• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Тамыз, 2021

Аманкелді батырдың портреті қалай салынды?

1206 рет
көрсетілді

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 105 жыл толып отыр. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақа­ласында «Бостандық бізге оңай­лықпен келген жоқ. Ата-баба­ларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубет­терді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақ­тан-ұрпаққа берілуге тиіс» дегеніндей өткен ғасыр басында азаттық жо­лында атқа қонған аталарымыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс.

Осы орайда айтпағымыз, Торғай өңірінде өрістеген ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшыларының бірі Аманкелді Иманов жайлы болмақ. Батырдың жо­рық жолдары мен саяси іс-әрекеті жай­лы бұған дейін көп зерттелді. Бірақ кө­теріліс көшбасшысының суреті сақ­­талмағандықтан осы олқылықтың ор­­нын толтыру мақсатында атақты су­­­ретші Әбілхан Қастеев көп жыл ең­бек­­те­ніп, батырдың портретін салып шықты.

Аталған оқиғаға басты себеп – 1936 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 20 жыл­дық мерекесіне орай халық батыры Аманкелді Имановтың портретін жасау туралы үкімет бастама көтереді. Осы жылдары қазақ кино өнерінің тұңғыш туындысы «Аманкелді» атты көркем фильм түсірілді. Осылай Аман­келді батыр образы заманауи тұрғыдан саяси идеологияның қаһарманына айналды.

Оның сыртында КСРО басшы­сы И.Сталин арнайы тапсырма бе­ріп халықты патриоттық рухқа тәрбие­лейтін қаһармандар тізімін жасатқан. Осы тізімге енген тұлғаларды дәріптеу бұқаралық сипатқа айналған. Бұл тізім­де қазақ халқы атынан Аманкелді Има­нов болған. Міне, осыдан кейін Ке­ңес өкіметінің болашағы үшін күрес­кен тұлғаның ескерусіз қалғаны жа­распайды. Халықтың алдына ұстай­тын батырдың көркем бейнесі керек. Кеңес өкіметін орнату жолында құр­бан болған ерлерді елі осылай есте сақтайды...

Осындай саяси науқан қызған тұста суретші Әбілхан Қастеев Мәскеудегі көркем сурет студиясында білім алып жүрген. Осы оқу орнын 1937 жылы біті­ріп келіп, 1939 жылдан бастап Әбіл­хан аға Аманкелді батырдың порт­ретін салу ісіне кіріскен.

* * *

Халық батыры Аманкелді Има­нов­тың артында ешқандай сурет сақ­тал­мағаны жайлы жоғарыда айтып өт­тік. Ендеше, өзін көрмеген адамның суре­тін қалай салады? Сол себепті 1936 жылы берілген үкімет тапсырмасы үш жылға кешеуілдеген. 1939 жылы үкімет Қазақстан Суретшілер одағына екінші рет міндет жүктелген. Өнертанушы А.Плахотнаяның есте­лі­гінде, Аманкелді Имановтың портретін салуға 14 суретші таңдалғанын айтады. Со­ның бірі – Әбілхан Қастеев.

Аманкелді батырдың портретін салу үшін Әбілхан аға 1939 жылы Тор­ғай өңіріне аттанады. Ондағы мақсаты – батырдың көзін көрген сарбаздарымен әңгімелесіп, батырға ұқсайды-ау деген адамдардың бейнесін салу, әрі туған-туыстарымен әңгімелесу, осылай өзін көрмеген бейтаныс адамның тарихи тұлғасын жасап шығару.

Бұл сапары жайында суретші 1960 жылы жарық көрген «Білім және ең­бек» журналындағы мақаласында: «Мен ба­тырдың бейнесін іздегенде екі түр­­лі тарихи материалдарға сүйендім. Оның біріншісі: документтік (архивтік) ма­териалдар, онда Аманкелдінің су­рет­тері болмағанымен өзі құрған от­ря­ды, жүргізген жұмыстары туралы де­ректер жазылған. Сондай дерек­тер жұ­мысымды толық түсініп алу­ға қа­жет болды. Екіншісі – батыр ту­­­­ралы халық аузындағы аңыз-әңгі­ме­­­лер. Олар Аманкелдіге байла­ныс­­ты оқи­ға­лар­ды, оның түр-сипа­тын, келбетін, іс-әрекетін, мінез-құл­қын қолмен қой­ғандай етіп айтатын. Осын­дай ма­те­риалдарды мол зерт­­тей келіп, дұ­рыс түйіндегенде, ізде­ген бей­нең ойда­ғыдай шығатынын бай­қадым», деп жазыпты.

