• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Тамыз, 2021

Софья БЕРУЛЬЦЕВА: Алтын ала алмағаным үшін өзегім өртенеді

436 рет
көрсетілді

Каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцеваның төрт тілде сөйлей алатынын Күншығыс елінде жүлде алғанында бір-ақ білдік. «Egemen Qazaqstan» газетіне арнайы қазақ тілінде сұхбат берген Софья Олимпиаданың биік тұғыры қолсозым жерде тұрғанда, елімізге алтын медаль алып бере алмағынына өкінгенін айтты. 

Ниет пен ынта керек

– Софья, алдымен Токио Олим­пиа­дасының қола жүлдесімен құттық­таймыз! Қазақстанға келгеннен кейін еліңіз құрметтеп, қошеметтеп жатыр. Жақында Президенттің Жар­лы­ғымен «Құрмет» орденімен мара­пат­талдыңыз. Бас басылымның атынан құттықтауымызды қабыл алыңыз...

– Рахмет. Мұның барлығы халықтың қолдауымен болып жатқан дүние ғой. Сіздердің газеттеріңіз арқылы қалың қазақ еліне алғыс айтамын.

– Олимпиадада журналистер сауа­лы­на қазақ тілінде жауап бергеніңіз қуант­ты.

– Иә, мен қазақ тілінен бөлек, орыс, ағыл­шын және түрік тілінде еркін сөйлей аламын.

– Бәрекелді. Төрт тілді қалай мең­геріп жүрсіз?

– Әр нәрсені үйрену үшін ниет пен ынта керек. Көршілеріміздің көбі – қазақ отбасылары. Кішкентай кезімнен көршілеріміздің сөйлегеніне қатты қызығатынмын. Ата-анама қазақша сөйлегім келеді дейтінмін. Сосын олар мені балабақшаға қазақ тобына берді. Көп уақыт өтпей-ақ топтағы балалармен, көршілермен қазақ тілінде еркін сөйлей бастадым. Мектепті, университетті орыс тілінде оқығаныммен бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлей аламын. Ағылшын тілін жақсы меңгердім. Түрік тілін де кейіннен үйреніп алдым.

– Өкінішке қарай, каратэ спорты 2024 жылғы Париж Олимпиадасы бағдарламасында жоқ. Бұл сіздің жоспарыңызға өзгеріс алып келе ме?

– Шынымды айтсам, Олимпиадаға дейін осы хабарға аса бір қатты назар аудармадым. Менің басты мақсатым Токиода топ жару еді. Бұған дейін мен қарсыластарым үшін «жұмбақ» болып келдім ғой. Соның көп көмегі тиді. Олимпиадада каратэ сайысы жоғары деңгейде өтті. Халықаралық олимпиада комитеті тағы да ойлана жатар. Қалай болғанда да үмітімізді үзбейміз. Қандай жағдай болсын біз өз жоспарымызбен жүре береміз. Осындай әдемі спортты Олимпиададан алып тастау дұрыс емес.

– Иә, Токио­да медальдар сарапқа салынған кара­тэнің «ката» мен «кумитэсі» шынында да әдемі спорт түрі екен. Осындай әде­мі спортпен қанша жастан бастап айна­лысып жүрсіз?

– Мен Шымкент қаласында туып-өстім. Алты жасымнан бастап осы спортпен «доспын». Отбасының жалғыз перзентімін. Әкем осыдан төрт жыл бұрын о дүниелік болды. Қазір анам екеуміз бірге тұрамыз.

Каратэнің «ката» мен «кумитэ» түріне тоқталсақ, кез келген каратэші алдымен «ката» спортымен міндетті түрде шұғылданады. Кейін қалауы бойынша «кумитэмен» айналысуға болады. Мен де осындай кезеңнен өттім. Әр жекпе-жектің басында аттарын жариялаған кезде екі қатысушы, біреуі қызыл белдікпен, екіншісі көк белдікпен алаңның шетіндегі сызықта «катаның» бас төрешісіне қарап тұрады. Төрешілер бригадасына тағзым еткеннен кейін көк белдіктегі спортшы алаңның сыртындағы орнына жайғасып, қызыл белдеудегі қарсыласының өнерін тамашалайды. Қызыл белдеудегі спортшы бірнеше бөлімнен тұратын жаттығуын жасағаннан кейін, кезек көк белдеудегі каратэшіге тиеді. Жарыс біткеннен кейін екі қатысушы да алаңның шетіне оралып, судьялардың шешімін күтеді. Ал «кумитэде» өздеріңіз көргендей бірнеше спорттың әдістері бар. Аяқпен де, қолмен де әдіс жасап, ұпай алуыңа болады.

