• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Тамыз, 2021

Шетелдік азаматтар үшін емханаға тіркелу ережесі өзгерді

1051 рет
көрсетілді

Биылғы жылы шетелдік азаматтармен еңбек мигранттары үшін емханаға тірклеу ережелері өзгерді – оларда медициналық сақтандыру шарты болуы тиіс. Жаңа ережелер осы жылдың 15 тамызынан бастап күшіне енеді, деп жазады Egemen.kz.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 36 ұйым  алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны –жекеменшік клиникалар», деп хабарлайды  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі. 

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Олар тек шетелдік азаматтар мен еңбек мигранттарына қатысты.

Жаңа қағидаларға сәйкес, елдің аумағында уақытша болатын немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдік адамдарды емханаға тіркеу ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) шартының негізінде және оның қолданылу мерзімі аралығында ғана жүзеге асырылады. Қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттарының міндетті түрде МСАК қызметтеріне ерікті медициналық сақтандыруы болуы қажет.

Емханаға тіркеуге өтініш еркін нысанда қазақ немесе орыс тілінде, жеке басын куәландыратын құжатты немесе шетелдік төлқұжатты қоса бере отырып, ұсынылады. Өтініш беруші медициналық ұйымға жеке өтініш беруі керек немесе ол үшін ерікті медициналық сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымының өкілдері мұны жасауы керек. Азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілеріне немесе Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған медициналық ұйымдарға тіркелуге болады.

ҚР аумағына уақытша келген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесінде қазақстандық азаматтармен бірдей құқықтарды пайдаланады.

ҚР азаматтары, қандастар және ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады. 

Емханаға қалай тіркелу керек?

Бірінші әдіс (барлығы үшін).

Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы емханаға тіркелу www.egov.kz. «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Өрістерді толтыру арқылы медициналық ұйымға өтініш беру керек. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат түрінде емханаға тіркелгені туралы хабарлама жіберіледі.

Екінші әдіс (халықтың жекелеген санаттары үшін).

Еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат ұсыну арқылы емханаға барып тіркелуге болады. Бұл әдіс заң бойынша зейнеткерлерге, мүгедектерге, олардың қамқоршыларына, сондай-ақ патронат тәрбиешілерге, колонияда жазасын өтеп жатқандарға, студенттерге, мерзімді әскери қызметшілерге, шет мемлекеттерде туылған балаларға және сенімхат бойынша тіркеуді жүзеге асыратын адамдарға ғана қол жетімді.

Қашан тіркелу керек?

Қазақстанда жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін МСАК медициналық ұйымдарына халықты еркін тіркеу науқаны жүргізіледі. Медициналық көмек алу үшін тіркелудің мәртебесін тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталында ЭЦҚ арқылы тексеру ұсынылады. Тіркелу немесе қайта тіркелу кезінде емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады, қажет болған жағдайда учаскелік дәрігер науқасқа үйге бара алады. Бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.

«Науқан кезінде МСАК ұйымына тіркеле отырып, азаматтар медициналық көмекті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Яғни, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетіледі», деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы.

Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі.Тіркелуге қолжетімді емханалардың тізімімен Қордың www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.