• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Тамыз, 2021

Ұлы ойшыл рухына тағзым

309 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қазақ халқының ұлы тұлғасы, ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай хакімнің елордадағы ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

Кезінде ақиқат пен әділдікті жыр­лап, халқын ғылым мен білімге шақырған ұлы Абай­дың бай мұрасын ұлықтап, тағылы­мы­на тағзым ететін «Абай  күні» дербес мереке ретінде былтыр ақын­ның дүркіреп өткен 175 жыл­дық мерейтойы қарсаңында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәй­кес ресми бекітілді. Хал­қы­мыз үшін рухани маңызы зор ұлық мере­кені қалай атап өтсек те жарасады. Ел­ордада бұл күн Абай кө­ше­сі­нің бойында орналасқан ақын­­н­ың ескерткішіне гүл қою рәсі­мі­нен басталды. Салтанатты іс-ша­раға Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев, Премьер-Министр­дің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастаған мемле­кет­тік органдар өкілдері  қатысты.

Гүл қою рәсімінен кейін Мем­ле­кеттік хатшы Қырымбек Көшер­баев бұл айтулы күннің қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, ұлы ақынның өсиетін орындау – парызымыз екенін атап өтті.

– Бүгін – тәуелсіз Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Бұл күні ұлы Абайға тағзым етеміз, ұлы Абайдан өзіміздің жасампаз істерімізге рухани қолдау табамыз. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп айтып кеткен ұлы Абай өсиетін орындау – парызымыз. Барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жа­ңылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздік тасын өрге сүйреген халқымыздың жасампаз еңбегіне Абай үлкен рухани тірек болып отыр. Біз Алла тағалаға қазақ халқына Абайды сыйлағаны үшін рахмет айтамыз, – деді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ ақын рухына тағзым еткендер қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­си­тетінің ректоры, академик Ер­лан Сыдықов, «Егемен Қазақ­стан» республикалық га­зеті» АҚ басқарма төрағасы Дар­хан Қыдырәлі, академик Ди­хан Қамзабекұлы, белгілі ақын Несіп­бек Айтұлы, Қазақстан Жазу­­шылар одағы Нұр-Сұлтан қала­­лық филиалының директоры Дәу­леткерей Кәпұлы, ақын Свет­­қали Нұржан, Президенттің баспасөз қызметінің сарапшысы, ақын Ербол Алшынбай да болды.

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы барша қазақстандықтарды айтулы мереке – Абай күнімен құттықтады.

– Бұл күн – ұлы күн. Біздің Алла­дан кейін аузымызға түсетін есіміміз – Абай. Абай қазақ­тың төл­­құжаты деуге болады. Абай­дың жырлары, өсиеті, сөзі арқылы біз бүкіл қоғамды тәрбиелеп отырмыз. Мына заман өткен сайын, күн өткен сайын Абай уақытпен бірге жүреді. Себебі Абай – мәңгілік. Сондықтан Абайдың жырлары, өнегесі – мемлекеттің ұлттық идео­­­ло­гиясы, деген көрнекті ақын тәуел­сіз Қазақстанның ұлт­тық идео­логия­сының өзегінде Абай өне­­гесі жатқанын айта келе, хакім мұ­­ра­сының өміршеңдігіне тоқталды.

– Абай бағдарлап кеткен бағыт­­тан, Абай салып кеткен жол­дың сорабынан адаспайтын бол­сақ, адамдықтан, парасаттан, ұлт­тың ұлы қасиетінен біз ешқашан ажырамаймыз. Сондықтан бүкіл қазаққа Абай атамыздың туған күні, Абай күні құтты болсын дегім келеді. Қазақ барда – Абай бар, Абай барда – қазақ бар, – деді Несіпбек Айтұлы.

Белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситеті­нің проректоры, филология ғылым­дарының докторы, ҰҒА ака­де­мигі Дихан Қамзабекұлы Абай­­дың «Толық адам» тұлғасына ұмты­луымыз керек екенін алға тартты.

– Абай – біз үшін рәміздік тұлға. Абайдың аты, заты, мұрасы ұлтпен бірге жасай береді. Сондықтан Президент, Үкімет, зиялы қауым Абайға арнайы күн арнаған кезде рухани тұрғыда да, заттық тұрғыда да береке-бірлікке бастайтын күн болуын көздесе керек. Абай арқылы рухани жаңғырудың мәнін білу де – осы күннің еншісіндегі шаруа. Рухани жаңғыру деген – жай ғана бір шаралар немесе есеп беру емес, өзімізде барды ұқсата білу. Өз мұрамызға байланысты өзіміздің нақты шынайы көзқарасымыз, ұстанымымыз болғанда ғана рухани жаңғырған болып есептелеміз. Бұл ұрпақ сабақтастығымен, біліммен келетін дүние. Біз әдетте науқаншылдыққа кетіп қаламыз. Ондай болмауы керек. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол», деген ұғымы тұжырымдамасының өзі – «Толық адам» тұлғасына, қоғамды кемелдікке жұмылдыру. Қоғам қашанда жақсылыққа қарай жүреді. Біз қазір әлемде, өз ішіміз­де қандай қиындықтар болса да, өсетін, өнетін мүмкіндік іздеуіміз керек, – деді ғалым.

Жастарды тәрбиелеуде және ұрпақтар арасындағы сабақтас­тық­ты қалыптастыруда Абай ең­бе­гінің маңызын айрықша атап өт­кен Д.Қамзабекұлы Абайдың ұлт­пен бірге жасайтынына сенімді.

– Сонымен бірге ұлтты жұмыл­дыра отырып, қоғамның береке-бірлігіне қызмет ететін, қоғам­ның алдағы кезеңін анық­тайтын жастарды кешегі адал ұрпақ­тың жалғасы етуге күш салуы­мыз керек. Оған жастар да пе­йілді, сенімді. Абай соның бәрінің арасында алтын көпір болып отыр. Абайдың мұрасы да, мұраты да, оның алтын арқауы да осында. Абай ұлтпен бірге жасайды. Бүгінгі күн – ұлтымыздың күні, рухани жетістіктеріміздің күні, біздің рухани темірқазық күніміз. Ұлтымызды, халқымызды осы мерекемен құттықтаймыз. Абай­дың талғамы, Абайдың жү­регі, Абайдың сезімі, Абайдың нақы­лы біздің ұлтты өсіріп отырады, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Бүкілхалықтық, ұлттық мерекеге айналған Абай күні – ұлы ақынның бай мұрасын ұлықтап, рухына тағзым ететін ерекше күн. Оның асқақ тұлғасын биіктете түсу бір күнмен шектеліп қалмасы анық. Дегенмен, бұл күннің ресми аталып өтуі – қазақ руханиятының жаңа белесі екеніне шек келтіре алмаймыз. Қазақ халқының рухани дүниесін терең ойлары мен тұщымды сөзімен байытқан дара тұлғаның былтырғы мерейтойы қазақ халқы үшін осы айтулы мерекенің бастауына жол салды.