• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Тамыз, 2021

Төлтума туынды арқылы ғана жаттың жүрегіне жол таба аламыз

1414 рет
көрсетілді

Үлкен сахна суреткері, жаңашыл театр режиссері Болат Атабаев бақиға аттанар алдында бой жазғандай болып Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына келіп, «Құла­герді» тамашалаған еді. Спектакль аяқталған соң театр актер­лері алқа-қотан отыра қалып, ағаларын ортаға алып, пікіріне құлақ тосты.

«Басыңнан айналдым сенің, Фархад» деді «Құла­гердің» режиссері Фархад Молдағалиға дауысы дірілдей, жасау­раған көзбен елжірей қарап. Риза болғаны ғой. Талантты танып тұрып, ішіндегісін ірікпей, ірі мінезбен бір ауыз бағасын осылай берді. Үлкен баға.

Фархад Молдағали – қазақстан­дық режиссерлердің жаңа толқы­нының жарқын өкілі. «100 жаңа есімді» толықтырған талантты жас өңірде жүріп те биік өнер тудырып елге кең танылды. Облыстық театр­да жұмыс істеп жүрген жерінен Алматыға жетелеп әкелген де оның осы таланты. Өнер орталығына келісімен «ТЮЗ» аталып кеткен Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көр­кемдік жетекшісі болып тағайын­далды. «Театр аймақтық немесе академиялық деп бөлінбейді. Театр не өлі не тірі болады» деп бастады әңгімесін Фархад.

– Фархад, Сәбит Мұқанов атындағы Петропавл облыстық музыкалық драма театрында жұмыс істеп жүрген жеріңізден өнер мен мәдениеттің ордасы Алматыға аттай қалап шақырылуыңыздың өзі сіз туралы ақпаратты айқындай түсуге әбден жарап тұр. Балуанға оңы мен солы бірдей болар, дегенмен сізге қандай тақырыптағы пьесаларды қою қиындық тудырады?

–Мен үшін қарапайым тұр­мыстық тақырыптағы пьесаларды қоюдан асқан қиын ешнәрсе жоқ. Сахнаға үстел, орындық, диван шықты дегенше, меннен дегбір қаш­ты дей беріңіз. Қиналатын се­бебім, декорация мүмкіндігіңді, ше­шіміңді шектеп тастайтын сияқ­ты тым тар шеңбер ішіне салып қояды. Сахнада үстел тұрған соң оның жанына бару керек, оны айналу керек, орындық тұрса, оған отыру керек, аударып-төңкеру ке­рек, диван қойылса, оған жату керек, осындай ұсақ-түйек нәрсе ме­нің көркемдік ой-қиялымды қа­лыпқа салып, шеңберден шы­ғармай, адымымды аштырмай тұрғандай қарадай қиналып, қара терге түсемін. Ал үстелдің үстіне шыны-аяқ қойылса, бұл тіпті қор­қынышты. Мен үшін сахнада неғұрлым минимализм салтанат құрса, бос кеңістікте қалағаныңша қиялыңа ерік бересің, ешнәрсе сені құрсауламайды, керісінше, еркін самғауға мүмкіндік бар. Кеңістік қиялыңды оятады, ары қарай әрекет етуге жетелейді.

– Сіз сахналаған Америка драматургы Вина Дельмардың «Баянсыз бақ» спектаклі – театрдың ірі табысы. Қай заман, қай ғасыр болса да, әкелер мен балалардың арасындағы қарым-қатынаста түсінбестік туатыны, бірін-бірі терістеп, күрделене түсетіні бір отбасының мысалымен әдемі тарқатылды. Расында да, әке мен бала арасын салқындататын тартыс-таластың тууы қалыпты жағдай ма, әлде мұның себебі тереңде жатыр ма?