Осылай батырдың туған жеріне барған суретші сарбаздарын, туыс­та­рын, көзін көрген адамдарды жо­лық­тырған. Әрбіреуімен жеке-жеке әң­гімелескен. Мынаның мұрны, мынаның аузы ұқсайды деген адамдардың бар­лығының суреттерін салған. Осы адам­дардың профилі (қыры) мен анфас (бет пішіні) ұқсастығын тексеріп отырған. Батырға ұқсастығы бар-ау деген 30 адам­ның портретін салып шыққан. 40-қа жуық этюд, деталь жасаған.

Бұл жұмыстарды ауызбен айта салу оңай. Шын мәнінде іске асуы өте күр­делі құбылыс. Оның үстіне суретін са­лу­ды жақтырмайтын адамдар қанша­­ма. Кейбір керіауыз ағайындар: «Қара­ғым, қолыңнан келмейтін іске ұрынып нең бар, келген ізіңмен қайтып кеткін, аруақ­қа шет боласың, одан да көзі тірі пен­делердің бетін шимайласаң да бол­мас па еді!» деп суретшінің бетін қайтарып, қолын қағады. Оның бер жағында жол-көлік қатынасы атымен жоқ заман.

Жоғарыдағы оқиғалардың бір па­расы жайлы журналист Қымбат Тоқта­мұратқызының «Қазақтың тұңғыш су­рет­шісі» атты мақаласынан («Астана ақшамы». 2004 жыл, маусым) үзінді келтірсек: «...Батпаққара ауылында ба­тырдың туған інісі тұрады. Сол аға­сы­нан аумайды, соны барып көр, де­ген желеуді малданып, салт атпен жол­ға шыққан Әбілхан аға алай-дү­лей боранға ұрынып адасып кетеді. Әб­ден әлі құрығанда аттың басын бос жі­беріп, ат ықтасын сайлауыт жер­ге келгенде жерге құлап түседі. Қар үсті-үстіне борап тұр. Бір мезетте көзі еріксіз ілініп кеткен екен, есін жиса біреулер өзін қардың астынан қа­зып алып жатқан сияқты. Беті-қолы дом­бығып үсіп кеткен. Шопан жігіт пен әйелі екеуі екі жақтап қармен ысқылап жү­ріп суретшінің жанын ажалдан аман алып қалыпты...».

Ұзын сөздің қысқасы, Әбілхан Қас­теев осы жылы (1939) батырдың порт­ретін салып, келесі 1940 жылдың жа­зында Торғай өңіріне алып барып, адамдарға көрсетеді. Көрген адам­дар «ұқсайтын сияқты» дегенді айтады. Алайда бұл суретке өзі қанағат­танбайды. Жүзі ұқсағанымен қазақ халқының қасиетіне тән типтік бейнесі ашылмай қалған.

Содан 1941 жылы Аманкелдінің екін­ші портретін салады. Ол да өзін қана­ғаттандырмайды. 1943 жылы үшін­ші портретін фас және профилдік бағытта салып шығады (1-сурет). Бұл суретте батырдың келбеті даралана тү­седі. Бұл екінші Дүниежүзілік со­ғыс жүріп жатқан кез. 1943 жылы Ал­маты қаласында Абай атындағы опера және балет театрының фойесінде суретшілердің көрмесі өтеді. Ә.Қастеев соңғы суретін көрмеге әкеліп қояды. Көрмені әдейі аралап көрген мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин досы Аманкелдінің суретіне қарап тұрып: «Мына суретке қарап досымды еске аламын. Сурет түп нұсқа Аманкелдінің өзіне жақын. Келбет ұқсастығы, мінез бітісі, типтік ерекшелігі мен белгісі кәдімгі өмірдегі Аманкелдінің өзіндей» деп ықылас білдіріпті («Қазақстан су­ретшілері». 1943 жыл, №2).

Келесі 1944 жылы Аманкелдінің туған баласы Шәріп Аманкелдіұлы ор­талық музей көрмесінде тұрған әке­сінің осы суретін көріп, музейдің қол­таңба кітабына: «Әбілхан ағаның салған суретіне қарап әкемді көргендей әсерде болдым» деп жазыпты.

