• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Тамыз, 2021

Тағдыршешті кездесу

332 рет
көрсетілді

Түрікменстанда өткен Орталық Азия елдері президенттерінің Консультативтік кездесуі шынымен де алдағы уақытта аталған өңір үшін тағдыршешті болғалы тұр.

Мемлекеттер басшыларының өңірдің дамуы мен өзара интеграциясына қатыс­ты 28 баптан тұратын Бірлескен мәлім­демесі өте құн­ды. Бауырлас елдер тәуелсіз­дік­тері­нің 30 жыл­­дығы қарсаңында өткен кездесуде Арал теңі­зінен бастап, су мәселесі және қазір­­гі жа­­­һан­ды алаңдатқан пандемия да талқы­­ланыпты.

Тарихқа сүйенер болсақ, Орталық Азия мемлекеттері дербес әрі тәуелсіз жағдайда өз тағдырларын дәл осындай форматта талқыламаған. Үнемі Батыс пен Шығыстың геосаяси мүддесінде тұратын тілі, ділі, менталитеті ұқсас Орталық Азия елдері заманауи сын-қатерлерді қазіргі кезеңде дұрыс бағамдаған секілді. Түркі тілдес емес жалғыз ел – Тәжікстан шекарасына тіреліп тоқтаған Ауғанстандағы жағдай да аймақтағы онымен шектесетін тағы бір ел – Өзбекстанның ғана емес, өңірдегі 70 млн-ға жуық халқы бар өзге елдердің де ортақ мәселесі.

Одан бөлек, соңғы жылдары әлемдік аренада түрлі бастамашылық идеяларымен көзге түсетін Қазақстаннан бөлек, Орталық Азия елдерінің де тың ұсыныстар көтеріп жүргенін жиі байқаймыз. Мәселен, осы кездесуде өзбек тарапының Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Көліктік-коммуникациялық өзара байланысты дамытудың өңірлік орталығын құру туралы бастамасы қолдау тапты.

Оған қоса, мемлекеттер басшылары Тә­жік­­стан Президенті Э.Рахмонның 2025 жыл­ды Ха­лық­аралық мұздықтарды сақтау жылы деп жа­рия­лау және Мұздықтарды қор­ғау халықаралық қорын құру туралы ұсы­ны­сын да қолдағанын және Түрікменстан Прези­денті­нің Төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ба­ғыт­­тал­ған БҰҰ Стратегиясын әзірлеу тура­лы бас­­та­масына, сондай-ақ БҰҰ аясында энер­­­ге­ти­кадағы басым бағыттардың бірі ре­тін­де су­тегін дамыту жөніндегі халықара­лық «Жол ка­р­тасын» құруға қолдау білдіргенін де айтқан жөн.

Орталық Азия көшбасшыларының Кон­сультативтік кеңесінің бірыңғай рәмізі туралы да шешім осы жолы шешіліпті. Ал­дағы уақытта тұрақты түрде өтетін Кон­суль­­та­тив­тік кеңестер нәтижесінде ай­мақ­тағы ең күйіп тұрған шекара мен анк­лав­тар мәсе­лесі және ауыз суды бес ел өзара бөліс­ке сал­ған­да да оң шешімдер қабыл­данады деп үміттенеміз.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Орталық Азия бойынша шолушы