Өскемен қаласында үй сатып аламын деп алаяқтың құрбаны атанған әйел ірі көлемдегі ақшасынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үлбі полиция бөліміне 52 жастағы азаматша жүгінген. Өз сөзінде ол үй сататындығын айтқан алаяққа 4 289 000 теңге бергендігін жеткізді.
«Әйел пәтер сатылатындығы туралы жарнаманы көріп, сонда жазылған нөмірге қоңырау шалған. Үйді ұнатқан соң, ойына еш секем келмей алғашқы жарна ретінде аталған соманы бере салды. Ақшаны қолға түсірген алаяқ оған құжаттарды ресімдеу үшін бірнеше ай күте тұру керектігін айтқан», дейді басқарма бастығы Андрей Мула.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері 31 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.