– «Баянсыз бақты» сахналау барысында байқалмайтын сынға көп ұшырадым. Шартты түрдегі кеңістікте қойылған «Құлагер» мен «Қарагөзден» кейін бірден әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы «Баянсыз бақ» спектаклін қойға­ныма әріптестерім сенер-сенбесін білмеді. Сахнаға үлкен декора­ция құрыла бастағаннан-ақ әріп­тестерім аңтарылып қарай бастады. Өмірімде алғаш рет сахнаға үстел, орындық, диван шығардым. Сахнаға он ғасыр бұрынғы оқиғаға құрылған классикалық шығарма қойылса да, ол бүгінгі кезеңнің мәселесін толғайды. Бөлек жанрда жазылған, табиғатыма тән емес пьесаны таңдауыма не себеп? Басты себебі, режиссер жан-жақты болуы керек. Әкелер мен балалардың арасындағы тағдырды бейнелеген Дельмардың пьесасы бүгінгі қазақ қоғамына әбден лайық. Бұл бір отбасының тағдыры. Өкініші, өкпесі, мұңы бар. Бірақ қызық болғанда, көз жасы жоқ. Жылау жоқ. Айғайлап, өкіріп, бірін-бірі қарғап жатқан адамдар жоқ. «Басқа түсті, амал не, осылай болуы керек» деген ой ғана басымдыққа ие. Туыстар арасында табиғи түрде болатын мейірім селт етпейтін сал­қынқандылықпен алмасқан. Бұл өткен ғасыр басындағы Амери­каның басындағы жағдай, ал біз­де, Қазақстанда қазір бұдан зор­ғысы болып жатыр. Отбасы шең­берінен шығып, асқынып, қоғам­дық дертке айналды. Жазылмаған дала заңының ішінде отбасы құн­дылығын биік ұстау дәстүрі қылау түспеген күйі біздің ұрпаққа аман-сау жетіп еді, ал қазір қартайған ата-ананы бағайын, қас-қабағына қарайын деген бала жоқ. Бұрын біздің ұлтымыздың дәстүрінде «әке-шеше баламен, әсіресе, кенже баламен бірге тұруы керек» дейтін өзгермейтін қағида бар болатын. Қазір ата-анасына салқын тартқан мерез балалар көбейіп барады, «жо-о-қ, олар неге бізбен бірге тұруы керек» деген ой қалыпты жағдайға жеткен. Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, қырық, елу жыл бірге отасқан әке-шешесін қартайған ша­ғында ажыратып, қызы шешесін, ұлы әкесін бөліп әкететіні қалыпты жағдайға айнал­ған. Ата-ананы Қарт­тар үйіне өт­кізу – қалыпты жағ­дай. Олардан жас­тайынан іргені аулақ салу – қа­лыпты жағдай. Ал отбасы құн­ды­лығы құлдырап бәрі де «қа­лып­ты жағдайға» айналған кезде көрерменді театрға шақырып алып мораль оқу – абсурд.

– Сіздің әңгімеңізден театр­дың тәрбиелік мәнін жоққа шы­ғару ишарасы байқалады. Сонда сіз театрдың қай міндетін алдыға шығарған болар едіңіз?

–Театр тәрбиелемейді. Театр – ой салатын орын. Пьесадан әсер, әсерден ой туады, көрермен осы ойды іліп алып, санасында дамытып, өзінше түйін жасауы керек. Біз спектакль тамашалап отырып «сахнада актерлер жақсы ойнап жатыр, жақсы жұмыс істеп жатыр» деп ойлаймыз. Асылында, театрға, спектакльге келгеннен ке­йін жұмыс істейтін актер емес – көрермен. Рас, сахнада буырқанған оқиға жүріп жатыр, кейіпкерлер ғашық болады, бірін-бірі сүйеді, атады, шабады, сахнаның астынан, үстінен түтін жіберіп, музыкамен сезіміне бойлай түседі, ал көрермен болса, тып-тыныш, сілейіп қалған. Шынтуайтына келгенде, оқиға сахнада емес, көрерменнің өз ішінде, жарылыс санасында болып жатыр. Көрермен сахнадан өзін көріп отыр, досын, туысын танып отыр. Астаң-кестең жасаған сезім, жаны ашу, жек көру, осының бәрі ой салады. Қазақ драматургтерінің де «Баянсыз бақ» оқиғасына ұқсас пьесалары көп. Әке-шешесін тастап кету, Қарттар үйіне өткізіп жіберу, көшеге, күресінге лақтырып тас­тау, жылап-еңіреу. Бірақ Вина Дельмар осы тағдыр тауқыметін, отбасы трагедиясын өте нәзік, сауатты жеткізеді. Кейіпкерлерін жылатпай-ақ қайғының өзін тәт­ті етіп баяндайды. Осыдан жүз жыл бұрынғы Америкада болған оқи­ғаның Қазақстанның қазіргі жағдайымен үндестігін пайдаланып кейіпкерлерін қазақ жасап, қазақ отбасының басындағы жағдай сияқты көрсетуге болар еді. Бірақ көрермен ойлануы ке­рек. «Өт­кен ғасырдың 30-жылдарында Америкада болған оқиға бізге де жеткен екен, енді отыз жылдан кейін қазақ отбасы қандай болуы мүмкін?» Ойланатын сауал.

