Қазақстанда қай саланың да жалақысы жарып тұрмағаны белгілі. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жұмысшыларының еңбекақысы елдегі орташа айлықтан екі есе төмен болып шықты.
Energyprom мәліметінше, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында еңбек қылатын кәсіпорындар саны 8 жыл қатарынан көбейіп отыр екен. Әрине, бұл – әрі таңғаларлық, әрі қуанарлық құбылыс. Биыл ондай кәсіпорындар саны 15,3 мыңға жеткен. Онда жұмыс істейтін адам саны 69 мыңнан асады. Бұл – бірінші тоқсанның соңындағы көрсеткіш. Олардың көбі, 56 мыңнан аса адам негізінен өсімдік және мал шаруашылығы, аңшылық және қызмет көрсету саласында кәсіп етіп, күн көреді екен. Тағы 2 мыңдай адам орман және ағаш кесудің айналасында маңдай терін төгіп жүр. Ауыл шаруашылығының мамандары әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында көп. Ал осы саладағы орташа жалақы бірінші тоқсанда 116,1 мың теңгені құраған. Бұл елдегі орташа жалақы көрсеткішінен екі есе төмен.
«Қазақстан Республикасында соңғы жылда жалақы 15,2 пайызға өсті, ал ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы жалақы небәрі 10,4 пайызға ғана көбейді. Бұл саладағы жалақының сатып алу қабілетінің өсімі 2,9 пайызды құраған. Оның өзінде сатып алу қабілетінің өсімі тек қана өсімдік және мал шаруашылығы саласында ғана байқалып отыр. Ауыл шаруашылығындағы ең жоғарғы орташа айлық жалақы орман және ағаш кесу саласында байқалады – 127,3 мың теңге», деп жазады Energyprom.
Өсімдік және мал шаруашылығында, аңшылық пен қызмет көрсету салаларындағы азаматтар орташа мәнде 115,9 мың теңге алса, балық және аквамәдениет саласында еңбек етушілер 81,1 мың теңгені қанағат тұтады.
Дәл қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығы – күйреудің аз-ақ алдында тұрған, елеулі көмек пен қолдауды қажет ететін сала. Үкімет сөзіне сенсек, салаға қаржы жетудей-ақ жетіп жатыр. Нақтылағанда – инвестиция. 2021-дің қаңтар-мамырында саланың негізгі капиталына келген инвестиция 213,8 млрд теңгені құраған. Finprom дерегінше, бұл былтырмен салыстырғанда 47 пайызға көп. Осы айдың басында Премьер-Министр Асқар Мамин де шаруашылықтарға ірі көлемде қаржы берілетінін баса айтқан.
«Биыл ауыл шаруашылығына 700 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Тамақ өнімдері өндірісіне берілетін инвестиция да 18,8 пайызға артып, 124 млрд теңгеге жетеді. Қазір жалпы сомасы 335 млрд теңге болатын 285 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Аталған шара 8,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деген еді Үкімет басшысы.
Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдаудың тағы бір тетігі ретінде ауыл шаруашылығын қолдау қаржылық қорын құрған еді. Қор директоры Әмірхан Смаилұлының айтуынша, қор мал шаруашылығын дамыту үшін 16 пайызбен 30 млн теңге несие береді. Qoldau.kz бағдарламасы арқылы сыйақы ставкасын арзандату мақсатында субсидия рәсімдеуге болады. Сонда 10 пайызы субсидия есебінен қайтарылады да, шаруашылық иесі 6 пайызды ғана төлеуге мүмкіндік алады.
Қазақстанның кең-байтақ даласы, ежелден аңшылық пен малшылыққа деген икемділігі, өсімдік пен дала табиғатының қыр-сырын меңгергендігі – ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті факторлар. Десе де даму үшін бұл факторлар аздық етері сөзсіз. Мемлекеттің тиімді қолдауы қажет. Сала қашан аяғынан тік тұрып кеткенше.