• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 12 Тамыз, 2021

Вакцина салдырушылар көбейіп жатыр

1382 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында бір тәуліктің ішінде жедел жәрдем қызметіне 3 300-ден аса қоңырау түсіп, мобильді бригадалар күніне 2 мыңнан аса шақыртуға барады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті.

«Өкінішке қарай, елордада коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі бәсеңдемей тұр. Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиялық жағдайға байланысты «қоңыр қызыл аймақтан» шығып, «қы­зыл аймаққа» өтті. 11 тамыздағы жағдай бо­йынша инфекциялық стацио­нарларда 2 699 науқас жатыр, осылайша жүктеме 69%-ды құрап отыр. Орташа есеппен тәулік ішінде 300-ге дейін адам ауруханаға жатқызылады. Стационарларда 3 900-дан аса төсек-орын бар. Қазіргі уақытта қала бойынша 16 инфекциялық стационарда 7 мыңға жуық медицина қызметкері індетпен күресіп жатыр», деді Т.Мұратов.

Сондай-ақ басқарма басшысы бү­гін­де жедел жәрдем бригадалары, 103 қызметі және бастапқы медициналық санитариялық көмек беру ұйымдарындағы мобильді бригадалардың жұмысы қар­қын ала түс­ке­нін айтты. Бастапқы меди­ци­налық санитариялық көмек беру ұйым­да­рында 12 мыңнан аса науқас коронавирус инфекциясынан ем алып жатыр. Қала әкімнің тапсырмасымен мобильді бригадалардың саны 300-ге дейін көбей­тіл­ді.

«Ересектерден бөлек, коронавирус ауруы­ балалардың арасында да кездеседі. Қазіргі таңда елордада 74 бала стационарда ем қабылдап жатыр, оның ішінде 7 баланың жағдайы ауыр. Өткен тәулікте 12 бала ауруханаға түсті. Ал 834 бала амбу­­латорлы түрде ем алып жатыр», деді Тимур Мұратов.

Басқарма басшысының мәліметінше, елордада жыл басынан бері коронавирус­пен 10 мыңнан аса бала ауырып шықты.

«Вирусты жұқтырушылар жаз мез­гі­лін­де көбейіп отыр. Маусым айы­нан бас­тап балалар вирустың айқын клиникалық бел­гілерімен түсе бастады. Бұл улану, қал­ты­рау, дене қызуының көтерілуі сияқ­ты көріністер де болуы мүмкін. Балалардың отбасындағы екпе алмаған адамдармен байланыстан соң ауыра бастағанын атап өткім келеді. Яғни вакцина алмаған азаматтар вирусты өз балалары мен жақындарына жұқтырады», дейді ол.

Елордада 366 мыңнан аса адам коронавирус індетіне қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. Бүгінде 284 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өтті. Халықтың вакцина алуын қамту мақсатында медицина ұйымдарында, сауда ор­талықтарында екпе егу бекеттерінің жұ­мыс кестесі жексенбі мен мереке күн­де­рін қоса алғанда сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін ұзартылды. Сондай-ақ елордада 8 сауда ойын-сауық орталығында (Хан-Шатыр, MegaSilkWay, Керуен, Абу-Даби Плаза, Азия Парк, Сарыарқа, Еуразия, Мечта дүкені) вакцина алу бекеттері жұ­мыс істеп тұр. Қазіргі кезде сауда және ойын-сауық орталықтарында барлығы 60 мыңға жуық адам вакцина алды.

Т.Мұратов соңғы уақытта халықтың вакцина алу белсенділігі байқалатынын, адамдар өз денсаулығымен қатар айнала­сын­дағылардың да саулығы туралы саналы түрде ойлана бастағанын атап өтті.