– «Өнер – өнер үшін» дейміз. Өтірік. Мемлекеттік тапсырыс орындаудың ең басында осы өне­­­ріміз тұр. «Патриотизм мен отан­­­шылдыққа тәрбиелеу» дей­тін идео­логия жоспарына өнер бая­­ғыда-ақ жегіліп кеткен. Қап­­та­ған мерейтой, бітпейтін атау­­лы күндер міндеттейтін тап­­сы­­рыс­тарды елге әдемі әрі пай­­далы етіп ұсынудың қандай жолы бар?

– Режиссер қоғаммен бірге жү­руі керек. Алайда театрдың қо­ғамнан жиырма жыл кейін жүретіні өкі­нішті. Қазір, міне, коронавирус бүкіл әлемді шеңгелінде ұстап отыр. Ал осы оқшау өмірдің бар шындығы мен құпиясы жиырма жылдан кейін ғана сахнада кө­рініс таба бастайды. Бірақ театр қоғаммен бірге айналуы керек еді. Сол себепті өзгенің жасағанын күтіп отырмай, бірінші болып үл­геруге тырысып жатырмыз. Сол үшін жаңа драматургтер іздеп, жаңа бағыттағы драмалар қоюды жоспарлап отырмыз.

Қазір байқасақ, «Қазақ ханды­ғының құрылғанына 550 жыл» деген тақырып қызық емес. Төрт-бес жыл бұрын хандықтың құры­луының 550 жылдығы аталып өт­кен кезде, бүгінгі жастардың тілі­мен айтқанда, бұл тақырыптың «тізесін шығарып» жібердік. Сол бір жылдың ішінде әр театр сахналауында неше түрлі Керей мен Жәнібектерді көрдік. Сахнада алуан түрлі Абылай хан атой сал­ды. Келсін-келмесін, тарихи тақы­рыптарды бұрқыратып жазудан драматургтер де, режиссерлер де аянып қалған жоқ. Алайда мұның бәрін ақша табудың амалы ғана деп ойлаймын. «Айт» десе, атырылып шабатын науқаншылдыққа көзсіз кіретін мінезден арылмай-ақ қойдық. Сол жылы халықтың есі шығып, ең соңында жалығып кетті. Мемлекеттік тапсырыс екенін түсінеміз, мақұл, бірақ құрығанда, сапа болуы керек еді ғой. Мәселе сонда – сол спектакльдердің көп­ші­лігінде сапа да болған жоқ. Қазақ­станның үлкен-кіші театр­лары Керей мен Жәнібек туралы спектакльдерді жарысып келіп қойды, ал қанекей, қайда солар қазір? Ерінбеген адам жай қызық үшін сол спектакльдерді театр репертуарынан іздеп көрсінші, таба алар ма екен? Қыруар ақшаға қойылған спектакльдер қайда кетті қазір? Жоқ! Себебі 550 жылдық нау­қаны өтіп кетті. Енді оларды 560 жылдықтың қарсаңында қайта қал­пына келтіру үшін алақандарын ысқылап отырған болар. Ащылау айтқаным асылық болып жатса көпшілік айыпқа бұйырмасын, былтыр Абайдың 175 жылдығын­да карантин басталып кетіп, ұлы ақынның «жаны» қалды. Әйтпесе Абай да Керей мен Жәнібектің күйін кешер ме еді. Абайдың образы шыға ма, шықпай ма, сахнада Абай бар ма, жоқ па, біздің режиссерлеріміз оған қарап жатқан жоқ. Мейлі, ол тапсырма болсын дейік. Бірақ адамда, әсіресе, сахна суреткерінде талғам болуы керек емес пе?

