Мобильді төлемдер нарықтағы жаңа трендке айналып келе жатыр. Бұл қауіпсіз әрі қолайлы. Бір жыл ішінде мобильді телефон және интернет арқылы жасалған транзакциялар 2,5 есе артыпты.
Биыл қаңтар-шілде аралығында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер 29,6 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе көп (12,4 трлн теңге). Соңғы бес жылда қолма-қол ақшасыз төлем көлемі орта есеппен жылына 2,2 есе өсіп отырған. Бұл өз кезегінде еліміздегі осы бағыттың қарқынды даму жолына түскенін байқатады. Коронавирус пандемиясы және карантин шектеулері процестің даму қарқынын жылдамдата түсті.
Әлемдегідей Қазақстанда да мобильді төлемдер телекоммуникация және қаржылық технологиялар нарығының басты трендіне айналды. Елімізде жүзеге асырылған қолма-қол ақшасыз төлемдердің 83 пайызы интернет және мобильді телефон арқылы төленген. Бір жылда транзакция сомасының 2,5 есе өсуі де – осыған дәлел. Интернетке қолжетімділіктің артуы интернет және мобильді қосымша арқылы іске асатын қызметтерді одан әрі танымал ете түсті. Қазір еліміздегі барлық оператордың абоненттері өз қаржысын мобильді телефон арқылы басқара алады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы интернетте төлем жасау кезінде пайдаланушылардың 21,8 пайызы мобильді төлемдерді пайдаланған. Өңірлік бөлініске салар болсақ, мобильді төлем жасау деңгейі Ақтөбе (48,5 пайыз), Жамбыл (32,7 пайыз) облыстарында және Шымкент қаласында (32,1 пайыз) аса жоғары.
Finprom мәліметінше, мобильді төлемдер үрдісінде Beeline-ның бәсі жоғары. Биыл маусым айының басында мобильді оператор Simply мобильді необанкін таныстырған болатын. Бұл – мобильді әмиян және елдегі тұңғыш Visa Platinum. Simply мобильді цифрлы төлем картасы. Өз кезегінде бұл карта барлық оператордың абоненттері үшін қолжетімді, ең бастысы – процестерді іске асыру үшін банкке баруды талап етпейді. Ал бұл банк бөлімшесіне жету қиямет-қайым болып саналатын еліміздің шалғай аудандарының тұрғындары үшін тамаша мүмкіндік. Яғни Simply – пайдаланушының телефон нөмірі бекітілген мобильді қосымша арқылы барлық операцияны жүзеге асыратын необанк. Бұл ретте қосылу, жылдық қызмет көрсету, әмиянды ашу және картаны алу тегін болмақ. Ал қаржы салу – барлық пайдаланушы үшін пайызсыз. Сонымен қатар қаржыны Simply әмиянына аудару, Қазақстанда шығарылған кез келген банк картасына аударым жасау да комиссиясыз жүзеге асырылады. Simply-дың NFC технологиясымен және елімізде бар Apple Pay, Samsung Pay, Garmin Pay сияқты цифрлы әмияндармен интеграцияланғанын да айта кету керек.
Жалпы, отандық банк секторындағы 10 екінші деңгейлі банк және үздік ондыққа кіретін 5 банк қана Platinum деңгейіндегі картаны ұсына алады. Картаны пайдаланғаны үшін жылдық төлем жасау әрқайсысында әртүрлі. «Сбербанкте» ол жылына 50 мың теңгеге дейін жетсе, «Еуразиялық банк» картаны тегін пайдалануға береді. Алайда селт еткізер шарты бар: клиенттің банкте 10 млн теңге көлеміндегі депозиті болуы тиіс. Сондай-ақ барлық банкте бірдей NFC-төлем мүмкіндігі жоқ немесе шектеулі ғана. Мәселен, «Еуразиялық банк» картасында Garmin Pay жоқ. Ал Simply пайда болғалы оны 322 мың рет жүктеп алған. Бұл осы өнімге деген сұраныстың бар екенін аңғартады. Бұл сөзімізге оның Google Play алаңқайындағы «қаржы» категориясында барлық банктің мобильді қосымшаларын артқа тастағаны да анық дәлел. Екінші орында Kaspi.kz қосымшасы орналасса, үштікті Halyk Homebank қосымшасы түйіндейді.
2021 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша елде интернетке қолжетімділігі бар 16 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген. Олардың саны бір жылда 6,9 пайызға өскен.