Биылғы 5-6 тамызда Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі АҚШ әскерінің Ауғанстаннан әкетілуіне байланысты халықаралық күн тәртібінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осылайша отыз жыл бұрын басталған «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұғымы жаңа белеске көтерілді.
Тарихи тамыры тереңге кететін Түркістан топырағында бір үйдің баласындай, бір қолдың бес саусағындай бірге орналасқан бауырлас елдер мен халықтардың ынтымақтастығы да бағзы заманнан бастау алады. Бірде бірігіп, кейде бөлініп әртүрлі атаумен жапсарлас өмір сүріп келген тағдырлас, тамырлас жұрттар кеңестік кезеңде бес республикаға бөлінген аймақтағы интеграция ұғымы осыдан тура 30 жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1991 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларының Ашхабадтағы алғашқы басқосуында күн тәртібіне енгізілген еді. Тіпті сол жиында аймақтың тарихи «Түркістан» атын жандандыру туралы да айтылған болатын. Алайда 1992 жылдан бастап, Тәжікстанда бұрқ ете қалған азаматтық соғыс пен Түрікменстанның «Бейтарап ел» мәртебесін алуы интеграциялық үдеріске теріс әсерін тигізді. Дегенмен, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1993 жылы экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойып, 1994 жылы «біртұтас экономикалық кеңістік» жарияланды. 1995 жылы үш елдің ұйымы Орталық Азия Одағы болып аталса, 1998 жылы ұйым «Орталық Азия экономикалық одағы» болып қайта құрылды. Ақырында бұл үдеріс «Орталық Азия Ынтымақтастық Ұйымы» деген атқа ие болды.
Осындай ізгі ниетпен басталған аймақтық интеграция кейбір елдердің ұстанымына байланысты жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қалғаны белгілі. 2007 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үдерісті жылжыту мақсатында аймақтағы бес елді қамтитын Орталық Азия Одағын құруды ұсынған. Осылайша, аймақ елдерінің интеграция құрудағы бірінші кезеңі аяқталды.
Арада 10 жыл өткеннен кейін Өзбекстандағы биліктің ауысуына байланысты жаңа мүмкіндік пайда болды. Өзбекстанның жаңа Президенті Шавкат Мирзиеёв Орталық Азия аймағын Ташкенттің басымдығы деп жариялады және 2017 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде аймақтық интеграциялық үдерісті қайта жандандыруды ұсынды. Дегенмен, бұл жолы тараптар «ақырын жүріп, анық басып», тым амбициялы «одақ», тіпті «саммит» деген сөздерді қолданбауға тырысты. 2018 жылы наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен алғашқы басқосу жай ғана «консультативтік кездесу, кеңесу» деп аталды. Екінші басқосу 2019 жылдың қараша айында Ташкентте өтті. Бұл кездесулерде жиынды жылына бір рет өткізу туралы шешім қабылданды. Осылайша, аймақтық интеграцияның екінші кезеңі басталды.
Ресми түрде «Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі» деп аталатын бұл жиындар, шынын айтқанда, әлдеқайда тиімді болып шықты. Өйткені бұл жолы аймақ елдері нақты мәселелерді шешуге тырысты. Оның үстіне, аймақ елдері өздерінің мемлекеттік қалыптасу кезеңін аяқтаған болатын. Сондықтан екінші кезеңді тұрақты институттық тетіктерді орнатумен сипаттауға болады. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты – жалпы мәселелерді талқылау үшін әр түрлі салаларда платформалар құру. Атап айтқанда, жыл сайын Президенттер, Премьер-Министрлер және министрлер деңгейінде кездесулер жоспарланған.
Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің үшінші басқосуы бастапқыда 2020 жылы Қырғызстанда өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кездесу 2021 жылға шегерілді. Ал 2020 жылдың қазан айында Түрікменстан Президенті кездесуді Түрікменстанда өткізуді ұсынды.
2021 жылы 6 тамызда Түрікменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында өткен үшінші басқосуға Орталық Азия мемлекеттері басшыларының барлығы қатысты. Бұл бір жағынан Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты заман талабы болса, екінші жағынан аймақ елдері өздерінің бір-біріне қаншалықты тәуелді екенін сезінді. Құрлықтың ішкі жағында, халықаралық теңіз жолдарынан алшақта орналасқан Орталық Азия елдерінің халықаралық нарыққа шығу және бәсекеге қабілетті болулары үшін жеке-жеке ел ретінде емес, біртұтас аймақ ретінде әрекет етуі керек екені анық байқалды. Сондай-ақ аймақтағы экология, су, тасымал, көші-қон сияқты мәселелерді тек бірлесе отырып қана шешуге болатыны түсінікті болды.
