• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Тамыз, 2021

Қашықтан жұмыс істеудің экономикаға әсері

671 рет
көрсетілді

Енді әлем жылнамасын парақтағанда оны пандемияға дейін және пандемиядан кейін деп бөлерімізге зәредей күмән қалмады. Індет салдарынан адамдар қашықтан жұмыс істеп, сауданың өзін онлайн іске асыруға мәжбүр болуда. Бұл өз кезегінде еңбек нарығы заңдылықтарын өзгертіп, экономикаға өзгеше әсер ете бастады.

Жұмыс іздеушілерге арналған және қарапайым қызметкердің мансабын көтеруге орай бағыт сілтейтін Career Hub платформасында сарапшылар 2030 жылға таман нарықтан жоғалуы мүмкін мамандықтар тізбесін жасаған. Олардың жорамалынша, алдағы онжылдықта қаржылық ауди­тор, бухгалтер, заң кеңесшісі, хат­­шы, риэлтор, спорт коммен­та­торы, жүк тасушы, агроном, қап­та­ма­шылардың қызметі қажет болмай қалуы ықтимал. Өз кезегінде – эти­ка мәселелері бойынша кон­сультант, цифрлы валюта ке­ңес­шісі, қоқыс дизайнері, есте сақ­тау қабілетін жақсартатын хи­рург, де­ректерді басқаратын және өң­дей­тін маман, әлеуметтік желі­лердегі жеке парақша редакторы, киберқауіпсіздік бойынша маман сияқты мамандық иелері өзекті болуы мүмкін екен.

Экономика ғылымдарының док­­торы Сәуле Қалиеваның айтуын­­­ша, заманауи еңбек қаты­­нас­­­тарының пайда болуы бос уақы­­тыңды қосымша білім алып, же­ке кәсіпкерлік қабі­ле­тіңді ашып, бойыңда бар қа­бі­леттерді же­тіл­діруге арнау қажет екенін ұғын­дырды. Бү­кіл процестің қашық­тан бас­қа­рыла бастауы тұрақты жұ­мыс орындарының маңызын ­кә­­­дімгідей төмендетті. Цифрлы жұ­­­­мыс тәсілінің сұранысқа ие болуы – нарықта қашықта жү­ріп-ақ мобильді бола алатын ма­мандар шо­ғырын көбейтті.

– Менің көзқарасым бойынша, пандемия аяқтала салысымен мынадай тенденция басталады. Цифрландыру мүмкіндіктері мен әлеуметтік желі функция­сы кеңейіп, электронды онлайн платформаларды пайдалану, қашықтан жұмыс істеуге көшу жылдам қарқынмен дамиды. Соған байланысты процестерді диджитализациялау эксперттері, бағдарламалаушы, SMM мамандары, контент-менеджер, тайм-менеджмент бойынша мамандарға деген сұраныс арта бастайды, – дейді бізбен пікірлескен сарапшы.

Ал өзектілігін жоғалтатын ма­ман­дықтарға қатысты жоғарыда айтылған жорамалдарға сарапшымыз мынадай түзету енгізеді.

– Мен айтқалы отырған маман­дықтар түбегейлі жойылмаса да, оларға деген қызығушылықтың бір­шама төмендейтіні шүбәсіз. Мәселен, жұмыс берушілері тара­пынан антикризис менеджері, call-орталық пен жеке қаржы кон­сультанты, интернет-дүкен қыз­меткерлері, курьерлер, интерьер дизайнері, күзет жүйесі операторы, әлеуметтік жұмысшы, санитар, супермаркет сатушысы мен кас­сир, тазалықшы, тәрбиелеушіге деген сұраныс азаяды, – дейді С.Қалиева.

Канададағы Далхаузи универ­ситеті пандемия IT саласы­ның қыз­меткерлеріне қалай әсер ет­кенін анықтау мақсатында арнайы сауалдама жүргізіп, со­ның нәти­жесінде интернет қызмет­кер­ле­рінің еңбек өнімділігі айтар­лық­тай төмендегені белгілі бол­ған. Індетке байланысты өзі­нің және жақындарының денсау­лы­ғына алаңдау, жұмыстан айыры­лып қа­ламын деп қорқу, компа­ния­лар­дың төтенше ахуалға дайын болмай шығуы жұмыс өнімділігіне де кері әсерін тигізіпті.