Менің арманым – ұстазым Ма­ман Байсеркенұлының құр­метіне «Абылай ханның ақырғы күндерін» қайта сахналау. М.Әуе­зов атындағы Ұлттық театрдың сахнасында қойылған бұл спектакльді кезінде Елбасымыздың өзі келіп көрді, репертуардан ұзақ жылдар түспеді. Осы спектакльді қайта жаңғыртуды күні-түні ойлаймын. Бірақ қай сахнада қою керегін біл­меймін. Себебі Абылай ханды ойнайтын актерді әлі таба алмай келемін. Абылай хан кім? Ол қай театрдың актері? Бұқар кім? Ол қайда жүр? Білмеймін...

– Сіз спектакльді қоймас бұрын алдымен актерді көздейсіз бе? Актер табылғаннан кейін ғана спектакль қоюға кірісетін болып тұрсыз ғой, шамасы...

– Ия, алдымен актерді тауып алуым керек және сол театрдың шығармашылық әлеуеті мен мүм­кіндігін шамалауым керек. Кей­де «мені Қазақстанның жарты ­теат­рының өкілдері ұнатпайды-­ау осы» деген ой келеді. Себебі спек­такль қоюға қолқа салып, шақы­ратын театрлар өте көп. Бірақ бә­ріне бірдей бара алмаймын. Мені дан­дайсып кеткен біреу деп ойлап отырғандарына еш күмәнім жоқ. Сыпайы қарсылық білдіре беруден өзім де кейде қысыламын. «Келіп спектакль қойып бер» деп театр басшылары телефон со­ғады. «Дайын емеспін» деймін. «Қа­лай дайын емессің, кел де қо­йып бере сал». Бірақ оның труппа­сын көрмесем, ол актерлердің мүм­кіндігіне лайық спектакль ұсына алмасам, өзім білмейтін театрға барып, қалай қойып бере саламын? Өнердің осалдығы осыдан келіп шығады. Пьесаны таңдап алған соң іштей пісіріп, санаңда жетілдіріп, талай күндер толғанып, дайындалуың керек. Ал шақырған театрлардың бәріне барып, асығып-аптығып жүріп шала-шарпы спектакльдер әзірлеп берсем, екі жылда толықтай жағдайымды жасап алар ма едім? Бірақ деңгей деген болады. Оны ұдайы өсірмесең, хал­тураға салынып, өшіргенің қия­нат болады. Қай театрға барсам да, ұлы мәртебелі актердің ал­ды­на барғанда мен сақадай-сай да­йын болып баруым керек. Мен үшін әрдайым басты орында актер тұ­рады. Әр актер рахаттанып ойнайтын пьесаны әзірлеу – режиссер міндеті. Шығармашылықты қинап, қиналып тудыруға болмайды. Ғ.Мүсірепов театрына да бірден келісіп келе салғам жоқ. Алдымен «Құлагер» спектаклін қойып, актерлермен жете танысқаннан кейін ғана келуге шешім қабылдадым. Ал Қызылжар буынымды бекітіп, қанаттандырып, қияға самғатқан ыстық ұя, алтын мектебім болып қалады. Өнер академиясында жүріп алған білімім орта секілді көрініп, көңілім олқы тартып жүргенде, Қызылжар театры лабораториялық орталық секілді сол вакуумды тол­тырғандай болды. Үйренуге тиіс, режиссер білуі тиіс барлық құ­­пия-қатпарды Қызылжар теат­рын­­да жүріп меңгеріп шықтым. Шы­ғар­машылықпен алаңсыз айналы­суыма мүмкіндік берген театр директоры Біржан Жалғасбаевқа бұл үшін әркез алғыс айтып отырамын.

– Ғ.Мүсірепов атындағы драма театры Қазақстан театр­лары­ның арасында бірінші бо­лып Чехов фестиваліне қаты­суға ша­қырту алып отыр. Биік дә­ре­желі «А» санатындағы халық­аралық фестиваль қай қырымен құнды?

