірті қазақтың көркем сөзін безбендеді, тұнық тілін ұштады, әлемнің айтулы сахнасында қазақы әуезді әуелетті, мың бұралған биімен тәнті етті, ұлттық өнердің сан көрмесін қайта жаңғыртты, қызғалдақ қыздарымыздың өрнекті өнерін, бөрі текті жігіттердің отты жігерін шыңдап, күллі әлемге Қазақстан мәдениетінің дүр жауһарларын, кемел құдіретін паш етті.
Ілкі заманнан мирас болған саф өнердің үзігін, төл мәдениеттің сарқытын бүгінге жеткізіп, кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай мен Мұхиттан қалған дәстүрлі ән-күйдің мектебін ашып, кәсіби тұрғыда дамуына көл-көсір еңбек сіңірген Гүлжиһан Ғалиева 1965 жылы республикалық эстрада-цирк студиясының тұсауын кесті, қаншама өнер мұзбалақтарының томағасын сыпырып, талай дүлдүл мен бұлбұлдардың бағын ашты.
Ал 1969 жылы Гүлжиһан Ғалиеваның ұйымдастыруымен «Гүлдер» – республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі құрылды. 1976 жылы Гаванада өткен Дүние жүзілік жастар фестивалінде топ жарып, лауреат атанды, әлемнің әйгілі сахналарында қазақтың ән-би өнерінің құдіретін мойындатты. Қайыңдай тербелген қазақ қыздарының өнерін бүкіл әлем таныды. Қазақтың күміс таңдай әнші, мың бұралған қаракөз аруларының айтұмарындай болған «Гүлдер» ансамблі ешкімге ұқсамайтын, өзгелерге ұлтымыздың ән-би өнерін паш еткен шоқтығы биік, бағы мен бабы келіскен жұлдызды ұжым болды. Қазақ эстрадасының алғашқы қарлығаштары, халықтың ыстық ықыласына бөленген Халық әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер, Меңтай Өтепбергенов, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Айжан Нұрмағамбетова, Бақыт Шадаевалар «Гүлдер» ансамблінен түлеп ұшып, өнердің көгіне қанат қақты. Сонау 60-70 жылдар қазақтың ән-би, цирк өнерінің «алтын ғасыры» десек, бұған бүкіл өмірі мен қажырлы еңбегін арнаған Гүлжиһан Ғалиева сынды шебер ұйымдастырушы менеджер, жанашыр жандардың зор үлес қосқанын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.
Қазақ өнерінің қара қазанын қайнатқан Гүлжиһан Ғалиева 1968-1970 жылдары кәсіби отандық цирк өнері майталмандарының жарқын шоғырын, жаңа тұрпаттағы толқынын қалыптастыра білді. Ол болашақ цирк өнерпаздарын Мәскеу, Саратов қалаларына дайындыққа аттандырды, тіпті кейбір жастарды өз ақшасымен оқытты, тәлім-тәрбие берді. Мәскеудегі Владимир жылқы зауытынан 15 сәйгүлікті өзі мінген пойызға тиеп әкелді. Мәскеуден алтынға да айырбастамайтын нағыз цирк үшін жаралған тұлпарларды әкелу деген ерлікпен пара-пар іс еді. Одан қала берді Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытынан да ауыздығымен алысқан асау арғымақтарды сатып алу үшін үкіметтен 40 мың рубль бөлгізді. Бұл сол кез үшін қыруар ақша еді.
Осылайша, 1970 жылы Қазақ мемлекеттік циркінің кәсіби ұлттық өнер ұжымы Қазақ КСР-нің Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның жетекшілігімен ұйымдастырылды. Алматы қаласындағы эстрадалық цирк студиясының алғашқы әртістері бірінші қойылымын Ресейдің Саратов қаласындағы цирк манежінде қазақтың ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашты. 1970 жылдың 24 шілдесіндегі осы қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні ретінде тарихта қалды. Қойылымның режиссері РФ-ның еңбек сіңірген қайраткері Г.Перкун, сценарийін жазған Ю.Благов, көркемдеп безендіру жұмыстарын жүргізген өнерге еңбегі сіңген қайраткер суретші А.Фальковский мен Е.Кирик, музыкасын КСРО халық әртісі Н.Тілендиев, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткерлері Л.Хамиди, А.Ботбаев, М.Моллер жазды. Дайындық жаттығуларын педагог-режисерлар, ұстаз-жаттықтырушылар В.Ревякин, Г.Тоқаев, А.Соколов, Ю.Кацуба, А.Гутовскийлар жасады. Хореография сабағын – А.Габаева мен А.Боцановский, грим сабағын – Г.Дыбов жүргізді, акробаттарды тәжірибелі спорт жаттықтырушысы Г.Корнев дайындады. Қазақ циркінің алғашқы құрамының негізін қалаған әртістер Алматы республикалық эстрада цирк студиясы мен мемлекеттік эстрада цирк училищесінің (ГУЦЭИ Москва қ.) түлектері болатын.
