• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Тамыз, 2021

Тәжікстан әскерін тік тұрғызды

733 рет
көрсетілді

Өткен аптада Тәжікстан 30 жылдық тарихында болмаған әскери дабылмен 100 мың тұрақты және 130 мың запастағы сарбаздарын аяқтарынан тік тұрғызды. Үш мыңға жуық техника тартылған бұл іс-шара шартты түрде «Шекара – 2021» деп аталып, бір күнде аяқталды. 

Ел президенті Эмомали Рах­мон­ның тікелей тапсырмасымен қа­ғылған дабылға себеп жоқ емес. Көр­шілес Ауғанстандағы жағдай күн­нен-күнге шиеленісіп барады. Қа­зірдің өзінде «Талибан» қоз­ға­­лысы елдің 85 пайызын басып ал­­ған. Тәжік-ауған шекарасының ұзын­­дығы 1400 шақырым болса, бү­гін­де оның 900 шақырымын тали­бандар өз бақылауында ұстап отыр.

22 шілде күні таңғы сағат төртте берілген дабылға тәжік би­лігі тыңғылықты дайындал­ған­дай. Гарнизондар мен казармаларға бейнекамералар орнатылып, БАҚ өкілдері де жаппай тартылған. Әскери бөлімдерден сап түзеп шыққан тәжік әскерлерінің униформасы жаңа екенін байқауға болады. Әскердің артиллериядан бастап, авиацияға дейінгі түрін түгел қамтыған дабыл барысында сарбаздардың бастапқы мар­шруты белгілі болғанымен, соңғы нүктесі белгісіз күйінде қалды.

Халықаралық Global Firepower компаниясының осы жылдың басында түзген рейтингтеріне сүйенсек, тәжік армиясы күш-қуаты жөнінен тізімдегі 138 елдің арасында 99-орында тұр. Рей­тингтегі ашық дереккөздерге сү­йенсек, тәжік әскерінің сапын­да бүгінде 20 тікұшақ, 253 танк, 400 бронетранспортер, 80 гауби­ца мен 125 ракеталық проек­тор бар. Теңізге шығар жол болма­ған­дықтан, республикада әскери-теңіз күштері құрылмаған. Global Firepower жазуынша, Душанбе өткен жылы әскери бюджетке 79 млн доллар қаржы бөлген.

Аталған әлемдік тізімде Қазақстан 62-орында тұр. Ха­лықаралық рейтингке сүйенсек һәм сенсек, Орталық Азиядағы ең әскері мықты мемлекет бүгінде Өзбекстан көрінеді. 51-орынға жайғасқан көрші елдің жылдық әскери шығыны өткен жылы 5 млрд долларға жеткен. 50 мың тұрақты әскерді ұстау үшін.

Тамыз айында Ауғанстанмен шекаралас Термез қаласының маңында ресейлік әскерилермен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіз­гелі жатқан Өзбекстан дайын­дықты қазірден бастап кеткендей. 27 шілде күні Ресейдің Самара облысына қарасты Рощинский полигонында БТР-82А маркалы бронетранспортермен сулы кедер­гілерді бағындыру бойынша жаттығу өткізген әскерилер, 1-10 тамыз аралығында өтетін жат­тығуға қызу дайындалу үстінде.

Өзбекстанның Сурхандария об­лысында өтетін әскери жат­тығуға екі елдің 1500 әскері мен 200-ге жуық авиация күші қатысуы мүмкін. «Термез» полигонында өтуге тиіс жаттығудың басты маңызы – оның Ауғанстанмен шекаралас жатуында. Әрине, мұның астарында «Талибан» қоз­ға­лысына бағытталған әскери сұс­тың жатқаны анық. Қыр­ғыз­­станның «Кант» әуе базасы­нан ұшып шығып, әуеден қол­дау көрсететін ресейлік Су-25СМ турбреактивті жойғыш ұшақтарының да жаттығуға тартылуы осыған дәлел секілді.

Одан бөлек Қазақстанда өткен айда Тәжікстанға қарулы көмек беру туралы шешім қабылдан­ды. Осы күндері аталған көмек Тәжікстанның оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында «Рохати» темір жол бекетіне жеткізілуі керек. Жеткізілген әскери көмек тек ауған-тәжік шекарасын қорғауға жұмсалуға тиіс. Бұл Қазақстанның тәжік елінің тыныштығы үшін берген алғашқы көмегі емес.

Бұған дейін адам шығыны орын алған жағдай да болған. Өт­кен тарихқа көз жүгіртсек, 1993-1999 жылдар аралығында еліміздің ішкі әскерінің 2 мыңнан астам сарбазы тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысқан. Тау шатқалдарының бірінде болған қарулы қақтығыс­та 17 отандасымыз қаза тауып, 33-і ауыр жара­ланған. Қазақ жауын­гер­лерінің ерлігі еленіп, 2007 жылы Душанбеде арнайы монумент орнатылған. Бұл ес­керткішті біз де көрдік. Тыныш­тық сақшы­лары­ның жатжұрттағы мүлгіген парктегі тасқа қашалған есімдері адамға өзгеше әсер етеді.

5-10 тамыз аралығында Тәжік­станның Хатлон облысындағы «Харб-Майдон» полигонында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан әс­керилерінің бірлескен тағы бір оқу-жаттығу жиыны өтуге тиіс. Радиациялық, химия-био­логиялық қорғаныс әскери­лерінен бөлек, 201-ші ресейлік әскери базаның Душанбе мен Бох­тарда (2018 жылға дейінгі атауы – Қорғантөбе) орналас­қан артиллериялық күші жұмыл­ды­рылған жаттығуға, негізінен, Ресей­дің таулы мотоатқыштар және танк бөлімшелері қатысады.

Тәжік-ауған шекарасынан 20 шақырым ғана қашықтықта орналасқан тәжікстандық әскери поли­гонда шекараны заңсыз ке­сіп өтетін қарулы топтармен шай­­қас тәсілдері пысықталады. 1500-ге жуық әскер мен 300-ге тар­­та техника қатысатын атал­ған жаттығу жиынының Ауған­стан­мен шекара түбінде өтуіне «Тали­бан» қозғалысының қалай жауап беретіні де күн тәртібінде тұр.

Қазір Ауғанстанның 85 пайыз­ға жуығын жаулап алды деп мәлім­делген қозғалыс өкілдері – Мәс­кеуге келген сапарларында Ор­талық Азия елдерінің шекара­­лары мен елдегі шетелдік өкіл­дік­тер­ге тиіспеуге уәде берген. Ауған­стандағы этностық азшы­лық­тардың мәселелеріне тең қарап, әйелдердің де құқығын ауғандық дәстүр мен исламның қағидаттарына орай қарастырамыз деген «Талибан» қозғалысына Қазақстанда Жоғарғы соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шеші­міне орай тыйым салынған.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Орталық Азия бойынша шолушы