ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов маңызды әлемдік деңгейдегі жарыстарда Қазақстан оқушыларының жетістіктері жайлы айтып берді. Бұл туралы ведомоство басшысы Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір бүкіл әлемнің әрі еліміздің назары Токиодағы Олимпиада ойындарында. Біз Қазақстан құрамасына жанкүйерміз. Бұл постта еліміздің басқа да маңызды әлемдік деңгейдегі жарыстарда – математика мен биологиядан халықаралық олимпиадалардағы оқушылардың жетістіктерімен бөліскім келеді», деп атап өтті министр.
Асхат Аймағамбетовтың айтуы бойынша, жыл басынан бері еліміздің оқушылары халықаралық олимпиадаларда 200-ден астам медаль жеңіп алып, өз білімдерінің жоғары деңгейін көрсетті.
«Математика пәні бойынша олимпиадада біздің оқушылар алты медаль жеңіп алды, оның ішінде бір алтын, 3 күміс және 2 қола бар. Еліміздің атынан әлемдік деңгейдегі олимпиадаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Атырау қаласынан алты оқушы қатысты. Алтын медаль иегері – Мырзатай Айбек, күміс медаль иегерлері – Дүйсенбеков Данат, Сатубалдин Таир, Сам Фетуллах, қола медаль иегерлері – Олжабаев Асылбек және Баймурзин Рахим. Биология пәні бойынша олимпиадада ел намысын Нұр-сұлтан, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларынан 4 оқушы қорғады. Олар 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ 1 Құрмет грамотасын ұлттық құраманың қоржынына салды. Күміс медальді Темірбеков Ерасыл, қоланы Батыржанов Ернар мен Ерназаров Бақдәулет, Құрмет грамотасын Әбдуәлі Гүлдана жеңіп алды», деп жазды министр оқушылардың жетістіктерін атап өтіп.
«Болашақта биік белестерді бағындыруды тілеймін! Біз өз тарапымыздан қазақстандық оқушылар өздерін күллі әлемге таныта отырып, халықаралық байқауларда бұдан да үздік нәтижелер көрсетуі үшін жағдай жасауды жалғастырамыз», деп жазды Асхат Аймағамбетов өз жазбасында.