– Дүниежүзілік өлшеммен ал­ған­да, театрлар арасында өте­тін бәйге көп, бірақ «А» санатын­дағы байқау болып саналатын, бәсекесі жоғары халықаралық Чехов фестивалінің орны бәрінен бөлек, әрине. Менің «Құлагерім» олардың қызығушылығын туғыза алады деп ойлаймын. «Құлагер» – таза қазақтың дүниесі. Ұлттық төлтума туынды. Біздің фольклор, біздің дауыс, біз­дің даламыздың иісі. Бұл спектакль оларға соны­сымен қызық. Біз Англияға барсақ, Шекспирді, Ресейге барсақ, Че­ховты апаруымыз керек деп ойлаймыз. Жоқ. Біз тек төлтума туын­ды арқылы ғана жаттың жү­регіне жол таба ала­мыз. Бұл фес­тивальге ілгеріде Орта Азиядан тек қырғыз театры ғана қатысуға мүмкіндік алды. Себебі ол пьесадан қырғыздың иісі аңқып тұрды. Ал «Құлагер» несімен қызық болады? Шығарма өзегіндегі жылқы, бәйге деген ұғым – қазақтың өз болмысымен біте қайнасқан архетип ұғым. Жылқы мен қазақ – егіз. Ендеше ол қалай да басқаның назарын өзі­не аудара алады.

– Сіз қойған «Қарагөз» спек­таклі Талдықорған қаласында өткен Орта Азия театрларының халықаралық фестиваліне қа­тысқаннан кейін электронды ақпарат құралдарының бірінде қатал сынға ұшырады. Сол «Қара­гөзді» ТЮЗ-ге әкеліп қай­талап қойғалы отырған көрі­несіз, бір жасаған дүниеге қайта ора­лудың не мәні бар?

–Біріншіден, «Қарагөз» бір-ақ адамның сынына ұшырады. «М.Әуезовтің шығармасын дәл Фархад Молдағалидай құртқан режиссер жоқ шығар, сірә» деп жазды. Бірақ солай бола тұра, жалпы қазақ театр өнеріне Фархадты таныстырған «Қарагөз» болатын. Бүкіл театр қауымы, өнер өкілдері, қарапайым көрермен те­гіс тамашалады. Сын, бәлкім, сти­ліне байланысты айтылған болар, бірақ спектакльдің мазмұны, идеясы биікте белгіленген ұлттық құндылық пен дәстүрдің орнын төмендетіп алмайық деген ойдан туған еді. «Жеті атасына дейін қыз алыспаған қазақтың өмір салты таза күйінде сақталса» деген ниеттен туған. Бүгінде сәнге айналған «ұлттық код» деген ұғымның нағыз салтанат құрған жері сол спектакль еді. Дәстүрімізді, ділімізді, наным-сенімімізді алдыға алып шығатын осы дүниемді расында мен ұзақ толғатып, тылсым күштің көмегімен дүниеге әкелген едім. Сын жазып отырған адамға Сы­рым мен Қарагөздің бір қабат киімін шешкені ерсі көрінген болар. Бірақ олар жалаңаш қалған жоқ. Енді жиырма жылдан кейін біреу маған: «сен қазақ театры үшін не істедің?» деп сұрақ қойса, ойланбастан көзіне тура қарап тұрып «Қарагөзді» қойдым» дер едім. Мен үшін өте қымбат спектакль. Петропавлдағы театрдан мен кеткен соң басты рөлде ойнайтын актерлер де жұмыстан кетті. Спектакль сыртта жеті-ақ рет ойналды. ТЮЗ-ға келгеннен кейін ­театр директоры Азамат Саты­бал­ды да «Қарагөзді» қайталап қоюымды қалады. Спектакльдің аманаты деген болады. Ғұмыры екі-ақ жылға созылған ел ұнатқан спектакльге жаңа өмір сыйлағым келді. Бұл спектакльге ақша бөлінбей­ді, премьера жасалмайды. «Қарагөз­ге» жаңалық енгізбеймін, өзгертпей­мін, толықтырмаймын, Қызылжар театрында қалай қойылса, солай қалпына келтіремін. Себебі Сы­рым мен Қарагөзді, Наршаны ТЮЗ-дің әртістері емес, Қызылжар театрынан кетіп қалған әртістер өздері ойнайды. Спектакльдің ең басты жаңалығы да, сол.

– Қазақ театрларының сахнасында тыйым салынған табу тақырыптар бар ма? Өнердің сая­саттан қаншалықты алыс бол­ғаны жөн?