Осы ретте Ақорданың 1990 жылдардан бері ұстанып келе жатқан аймақтық интеграцияларға басымдық беру ұстанымының қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізілді. Бұдан да маңыздысы, аймақ елдері өз мәселелерін үшінші жақтарды, әсіресе, ірі державаларды араластырмай, өздері шешуі керек екендігін түсінді. Басқаша айтқанда, аймақ елдері Орталық Азияның халықаралық саясаттың объектісі ретінде емес, субъектісі ретінде әрекет ету керектігін жақсы түсінді. Осы ретте кездесу қорытындысы бойынша қабылданған Бірлескен мәлімдемедегі: «Мемлекеттер басшылары өз елдерінің әлеуетін өңірде қауіпсіз, тұрақты, кең және ашық әріптестікке арналған кеңістік қалыптастыру мүддесіне пайдаланудың маңыздылығын атап өтеді. Осыған орай, Тараптар сыртқы істер министрліктері, дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері мен басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша консультациялар өткізудің, байланыстар мен оларды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді», деген сөздер ортақ ұстанымды айшықтап тұр.
Бұл ретте аймақ елдері өз араларындағы ынтымақтастықтың басқа, үшінші жаққа қарсы емес екендігін және көрші елдердің мүдделеріне қарама-қайшы келмейтіндігін көрсету мақсатында БҰҰ ұйымының шеңберінде әрекет етуде. Мысалға, Аваза басқосуына аймақ елдері көшбасшыларымен бірге, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Наталья Германның қатысуы өте маңызды. Бұл жағдай бір жағынан аймақтың жаһандық деңгейде маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеп тұрса, екінші жағынан аймақ елдерінің БҰҰ шеңберінде іс-қимыл жасап жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Бірлескен мәлімдемеде БҰҰ-ға жиі сілтеме жасалуы да бекерден-бекер емес.
Басқосуда тараптар аймақ елдері арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың негізгі аспектілерін қарастырды. Аймақтық тұрақтылық мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу өтті. Олар сондай-ақ аймақ елдерінің Сыртқы істер министрлері арасындағы бесжақты кездесулер арқылы сыртқы саяси ынтымақтастықты күшейтуге келісті.
Кездесу барысында Президенттер 2019 жылдың 29 қарашасында Ташкентте өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде қабылданған қарарлардың орындалуына қатысты мәселелерді талқылады. Тараптар геосаяси тұрғыдан алғанда, аймақтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар геоэкономикалық перспективалар және ғасырлар бойы тарихи, рухани және мәдени байланыстар біріктірген елдер арасындағы өзара түсіністік, сенім мен өзара сыйластықтың жоғары деңгейіне тоқталды. Мұның бәрі тек аймаққа ғана емес, жалпы Еуразияға оң әсер ететіні баса айтылды.
Энергетика саласындағы әріптeстік үшін қолайлы жағдайлар жасауға, көлік-коммуникация саласындағы аймақ елдерінің ынтымақтастығын кеңейтуге, атап айтқанда, қазіргі жолдардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және жаңа көлік дәліздерін құруға назар аударылды. Президенттер сауда байланыстарын дамыту, экспорттық және импорттық операцияларды ұлғайту жөнінде пікір алмасты. Өзара тауар айналымы мен өндірістік кооперацияны әртараптандыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Кездесудің күн тәртібінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – аймақ елдерінің пандемияға қарсы күш-жігерін шоғырландыру болды. Президенттер жаңа типті инфекциялардың табиғатын зерттеу, сонымен қатар жұқпалы ауруларды емдеу мен алдын алудың жаңа әдістерін қолдану саласындағы бірлескен зерттеулерді ұйымдастыруға және ынталандыруға келісті. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Төртінші кездесуді Қырғызстанда өткізу ұйғарылды.
Жиында Президенттер тарапынан көтерілген мәселелердің арасында Ауғанстан да болды. Бірлескен мәлімдемеде бұл мәселе: «Тараптар көрші Ауғанстандағы жағдайдың жуық арадағы реттелуі Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі екенін растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда Тараптар барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге және оны әлемдік шаруашылық байланыстарға тартуға бағытталған күш-әрекеттерін қолдайды» деген жолдар арқылы көрініс тапты.