1970 жылдың тамыз айында қазақ цирк ұжымының алғашқы тұсаукесер қойылымы Спорт сарайында өтті. Содан бастап Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері Кеңес Одағы бойынша гастрольдік сапарға аттанып, көрермендер тарапынан әрқашанда жоғары бағаға ие болды. Аз уақыт аралығында талайды таңдай қақтырған цирк ұжымы 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «киіз үй» ғимаратына көшті. Цирк кешенінің жобасын іске асырған бас сәулетші В.З.Кацев, бас инженері С.Б.Матвеев еді. Сол жылдың 10 маусымында ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай, жаңа цирк ғимаратының ашылу салтанатында Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін «Ғажайыптар жері» бағдарламасы көрсетілді. Бұл тарихи қойылым қазақ цирк өнерінің қалыптасуының негізін қалады. Бағдарламаның қоюшы режиссері КСРО халық әртісі В.В.Головко болды. «Ғажайыптар жері» бағдарламасы 1976 жылы құрылып 6 новелладан тұратын, ұлттық бояуына қанық еліміздің жетістігіне арналған болатын: «Эпос», «Жердің гүлі», «Дала», «Медеу», «Байқоңыр» және «Керуеннің аялдауы» атты қойылымдардың сценарийін ақын О.Сүлейменов пен О.Левицкий бірлесіп жазды. «Дала қызғалдақтары» цирк ансамблінің алғашқы жеке дауыстағы әншісі Н.Есқалиева болды. Бүкілодақтық цирк өнері байқауында осы бағдарламамен Қазақ циркі I орынды жеңіп алды. Шымылдығы ашылған күннен бастап «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойыны», «Жер жәннаты», «Байқоңыр», «Атамекен», «Түйелер мен аюлар» сынды қойылымдар қойған Қазақ циркі көрермен көңілінен шыға білді.
1978 және 1982 жылдары Бүкілодақтық цирк байқауында жеңімпаз атанды. Бүкілодақтық ұлттық цирк өнері байқауларында 10 жыл бойы КСРО-дағы цирк ұжымдарының ішіндегі ең үздік ұжым болып танылған. Қазақ циркінің әртістері кезінде әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астынан өту» дейтін рекордтық трюкті жасағаны жұртшылықтың жадында. Монте Карло сынды әлемнің ең әйгілі аренасында жұлдызы жарқырап жүрген Қазақ циркінің алдында Қазақ елі ғана емес, әлем бас иетін еді.
1980 жылы цирк өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін Қазақ циркіне «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұжымы» атағы берілді. Қазақ циркінің шығармашылық өрлеуі мен зор жетістіктеріне мәдениет жанашыры Гүлжиһан Ғалиқызының қосқан үлесі қомақты. Бүгінде Қазақ мемлекеттік циркі әртүрлі жанрда өз мектебін қалыптастырған киелі өнер ордасына айналды. Тіпті ондаған жылдар бойы көрерменге жаймашуақ күлкі сыйлаған «Тамаша» ойын-сауық отауының пайда болуына да Гүлжиһан апамыздың себепкер болғанын көпшілік біле бермейді.
Сәулелі ғұмыр кешіп, сәулетті өнер ошақтарының негізін салған, ұлт өнерінің алтын бесігін тербеткен алып жүрек иесі Гүлжиһан Қалиқызының бойындағы ең асыл қасиет – өз ұлтын, өз жұртының бай мәдениетін шексіз сүйгендігі дер едік, ұлттық өнерді тәңіріндей құрметтеп, жаңа сарындағы жанрлардың өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген, нағыз қамқоршысы, шын жанашыры болды.
Гүлжиһан Ғалиева – 1965 жылы республикалық эстрада-цирк студиясын ашты, оған 20 жылдай басшылық етті. 1969 жылы аты аңызға айналған «Гүлдер» республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблінің уығын шаншып, шаңырағын көтерді, 1970 жылы тұңғыш Қазақ циркінің іргетасын қалады. Гүлжиһан апамыздың төл перзентіндей болған осы үш өнер ордасының әрқайсысы бүгінде қазақтың маңдайына біткен киелі қарашаңыраққа айналды. Айналдырған 5-6 жыл мерзім ішінде осынау өнер ошақтарын құру Гүлжиһан Қалиқызының ерен еңбегінің жемісі, тағдырдың сыйы, күллі қазақтың бағы. Олай болса, қазақ өнерін өркендетуді өмірлік парызы еткен, маңдай тері сіңген Гүлжиһан Ғалиеваға қазақ өнері, оның ішінде қарашаңырақ Қазақ мемлекеттік циркінің әрбір кірпіші, одан түлеп ұшқан, тәлім-тәрбиесін көрген сайыпқыран шәкірттері қарыздар деп санаймын.
Сондықтан ұлылардың есімін мәңгілік ету мақсатында өзге өркениетті елдердің игі дәстүрімен (мәселен, Ресейде Никулин атындағы Мәскеу циркі, Олег Попов атындағы Самара мемлекеттік циркі, ағайынды Никитиндер атындағы Саратов циркі, Б.Н.Тезиков атындағы Симферополь мемлекеттік циркі, Дуров атындағы Воронеж мемлекеттік циркі, В.И.Филатов атындағы Екатеринбург циркі бар) Қазақ мемлекеттік циркіне Гүлжиһан Ғалиеваның есімін беруді қанша уақыттан бері ұсынып келеміз. Өйткені мәңгілік елдің тұғыры жасампаз тұлғаларымен, айтулы есімдермен асқақтай бермек. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».
Қорыта айтқанда, 60-70 жылдардағы қазақ өнерінің «алтын дәуірінің», рухани ренессансының көш басында Д.Қонаев, Ілияс Омаровтармен бірге Гүлжиһан Ғалиева сынды ұлтым деп соққан тұлғалар тұрды десек артық айтқандық емес. 2010 жылы Алматы қаласының «Өжет» ықшам ауданындағы бір көшеге Гүлжиһан есімі берілді, дегенмен ұлтын сүйген ұлы жүрек иесінің алдындағы перзенттік парызымыз толық өтелген жоқ. Мәңгілік ел тұғырын биіктететеміз десек, қазақтың кәсіби цирк өнерінің негізін қалап, қара нардай өрге сүйреген Гүлжиһан Ғалиеваның есімі ел жадында мәңгі сақталуы тиіс деп санаймыз.
Нұрбақыт БӨКЕБАЕВ,
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, мәдениеттанушы