Елімізде «Цифрлы Қазақстан» және «Еуразиялық одақтың негізгі бағыттарын 2025 жылға дейін цифрландыру» мемлекеттік бағдарламалары қабылданған болатын. Оның «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сияқты бағыттары бар. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттің экономикалық дамуын жеделдету және цифрлы технологиялар есебінен халықтың өмірін жақсарту, цифрлы экономиканы құруға жағдай жасау.
Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда цифрлы жобаларға 200 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталмақ. Аталған қаржы ауыл шаруашылығын цифрландыруға, IT-жобаларға, цифрлы технологияны дамытуға және облыстардағы орталықтардың инфрақұрылымына, сондай-ақ телекоммуникация, аэроғарыш және электронды өнеркәсіп саласына инвестиция салуға жұмсалмақ. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында келесі жылы 33 іс-шараға республикалық бюджеттен 20,9 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Цифрлы экономика – бұл сандық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға негізделген экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастар жүйесі. Бүгінгі күні цифрлы экономиканың қажеттілігі және оған деген сұраныс артуда. Себебі шұғыл өзгеретін нарықта инновация тез бейімделеді және әлемдік интеграцияға оңтайлана кіре алады. Сондықтан қазір ұлттық экономика салаларындағы кәсіпорындар Дүниежүзілік сауда ұйымының қатаң талаптарына сәйкес келетін, бәсекеге қабілетті заманауи өнімді шығаруға талпынып келеді.
Экономиканы цифландырудың екі жағы бар: бір жағынан, бұл өндіріс құрылымында және жалпы экономикада қоғамдағы сапалы өзгерістер түріндегі ықтимал тәуекелдерді тудырады, шығындарды азайту үшін тиімді шаралар қабылдауды талап етеді. Екінші жағынан цифрландыру үдерісі прогрессивті мүмкіндіктерге негізделген тәуекелдерді азайту тетіктерін ұсынады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға ғана емес, сандық технологияларды қолдануға негізделген әлеуметтік мінез-құлықтың жаңа нормаларының қалыптасуына ықпал етеді. Мұның бәрі қоғамның цифрлы трансформациясы үшін маңызды.
Көптеген елде цифрлы технологияларды тиімді пайдалануға және сенімді ақпаратпен алмасуға қажет инфрақұрылым қалыптасқан. COVID-19 індетімен күресуде 3D арқылы басып шығару, дезинфекциялық роботтар және интернет-дүкендер кеңінен өріс алған. Әлемдік экономикада цифрлы технологиялардың кең таралуының басты себебі әлеуметтік дамудың траекторияларымен байланысты. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Франция сынды дамыған елдерде базалық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды құрудан бастап, цифрлы технологияларды кеңінен енгізуді қолдау бағдарламалары бар.
Ал Қазақстанда цифландыру жүйесі елімізде біркелкі емес. Шағын және орта бизнес саласында да осы жағынан ала құлалық бар. Бұл мәселе өсу деңгейін тежеп қана қоймайды, сонымен қатар жақын арада цифрлы алшақтыққа алып келуі мүмкін.
Жалпы, Қазақстандағы цифрландырудың көлемі мен сапасы қандай екенін коронавирус дағдарысы анық байқатты. Елімізде электронды цифрлық қолтаңбаларды оңтайлы тіркеу және әлеуметтік төлемдерді беруді ұйымдастыруға мемлекеттік қызметтердің мүмкіндігі жеткілікті болды. Бірақ эпидемияға қарсы шараларды әзірлеу және тұрғындардың мәліметтерді пайдалануы жеткіліксіз болып шықты. Әсіресе білім саласында мектеп (7646 мектепте 3,4 млн оқушы), колледж (700 астам колледж), университет (129 жоғары оқу орыны – 604,3 мың студент) деңгейінде білім алушылардың қашықтан оқу үрдісіне көшірілуі білім саласын цифрландыруда көптеген күрделі мәселе бар екенін көрсетті: көптеген елді мекен интернетпен қамтылмаған, байланыс нашар, желі дұрыс ұстамайды, компьютерлер жетіспейді, қысқасы, ел телекоммуникациялық инфрақұрылымын цифландыруға дайын болмады.
Дегенмен де алға ілгерушілік жоқ емес. Айталық, еліміздегі екінші деңгейлі банктер төтенше жағдай кезінде және әлеуметке үздіксіз қызмет көрсетуге ұмтылып, операциялық ортаның өзгеруіне және ішкі процестердің өркендеуіне жедел ден қойды. Қысқа мерзім ішінде клиенттерге бірқатар жаңа қызметті ұсына алды, оның ішінде тауарлар мен қызметтерге қашықтан төлем жасау мүмкіндіктерін кеңейте отырып, көптеген қызметті онлайн жеткізуді іске қосты. Төлем арналарының кеңеюі өз кезегінде онлайн-сақтандыруға жол ашты, бөлшек сауда тауарларының түрлерін көбейтті және бағалы қағаздар нарығында оң өзгерістерге әкелді. Тұтастай алғанда, қаржы секторы өзін жақсы серіктес ретінде тағы да дәлелдеді. Сондай-ақ бұл жерде клиенттердің қашықтан қаржылық қызметтерге деген сұранысының өсуі технологиялық компаниялардың осы сегментке деген қызығушылығын арттырғанын атап өткен жөн. Тұрғындар үшін бұл – қолайлы жағдай. Өйткені бәсекелестіктің артуы қызметтердің сапасын арттырады, қызметтердің құнын төмендетеді. Бірақ банктер үшін бұл екі еселенген қосымша қаржы жұмсау болса да олар қызмет көрсету сапасын жақсартуға ұмтыла беруге тиіс.
Жүргізілген зерттеулер Қазақстандағы цифрлы экономиканы статистикалық өлшеудің болашақ бағыттарын анықтап берді. Олар: цифрлы экономиканы дамытуға арналған шығындар; цифрлы технологияларды құру және тарату, оның ішінде цифрлы технологиялар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер; зияткерлік меншік құқығын қорғау және сандық технологиялар трансферті; цифрлы технологиялармен байланысты инновациялар; сандық инженерия; цифрлы технологиялар мен онымен байланысты тауарлар мен қызметтердің экспорты; сандық ортаға сенім (киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау); цифрлы теңдік және оған халықтың әлеуметтік қорғалмаған (осал) топтарын қосу (мүгедектер, шалғай жерлерде тұратындар, зейнеткерлер) т.б.
Қазақстанда ұлттық экономика салаларын цифрландыру бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру мүмкіндігіне жол ашады. Жетілдірілген заманауи технологиялар компанияның бизнес-процестеріне, құндылықты қалыптастыруға айтарлықтай түзетулер енгізеді және бәсекелестік артықшылығына айналатыны сөзсіз.
Еліміздегі шағын және орта бизнес субьектілері орнықты даму мақсаттарына жету үшін цифрлы технологияларды қолдану мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері мемлекетпен табысты ынтымақтаса отырып, цифрлы дамуға байланысты бірлескен іс-шараларды көбейткен жөн.
Ұлттық экономика салаларын цифрландыру еліміздің тұрақты дамуының бөлінбес бөлшегі. Цифрландырудың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі бағыттары: техникалық және технологиялық жетілдіру, экономикалық өсу және адам әлеуеті. Қазақстанның ұлттық экономика салаларын одан әрі цифрландырудың тетіктерін жетілдіре отырып, дамыту экономикамыздың тұрақты дамуына және әлемнің дамыған елдерімен интеграциялануға оң ықпал етеді.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор
Алматы