Сондай-ақ мәлімдемеде тараптардың өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жүйелі түрде қарау үшін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік платформа ретінде «Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі диалог» құру мәселесін пысықтауды қолдағаны айтылады. Демек аймақтағы қауіпсіздік мәселелері Президенттердің ұдайы назарында болады.
Аймақтық интеграция туралы Бірлескен мәлімдемеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының ортақ мүдделер негізінде ортақ болашаққа деген ұмтылысы айқын аңғарылады. Мемлекеттер басшыларының сыртқы саяси ведомстволарға Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының келесі Консультативтік кездесуінде «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қоюды дайындауды тапсыруы аймақ елдерінің ортақ болашақты құру ниетін көрсетеді. Сондай-ақ мәлімдемеде айтылған «2022-2024 жылдарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы» аймақ елдерінің интеграция мәселесі – басқосуларда ғана талқылайтын тақырып емес, іске асырылуы үнемі бақылауда болатын практикалық мәселе екенін нақтылады. Бұған қоса, Президенттердің «Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінің Бірыңғай рәмізін пайдалану» туралы шешім қабылдауы және ол туралы Ережені мақұлдауы аймақ елдерінің ортақ ұғымдар мен ортақ рәміздер негізінде бірлесу мақсатын көрсетеді.
Қазақстан тұрғысынан қарағанда, Орталық Азия Мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінде көтерілген мәселелер және Бірлескен мәлімдемеге енген ұсыныстар Қазақстанның отыз жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің нақты жүзеге аса бастағанын көрсетеді. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын сабақтастықпен жалғастырып отырғанын айтуға болады. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Орталық Азия Мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуіне алғаш қатысуы болғанымен, оның дипломатиялық тәжірибесі мол саясаткер екендігі кездесуде айқын көрініп тұрды. Әсіресе, Бірлескен мәлімдемеден және аймақтағы түйткілді түйіндерді БҰҰ шеңберінде шешуге деген ұмтылыстан Президент Қ.Тоқаевтың қолтаңбасын анық аңғаруға болады.
Қазақстан Президенті кездесуде сөйлеген сөзінде «Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Бұл мәселеде «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге» тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді», деп ауызбіршіліктің маңыздылығына тоқталды. Рас, бесеудің бірлігі бәсекелестікке емес, берекелі бауырластыққа негізделуі тиіс. Сонда аймақтық ынтымақтастықтан барлық тарап ұтады. Қ.Тоқаев өз сөзінде келтіргендей, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдердің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Ал бекем бірлікті емес, берекесіз бәсекені таңдайтын болса, барлық жақтың ұтылатыны бесенеден белгілі.
Осы ретте Қазақ дипломатиясының аймақтық интеграция үдерістерінде едәуір тәжірибе жинақтағанына назар аударуымыз керек. Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі кеңесі, Азия кеңесі сияқты ірі бастамаларды көтеріп, оларды табысты іске асырып келе жатқан ел. Халықаралық тасымал дәліздерінде, әсіресе, Транскаспий «Тұран дәлізінде» де Қазақстанның орны ерекше екені мәлім. Бұл жерде Қазақстан бұл жобалардың барлығында құтты қарашаңырақ, алтын арқау ретінде әрекет етуде. Орта Азиядағы аймақтық интеграцияда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанмен Түркі кеңесінде, ал Түрікменстанмен Каспий теңізі айналасындағы жобаларда ынтымақтастықты дамытып жатыр. Осы шеңберде діні бір, мәдениеті ұқсас, ортақ кеңістіктегі Тәжікстанның да аталған жобаларға қатысуы маңызды. Басқаша айтқанда, Қазақстан басқа бағыттардағы интеграциялық жобалардағы тәжірибесін Орталық Азияда да қолданып жатыр.
Басқосуда ортақ тарих пен ортақ құндылықтарға басымдық бере отырып, ғылым мен білімге ден қойылуы, ғылым дипломатиясы мен ғылыми интеграция терминдерінің жиі қолданылуы да жаңа ынтымақтастықтың прагматикалық сипатын айқындай түседі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Орталық Азия елдері басшыларының Аваза Консультативтік кездесуі сәтті өтті деп айтуға болады. Осылайша ортақ тарихқа сүйеніп, ортақ болашаққа ұмтылған Орталық Азия елдерінің отыз жылды ойлы қорытындылап, интеграциялық үдерістің жаңа белсенді кезеңіне қадам басты деп түйіндеуге толық негіз бар.