* * *

Әбілхан аға батырдың суретін салу­ды бәрібір тоқтатпайды. Бұған де­йінгі салған суреттері көңілінен шық­пай күні-түні ізденумен болады. Та­ғы да ел аралайды, бұрынғы салған су­рет­терін көрсетеді. Әйтеуір бірдемесі же­тіспейді... Сөйтіп жүріп 1947 жылы Аман­келді батырдың жаңадан тағы бір су­ретін салып шығады (2-сурет). Бұл су­ретті ҚазССР Министрлер кабинеті бе­кітіп, қаулы қабылдайды. Портретті Тор­ғай қаласында ашылған Аманкелді Имановтың мемориалдық музейіне жі­береді.

Бір қызығы, осы суреттің басына да кішігірім «нәубет» төнген. Жо­йы­лып кетудің табалдырығына барып қайтқан. Оқиға былай болыпты. 1961 жылы Торғайдағы Аманкелді Има­новтың мемориалдық музейінің директоры, әйгілі халық ақыны Нұрхан Ахметбеков қатты науқасқа шалдығып, ол кісінің орнына жас азамат Сейіт Кенжеахметов тағайындалады. Содан Аманкелді батырдың туғанына 90 жыл толған 1963 жылы «Торғайдағы ба­тырдың музейі жабылсын, дүние-мүлкі Қостанайға көшірілсін!» деген солақай жарлық келеді. Музейді көшірмес бұ­рын оның мүлкі мен көрнекілік экспонаттарын тізімдеп, хаттап-шоттап қабылдау үшін облыстан Павливский дейтін қызметкер келеді. Ол кісі барлығын тізімдеп болып, қажетсіз заттарды өртеп жіберуге нұсқау береді.

Жойылуға тиіс заттардың арасын­да заманында 12 мың рубльге баға­ланған Ә.Қастеев 1947 жылы салған Аманкелді батырдың суреті кетіп бара жатыр. Секең қостанайлық әріптесі Павливскийге әрі жалынады, бері жа­лынады, нәтиже жоқ. Көз алдында өнер туындысы өртенгелі жатыр. Амалы таусылған Сейіт аға айлаға кө­шеді. Қонағын өз үйіне алып барып ұйық­татып тастап, түн ортасында су­ретті ұрлап шығып, тығып тастайды.

Арада жеті жыл өткенде 1970 жылы Торғай облысы қайтадан ашылып, облыстың идеология жөніндегі хатшысы болып марқұм Өзбекәлі Жәнібеков келеді. 1972 жылы осы кісінің бастамасымен облыстық өлкетану музейін ашу қолға алынады. Осы орайда, Сейіт Кенжеахметұлы жоғардағы оқиғаны бір кезегі келгенде Өзекеңе баяндайды. Өзбекәлі ағамыз сол күні тығулы жатқан суретті алдырып, музейге қой­дырады.

* * *

Суретші Әбілхан Қастеев батыр­дың портретін салуды осымен тоқ­татып қойған жоқ. Егерде басқа біреу бол­са 1944 жылы осы еңбегі үшін «Қазақстанның Халық суретшісі» ата­ғын алған сәтте-ақ тізгін тартып, тоқ­тар ма еді. Әбекеңнің өн бо­йын­да ондай тоқтау, тоқырау, өз ісі­не орын­сыз қанағаттану сияқты келең­сіз қасиеттер болмаған сыңайлы. Оның дәлелі ретінде айтарымыз: жоға­ры­дағы салған суреттерінің бірде-бірі­не қанағаттанбай, 1950 жылы Аман­келді батырдың портретін шыт жаңа қайтадан салып шығады (3-сурет).

Бұл картинада Аманкелді бейнесі шынайы халық батыры, қолбасшы ре­тінде көрініс тапқан. Осы суретке өзі де қан­ағаттанған. Халық та разы болған. Сурет Бүкілодақтық көркемсурет көр­месіне қойылып, жоғары бағаға ие бо­лады. Әрі Мәскеудегі өнер баспа­сынан түрлі-түсті бояумен басы­лып шығып, бүкіл одақ көлеміне мыңдаған ти­ражбен таратылады. Бүгінгі орта мек­теп оқулықтарына еніп, ұлттық энциклопедиялардың бәрінде бейнеленген Аманкелді батырдың бейнесі осылай дүниеге келген екен.