Бұл шара ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша аталған топтарды вакцина алуға ынталандыру мақсатында ұйымдастылып жатыр, деп жазады Egemen.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоғары оқу орнында студенттер мен оқытушыларды ынталандыру бойынша бірқатар басқа да шаралар қарастырылған. 60-қа жуық студент арнайы жеңілдіктер мен ынталандыру сыйлықтарын алды. Мәселен, жатақханада тұруға жеңілдіктер, фитнес-орталығына және бассейнге абонементтер.
Қазіргі уақытта С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттердің 86%-дан астамы, ал қызметкерлердің 98%-ы екпе алған.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен оқытушылары арасында да «Тұлпар» сауықтыру кешеніне жолдамалар ойнатылды. Ұтыс ойынының бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 10 студент 25 мың теңгеден, ал оқытушылар мен қызметкерлер 50 мың теңгеден алды. Екінші тур қыркүйектің бірінші онкүндігіне жоспарланып отыр.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері мен оқытушылары да құнды сыйлықтар мен жолдамаларға ие болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында 10 студент бір күндік автотурға және киелі жерлерге саяхатқа барады, ал 5 студент TOEFL емтиханын тегін тапсыруға мүмкіндік алады. 1 шілде – 1 тамыз аралығында вакцина алған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына Сарыағаш шипажайына жолдамалар беріледі. Олар үшін сондай-ақ ақшалай сыйлықтар да қарастырылған.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің 90%-ға жуығы, сондай-ақ 18 жастан асқан мыңнан астам студент екпе салдырды. Вакцина алған білім алушылардың арасында тіл курстарына сертификаттар ойнатылды.