Пандемия басталғалы мамандар індеттің қаншалықты қауіпті екенін айтып дабыл қағып жатқанына қарамастан, оны жоққа шығарып, бүкіл әлемді бірлескен қастандыққа кінәлап жүргендер де бар. Бұрынырақ вирус жоқ деп шырылдағандар, енді келіп вакцинаның қатерлі екенін айтып, жұртты сендіруге тырысып бағуда. Бұл тек Қазақстандағы жағдай десеңіз, қателесесіз. Вакцина салу процесін баяулатып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға кедергі келтіріп отырған антиваксерлер басқа елдерде де жағдайды қиындатып жатыр.
Батыстан шыққан бос сөз
Әлемдегі түрлі себеппен вакциналауға қарсы азаматтардың үні бұрын бұлай қатты шықпаған еді. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып, ахуал ушыққан соң көп елдің билігі вакцина салдыруды міндеттей бастады. Бұл өз кезегінде наразы тұрғындардың барынша белсенділік танытып, өзгелерді екпе салдырмауға үгіттей бастауына алып келді. Қазіргі кезде халықаралық қоғамдастықтың бас ауыртатын мәселелерінің бірі – вакцинаның жетіспеушілігі емес, бар вакцинаны салдырғысы келмейтіндердің көбеюінде болып отыр.
Батыста халық вакцина салдыруға ағылып барып жатқанда біздің еліміз артта қалды деген пікірді көп естиміз. Дегенмен вирустың жоқтығын айтып, вакцина салдыруға немесе маска тағуға қарсы шығушылар қозғалысы дәл осы АҚШ, Еуропа елдерінен басталғанын біреу білсе, біреу білмей жатады. Мұны белгілі бір халықтың санасының төмендігі емес, дүниежүзілік құбылыс деп қарастырған жөн сияқты.
Вакцина табылғанға дейін індеттің бірнеше толқынын өткердік, алайда індеттің емі табылғанымен, вирустың таралуы азаймай тұр. АҚШ-та індеттің қайта өршуін мамандар антиваксерлердің «белсенді қызметімен» байланыстырады. Қарап тұрсақ, АҚШ, Еуропа, Азия, Латын Америкасы, Африка – барлық құрлықтағы елдердің басшылары тұрғындарға вакцина салдыруды жалынып сұрап отыр. Бірақ оған құлақ аспайтындар көп. Енді міндеттеуден басқа амал қалмаған тәрізді. Өйткені пандемия осылай жалғаса берсе, адам өлімі көбейгенін ғана емес, бизнестің, экономиканың, медицина саласының, туризмнің, білім берудің де тас-талқаны шығатынын көретін күн де алыс емес секілді. Бұл адамзатты қазіргі жеткен жетістігінен бірнеше онжылдыққа артқа лақтыратыны анық.
Вакцина салдырмаудың амалын тапқандар да бар. Мәселен, Ұлыбританияда өзін веганмын, яғни жануарлардың етін жемеймін деп таныстыратындар көбейген. Заң бойынша мұндай ұстанымдағы адамдар жануарларда сыналатын өнімдерді қолданудан босатылады. Ақша беріп, жалған құжат жасататындар туралы талай рет айтылды. Мұндай жағдайлар Еуропада, Ресейде, Қазақстанда да тіркеліп жатыр.
АҚШ-тың Індеттерді бақылау және алдын алу орталығының директоры Рошель Валенски өткен аптада COVID-19 «вакцина салдырмағандардың пандемиясына айналады» деген пікір білдірген. АҚШ президенті Джо Байден де көп ұзамай осы ойды растады. Мұны өзге мамандар да айтты. Техникалық тұрғыдан олардікі дұрыс секілді. Вакциналар тіпті тез таралатын «Дельта» штамына қарсы тиімді болып қала береді және екпені мүлдем алмағандар басқаларға қарағанда жиірек ауырып жатыр.
Енді антиваксерлерге келер болсақ, олардың барлығын бір санатқа жатқызып қарастыруға болмас. Интернетте тараған түрлі қауесетке сеніп, адам сенгісіз себептермен вакцинаға толығымен қарсы жандар бір бөлек те, дұрыс сұрақ қойып, толық сенімді болмай, вакцина салдыруға асықпай отырғандар бір бөлек. Жалпы, вакцина салдырмауға үгіттейтіндердің бір бөлігі – медицина саласының мамандары. Мәселен, Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының 2015 жылғы есебінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің сенімсіздігі қарапайым халықтың ойын өзгертіп, бұл процесті баяулататынын мәлімдеген. Қазақстанда да дәрігерлердің әлеуметтік желі арқылы таратқан вакцинаға қарсы үгіт-насихаты «жемісін» беріп отыр. Маман айтып тұрған нәрсеге қалай сенбейсің? Бұл – біздің елде ғана емес, Африкада да белең алған жағдай. Онсыз да вакцина саны шектеулі аймақта екпе алғысы келмейтіндер көбейсе, пандемия әзірге аяқталмайды дей беріңіз. Халықаралық ЖИТС қоғамындағы бағдарламалар директорының орынбасары Роджер Татуд медицина қызметкерлерінің 40 пайызының вакциналауға күмән келтіретініне алаңдауымыз керек дейді.
