Маңғыстау облысында банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 млн теңге жымқырып, оның бір бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, шығарып алған, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімет таратты. «Букмекерлік кеңселердің Қазақстандағы қызметі «Ойын бизнесі туралы» Заңмен реттеледі.
«2020 жылы Маңғыстауда банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 млн теңгеден астам қаражат ұрлап, оның бір бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды», деп жазылған ресми хабарламада.
«Букмекерлік кеңселердің жекелеген қызметкерлері оңай пайда табу үшін заңның талаптарын елемейді және клиенттерді заңсыз онлайн-казино мен тотализаторларға тартады. Мысалы, Алматыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған PariMatch, ВК Triumph, «Фаворит» және PROFITBetting букмекерлік кеңселерінің лауазымды тұлғалары сотталды. Сот оларды әртүрлі жазалау шараларына үкім шығарды», деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.