Дегенмен онлайн жұмыстың пайдасы біршама екенін ешкім те­рістемес. Бұл жұмысшылардың уақытын, жол шығынын үнемдей­ді, жұмыс беруші – кеңсе шығыны­нан арылады, көлік кептелісі азая­ды, соған сай экологияның да тынысы кеңиді. Алайда бірқатар сарапшы жұмысты қашықтан іс­теу белгілі бір деңгейде экономик­аға жағымсыз әсер етеді деп топшы­лайды. Бәлкім, қазір жақсы шы­ғар, бірақ зардабы кейін тиетін көрінеді.

Халықаралық еңбек ұйымы­ның бағалауынша пандемияға де­йін әлемдегі жұмыс істеу­ші­лердің 3 пайыздан азы ғана қа­шықтан еңбек еткен. Пандемия бұл ста­тистиканы айра-жайра етіп тал­қандап өтті. Еуроодақтың өмір сүру мен еңбек жағдайын жақ­­сарту жөніндегі Eurofound агент­­тігі дерегінше, коронавирус шыр­­қау шегіне жеткен кезде Еуропада әрбір үшінші адам үйден жұмыс істеуге мәжбүр болыпты. Індет­тің беті қайтқан соң да көпшілік үйден істей бергенді жөн көрген. Gallup америкалық қоғамдық пі­кір институтының сауал­дамасына сү­йенсек, 2020-ның қыркүйегінде АҚШ-та қыз­мет­керлердің үштен бірі үйде қала беруді жалғастырған.

Қашықтан жұмыс істеу мәсе­лесін пандемияға дейін-ақ зерттеу­мен айналысқан Стэнфорд уни­верситетінің профессоры Николас Блум үйден жұмыс істеушілердің жартысы ғана еңбек өнімділігін 80 пайыздан асыра алады депті. «Біз үйде, балалармен бірге отырып еш таңдаусыз және еш демалыссыз жұмыс істейміз. Бұл ком­паниядағы өнімділікті катастро­фаға ұшыратады», деген пікір келтіреді. С.Қалиева онлайн фор­мат жа­қын болашақта еңбек на­ры­ғы заң­дылықтарын басқаша қа­лып­­тайтынын айтады.

– Компаниялар тез арада бей­не­­байланысқа шығатын және үл­кен көлемдегі жүктемені көтере алатын техника мен құрылғылар сатып алуға мәжбүр болды. Жұ­мысты онлайн реттеп, онлайн оқы­туға мән беру үшін техникалық жоспарларын қайта қарастыр­ды. 2-3 жылдан соң қолға аламыз деген шаруаларын айналдырған 2-3 ай ішінде шеше бастады. Сөз жоқ, мұндай жұмыс процесі пандемия аяқталған соң да жалғаса береді. Қазір білім, ғылым, ішінара онлайн-қызметтер, сауда саласы сияқты ұлттық экономиканың бірқатар саланы да қашықтан жұмыс істеуге көшіп үлгерді. Бұл үрдіс үкіметтің де бизнеске деген көзқарасын өзгертеді, – деді экономика ғылымдарының докторы.

Онлайн форматқа ауыстыру мүмкін емес секторлар да бар. Мы­салы, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда (ішінара), транспорт, қоғамдық қызмет көр­сету саласында нәпақа тауып жүргендер үйде отыра алмайды. Десе де қай сарапшыдан сұра­сақ та, ешбірі де заманауи онлайн үрдіс экономиканың осыған дейін беймәлім болып келген салаларының беделге ие боп, табыс лидеріне айналарын жоққа шығармайды. Бәсекелестіктің артуы, сервис сапасының жақ­саруы, азаматтардың алуан түр­лі кәсіптерді меңгере бастауы, за­манауи тың құбылыстарға бе­йім­делуі экономикаға тек қа­на та­быс әкелмек. Осыған қа­рап, ал­дағы жиырма жылдық меже­сін­де технологиялардың да­мып, са­ла­лардың роботтанып, интел­лек­туалды жұмыс әдісінің ал­ғашқы лек­ке шығарын болжауға болатын­дай.

Қазақстан жаһандық тен­ден­цияның өріс алуына байланысты заңға «қашықтан жұмыс істеу» ұғы­мын да енгізді. Шілденің ба­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­лика­сының Еңбек кодексіне қа­шық­тан жұмыс істеудің құқық­тық реттелуін жетілдіру мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Соған сәйкес заң жүзінде «Қашықтан жұмыс іс­теу» және «Аралас қашықтан жұмыс» түсінігі пайда болмақ. Заң бойынша қашықтан жұмыс істеген қызметкерге еңбек келі­сім­шартына сәйкес еңбекақы то­лық көлемде төленуі тиіс деп көрсетілген.