• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2021

Сенаторлар Алматы облысы Қапал ауылының тұрғындарымен кездесті

432 рет
көрсетілді

Сенаторлар Бақытжан Жұмағұлов пен Ләззат Сүлеймен Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қапал ауылына барған сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттар 1984 жылы салынған емхананың жұмысымен де танысты. Дәрігерлер ұжымымен кездесуде ауылда дәрігер мамандардың аздығы, атап айтқанда акушер-гинеколог пен хирург мамандарының жетіспейтіндігі және «Жедел жәрдем» көліктерінің ескіргендігі айтылды.

Сенаторлар мәселелердің шешімі табылатынын және облыс басшылығымен бірлесіп «Жедел жәрдем» көліктерін жаңалауды қолға алатындарын атап өтті. Сондай-ақ емхана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтетін нысандар тізіміне енгізілгенін, сондықтан дәрігер тапшылығын жою мәселесіне айрықша назар аудару керек екені айтылды.

Депутаттар сонымен қатар ауылдағы атақты Тамшыбұлақты көріктендіру жоспарымен, тарихи жәдігер – Шаяхмет бай үйіне жүргізілген реставрациялық жұмыстармен танысты. Осы үйде Қапалдың өлкетану музейін ұйымдастыру жоспары туралы айтылды. Сенаторлар бұл бағытта қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Қапал – құнды тарихи жәдігерлер көп сақталған жер. Сондықтан, бұл мекенде болашақта туризмді дамытуға, оны төл тарихымызды танытатын елді мекендердің біріне айналдыруға күш салуымыз қажет», деді Бақытжан Жұмағұлов.

Депутаттар Ғали Орманов мектебіндегі оқушылардың жазғы лагерінде де болды. Онда Бақытжан Жұмағұлов білім саласына қатысты қабылданған заңдар туралы, мемлекет тарапынан ұстаздар мен оқушыларға жасалып жатқан жағдайлар туралы айтты.

Сапар барысында сенаторлар халықпен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Аталған кездесуде Қапал ауылындағы жер қатынастарын реттеу, жайылыммен қамтамасыз ету, ветеринарлық пункт ашу, ауылды абаттандыру және жолдарды жөндеу мәселелері көтерілді. Бұл мәселелердің барлығы сенаторларлардың бақылауына алынды.

«Мемлекеттік басқарудың ашықтығына, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын шешуде елеулі нәтижеге қол жеткізуде билік пен қоғам арасындағы сенімді диалог орнату, биліктің халыққа барынша жақын болуы аса маңызды», деді сенатор Ләззат Сүлеймен.