Бір ғасырда өзгермеген көзқарас
Вакцинаға қарсылық – COVID-19 індеті кезінде ғана пайда болған құбылыс емес. Қазіргі антиваксерлер осыдан 136 жыл бұрын пайда болған тұжырымдарды әлі мысалға келтіріп жүргендерін біле ме екен?
Мысал ретінде адамзат ең көп зардап шеккен аурулардың бірі – шешек эпидемиясын алайық. Вакцинаның арқасында біз қазір бұл індеттен ада әлемде өмір сүреміз. Алайда 1885 жылы эпидемия кезінде Монреальда шешек ауруына қарсы вакцинаның тиімділігіне қарамастан, оған қарсы шыққандар көп болған. Эпидемия кезінде Канадада доктор Александр Росс вакцинаны тиімсіз деп, халықты құлақтандыру үшін арнайы парақша басып шығарып, таратқан екен. Сол кезде Россты жалған бедел, атақ пен даңққа ие болу үшін осындай әрекетке барды деген-ді. Ал ол өзін «вакцинаға қарсы шыққан жалғыз дәрігермін» деп асқақтатқан. Дегенмен кейін елдегі ірі БАҚ өкілдері оның вакцина салдырғанын жазып, айыптаған. Росс таратқан сол замандағы ақпарат пен қазіргі әңгімелердің ұқсастығын бірден байқауға болады. Ендеше, сол кезде айтылған басты тұжырымдарға тоқталсақ.
Шешектің ажал деңгейінің 30-40 пайыз, ал таралуының аса жылдам екеніне қарамастан, Росс пен өзге антиваксерлер оның қаупін азайтуға тырысқан. Ол мұны биліктегілер асыра сілтеп «эпидемия» деп отыр, шындығында елде науқастар саны әлдеқайда аз деген секілді мәлімдемелер арқылы жеткізген. Көріп отырғанымыздай, біздің қоғамда да індет қаупін азайтып, қарапайым тұмауға теңеп жүргендер бар.
Сондай-ақ вакцинаның теріс әсерін алға тарту да – осыдан бір ғасыр бұрынғы сценарийден аумайды. Қазір қайта екпе алғандар аутизмге ұшырайды деп «кішірейтіп» айтып жүрген секілді. Бұрындары антиваксерлер шешекке қарсы вакцинадан мерез, іш сүзегі, туберкулез, тырысқақ және улану секілді ауруларға душар болатыныңды айтады екен.
Одан бөлек, эпидемия мен вакциналауды біз білмейтін «әлдеқайда үлкен жоспардың» бір бөлігі деп қарастыру тағы бар. Тура сол 1885 жылғы парақшадағыдай пандемияны – ақша табудың амалы, адамзатқа чип енгізу мен әдейі жасалған қастандық деп жүргендер қаншама. Бұған қоса, адам құқығын шектеу деген желеу сөздің барын ұмытпайық. Бұл да – сол ғасырдан келген антиваксерлердің алға тартқан себептері.
Ең соңғы амалдардың бірі – беделді тұлғалардың сөзін мысалға келтіре отырып, өз пікірін растауға тырысу. Міне, жоғарыда айтып өткен мысалдар – бүгінгі вакцинаға қарсы азаматтардың келтіретін басты дәлелдері. Қарап тұрсақ, бір ғасырдан астам уақытта, тіпті жаңа теория да қалыптаспаған.
Дәрігер Росс секілді денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстарды өз мақсатында пайдаланып, жалған атақ, даңқ жинап, жұрттың қолдауына ие болғысы келетін «батырлар» әрқашан болған, бола да береді. Ондай кейіпкерлерді танып-біліп отырмыз. Тек оларды қызыл кеңірдек болып қорғап жүрген мыңдаған адамға не істеуге болатыны беймәлім. Әйтпесе, жүз жыл бұрынғы «қылмыстың» шешімі ендігі табылар еді. Бұл бір оқиғаны жазып, талдауымыздың себебі – кімге сенерін білмей, шындықты іздеп жүрген халыққа ой салсақ деген ниет. Өйткені осыған дейін пандемиямен күресіп, науқастың өмірін арашалауға тырысқан мамандар енді антиваксерлермен «күресіп» әлек болып жүр.