• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Тамыз, 2021

Уақыттың құны

1867 рет
көрсетілді

Күллі жаратылыс уақытқа тәуелді. Сол сияқты ақыл-парасаты кемел адам баласы үшін ең қымбат, ең құнды дүние – уақыт. Мысалы, сіз 63 жыл өмір сүріп, күніне сегіз сағат жұмыс істесеңіз, бар­лық ғұмырыңыздың 21 жылы жұмыс істеу­ге кетеді екен. Тәулігіне сегіз сағат ұйық­та­саңыз, тағы бір 21 жыл ұйқыға кете­ді. Оның сыртында алты жыл тамақ ішу­ге, бес жыл әртүрлі сапарларға, бір жыл теле­фонмен сөйлесуге, сондай-ақ қазіргі әлеу­меттік желі дамыған заманда ең аз деген­де күніне үш сағат смартфонға үңілер бол­саңыз, 63 жыл ғұмырыңыздың сегіз жылы тек телефон шұқылаумен өтеді деген сөз.

  Қазір дүние, шіркін, дөңгеленіп, ақпарат көзі жедел дамыған мына заман адамдарды уақытты игеру, өзін өзі меңгеру қабілеті­нен айыруда. Танымал социолог  Кевин Круз «Уақытты басқарудың 15 сыры» атты еңбегінде, адам баласы үшін қазіргі таңда ең үлкен майдан – уақытты өз еркіне бағын­дыру депті. Расында солай. Егер сіз уақытты меңгере алмасаңыз, уақыт сізді меңгереді, нәтижесінде ғұмырыңыздың берекесі кетеді.

Уақыттың құны – аса үлкен, өте күрделі құбылыс. Әсіресе, бүгінгі таңдағы интернетке тәуелділік шектен шығып барады. Қазір адамдар қолындағы смартфонына әрбір жиырма секунд сайын үңіліп, инстаграм мен фейсбукке жариялаған суретіне басыл­ған лайктарға сүйсініп уақытын өткізуде. Бұн­дай баянсыз тәуелділік, түкке пайдасы жоқ лайк санау, адамдардың пікіріне деген қызығушылық, айналып келгенде уақыт-ғұмырдың берекесін кетіріп, адам баласы өзінің ішкі үнін естімейтіндей күйге жеткізуде.

Интернетке тәуелділік уақыт өте келе адамға зиян келтірмей қоймайды.  Психоло­гиялық тұрғыдан адам ауытқушылыққа ұшырап, мәнсіз өмірден, баянсыз әбігерліктен жаны жабырқап, мазасыз күй кешеді. Сөй­тіп, өзіннің адами мақсат-мүдесіне қол жет­кіз­ерлік жол таппай, сан түрлі шайтани әре­кетке бой алдырады. Ақыры,  ішкі маза­сыз­дығынан құтылу үшін түрлі жол іздейді. Ол түнгі клуб па, жоқ әлде, арақ, есірткі, анаша ма... Мұның ақыры адамды рухани аштыққа, уайымсыз бойкүйездікке ұрындырады. 

Оның сыртында, қазір теледидар атаулы халықты ұзын-сонар мәнсіз-мағынасыз сериалдармен алдарқатуда. Әсіресе, қыр қазақтарының өмірі түрік, кәріс, үнді киноларын тамашалаумен өтіп жатыр. Олар бір күнде екі немесе үш сериал көреді. Әрбір сериал – 40-60 минуттан. Енді есептеп кеп жіберейік. Екі сериалға бақандай 2 сағат уақытыңыз кетеді. Аптасына 12-14 сағат кино көресіз. Бір айда 48-52 сағат сериал көруге жұмсайсыз. Жылына қаншама уақыт теледидарға телмірумен өтіп жатыр, есептеп көріңіз!  Осы сериалдар көргеннен не ұтасыз? Түк пайдасы жоқ. Әншейін босқа өткен уақыт. Ақылды адам кино көріп уақыт өткізгенше, екі дүниеде пайдасы бар әрекет­пен айналысар еді. Бала-шаға несібесі үшін еңбек етер еді, ауырып-сырқаған ағайын-жекжаттың көңілін сұрауға барар еді...

Осы орайда уақыттың құнын түсіндіретін мына бір тәмсілді тыңдаңыз: Бірде патшаға нөкерлері шомбал адамды ертіп келіпті. Бұл адам аса епті екен. Үлкен тебенді алты аттам жерге шаншып қойып, қолындағы жіпті лақтырғанда әлгі тебеннің көзінен өткізіп жібереді. Патша көріп қайран қалады. Шеберден: «Осы істі үйрену үшін қанша жыл жұмсадың?» деп сұрайды. Шебер: «Қырық жыл уақытым кетті», дейді. Хан айтады: «Мына адамға 40 ділда алтын беріңдер, оған қоса аямай 40 дүре соғыңдар», депті. Шебер: «Тақсыр, хан ием, 40 дүре соғатындай қандай айыбым бар, түсінсем бұйырмасын…» дейді. Сонда хан айтыпты: «40 алтын ділда еңбегің үшін, 40 дүре пайдасыз іспен айналысып 40 жыл ғұмырыңды босқа өткізгеніңнің жазасы», депті. Ойлап көріңіз, шынында тебен инеге алты аттам жерден жіп лақтырып көзінен өткізгеннің халық үшін қандай пайдасы бар. Мына сериалдар да – сол сияқты пайдасыз әрі мазмұны төмен, тәрбиелік мәні нашар дүниелер.

Ерте дәуірде өмір сүрген танымал тақуа Абдулла ибн Масғұд: «Өкініштен өзегімді өртейтін дүние: босқа өткен уақыттарым» десе, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) жеткен хадисте: Адам баласы қадірін білуге тиіс екі ұлы нығмет бар, біріншісі – ден­саулық, екіншісі уақыт делінген. Ал үлкен ілім иесі Қожа Ахмет Ясауи: «Кітабына үңілген бала, егін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық жасауға уақыт таппайды» десе, Абайдың: «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегені де осындағы уақыт құны жайлы мағлұматтармен ұштасып жатыр.