– Жалпы алғанда, цензура жоқ. Бізді қуантатыны – осы. Қала­саң, саясаттың ең кү­йіп тұр­ған күр­делі мәселесін ал да, сах­на­ла. Мархабат, ешкім қо­лың­нан қақ­­пайды. Керісінше, театр бү­кіл шындықты айтуға мүм­кін­дік сыйлайтын жалғыз орын. Бі­рақ жеткізудің жөнін біл, тә­сі­лін тап. Қасқа маңдайды қа­қы­ратып, қос қолдап ұрғандай қара­байыр әдіспен емес, көркем боя­уын келістіріп айта білсең, кез кел­ген шындығың жұтынып шыға келеді. Солай бола тұра, сырттан цензура болмағанымен, көркемдік жетекшінің ішінде өз цензурасы болуы керек. Ол – қазақтың діліне жат, ұлттық ұстанымына қайшы, мүддесіне кереғар, мемлекеттің тұтастығы мен татулығына қауіп төндіретін тақырып ешқашан сахнадан көрініс таппауы тиіс деп ойлаймын. Спектакльдің идеясы керемет болса да, ол ұяттан аттамауы керек.

– Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық, мол жыл­дар» повесін пьесаға айнал­ды­руыңыздың себебін білгіміз келеді. Ербол мен Меңтайдың арасындағы мөлдір махаббатқа жаңа заманның жастары сене ме? Шығарманың оқиғасы тым ескі тартып кеткен жоқ па, не­сімен өзекті болды?

– Сахна өнеріне әдеби шы­ғар­­малардың араласа бастауы дра­ма­тургия тапшылығын біл­дір­мейді. Әсіресе, театрларда жас дра­матургтердің пьесалары кө­бірек қойылуы керек деп санаймын. Өйткені онсыз да драматургтер тапшы кезде, жас драматургтер режиссерлермен, театр­мен қанаттасып бірге жүрмесе, ертең­гі күні олар роман, киносценарий жазып кетеді немесе көңілі қал­ғандары қолын бір сілтеп, өнер ортасынан біржола безіп қалады. Сондықтан театр уақытқа ілестіріп, оларды өзімен бірге алып жүруі керек. Дәл қазіргі уақытта қарымды, талантты жас драматургтердің тегеурінді толқыны келді. Мысалы, «Махаббат, қызық, мол жылдар­ды» сахналау үшін алдымен спек­такльдің алты нұсқасын жасадым. Бірақ алғашқы нұсқасынан ар­тығы болмады. «Ербол мен Мең­тайдың махаббатына сене ме?» дей­сіз. Біздің театрымыздың басты кө­рермені жастар ғой – сенді. Себе­бі біз өзіміз, актерлер труппасы, сеніп жұмыс істедік. Әрине, біз соғысқа, 1960 жылдарға қайтып барған жоқпыз, повесть оқиғасын қысқартып, кей сәттердің орнын ауыстыра отырып, композицияны осы кезеңге лайықтап құрдық, бірақ жұлын-жүйесіндегі басты нәрсе – тазалықты сақтадық. Өмірде бәрі өзгеруі мүмкін, бірақ адамның се­зімі өзгермейді, сондықтан болар, Ерболдың тазалығын, Меңтайдың адалдығын бүгінгі жасқа үлгі еткі­міз келді, жастардың өте жақсы қа­былдағанын көрдік. Біз қазір күрделі өмірді бастан өткеріп отырмыз. Әлеуметтік желіні ашқанда әлдекімнің суретін көрсек зәре құтымыз қалмай, соңына дейін оқып шыққанша жүрегіміз атқақтап, аузымыздан шығып кете жаздайды. Жұрттың жүйкесі тозған, шыбық тимес шыңқ етер мінезбен бірін-бірі аяйын деп тұрған жоқ. Әрең жүрген адамдарға тағы бір трагедияны ұсынсақ, одан ары тоздырып, қинап жібермейміз бе? Күнделікті тіршілік қажытқан, өңі сынық, шаршап жүрген адамдарға мөлдір дүние ұсынғымыз келгені де сондықтан. Оқиғасы ескі көрінетін әдеби шығарманы жаңаша әдіптеу тәжірибесі бізге нені көрсетті? Театрға тазалану үшін келетін бүгінгі көрермен адамгершілікке, шындыққа, адалдыққа сусап отыр екен, осыны түсіндік.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