 Бұйырған кетпейді...

– Олимпиада жолдамасына қалай ие болдыңыз?

– Олимпиада бағдарламасына каратэ спортының енгені туралы хабарды естігенде қатты қуандым. Олимпиадаға тікелей жолдама алу үшін әлемдік рейтингте 1-2-орында болсаң, Дархан Асаділов секілді бірден жолдама аласың. Мен бұған дейін 68 килодан жоғары салмақта сынға түсіп жүргенмін. Алайда Олимпиадаға жолдама алу үшін менің салмағым мен 68 килоға дейінгі салмақ біріктіріліп, әлемдік рейтинг түзілді. Мен ол рейтингте үздіктер қатарынан көріне алмадым. Шамамен 200 ұпай жетпей қалды. Одан кейін Парижде өткен іріктеу турниріне қатыстым. Ол турнирден де жолдама ала алмадым. Осылайша, қанша жүгірсем де Олимпиада жолдамасы уысыма бірден түспеді. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді», деген рас екен. Токиодағы додаға бір ай қалғанда барлық салмақ бойынша Азия аймағына берілетін Олимпиаданың жалғыз жолдамасы маған бұйырғанда төбем көкке екі елі жетпей қалды.

– Олимпиада жекпе-жектеріне тоқталсақ. Шынымды айтсам, «А» тобындағы қарсыластарыңызды көріп, сізді топтан шыға алмайды-ау деген күмән болды. Соған қарамастан топтан суырылып шықтыңыз. Алғашқы қарсыласыңыз түрік спортшысына қандай тактика қолдандыңыз?

– Иә, расында да қарсыластарым осал емес. Еуропа, әлем чемпионаттарында жүлде алған әккі каратэшілер. Алғашқы қарсыласым үш дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері түркиялық Мельтем Ходжаоглу еді. Кездесу 5:5 есебімен аяқталып, алғашқы бір ұпайымды еншіледім. Тең түскен жағдайда ереже бойынша кездесуде кім бірінші ұпайын еншілейді, соған жеңіс берілу керек-тұғын. Алайда түрік спортшысы жекпе-жек барысында бірнеше ескерту алғанның кесірінен тең нәтижеге қанағат тұтты.

– Келесі қарсыласыңыз Еуропа ойын­дарының жеңімпазы, әлем чем­пио­натының бірнеше дүркін жүлде­гері Сильвия Семераро болатын. Мұн­дай азулы қарсыласты үлкен ұпай айыр­машылығымен жеңу оңай болмаған шығар...

– Біз Олимпиада алдында барлық қарсыласымызға тыңғылықты дайын­дал­дық. Кейбірімен жарыстарда кездестік. Италиялық каратэші жақын қашықта аяғын өте жылдам сермеп ұпай жинап алатынын білеміз. Сондықтан оған ара қашық­тықты ұстап отырып, қарымта ша­буылға түспей ұпай жинап отырдым. Нәтижесінде, қарсыласымның мық­ты­лығына қарамастан 5:1 есебімен ұттым.

– Ал әлем чемпионы, Еуропаның екі дүркін жеңімпазы Ирина Зарецкаямен болған жекпе-жекте қарсыласыңыздан гөрі сіз «фаворит» болдыңыз емес пе?!

– Кезінде Украина атынан шығып, әлем, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған, бүгінде Әзербайжан құрамасы сапында Еуропа ойындарының, әлем, Еуропа біріншіліктерінің бас жүлдесіне ие болған Ирина Зарецкая – рейтингте бірінші орында тұрған спортшы. Бұл қызды мен бұрыннан танимын. Сондықтан оған қарсы құрған тактикамыз жемісін берді. Өмірімдегі ең маңызды кездесуімде жеңіске жететініме сенімді болдым.

Бастапқы жиырма секунд ішінде бірден екі ұпай жинадым. Мұндай белсенділікті менен күтпеген қарсыласым бірден есін жинап, бірнеше соққы жасап 3:2 есебімен алға шықты. Есепте жеңіліп жатсам да саспадым, керісінше барынша сабырлылық танытып, өз мүмкіндігімді күттім. Белсенді шабуылдардан кейін есеп 4:4 болды. Жекпе-жектің аяқталуына санаулы секунд қалғанда, жасаған соққым дөп тиіп, жеңісті жұлып алдым. Нәтижесі – 5:4. Осы жеңістен кейін бес ұпайға ие бо­лып, мерзімінен бұрын жартылай финал­ға өттім.

– Соңғы кездесуде жапондық спортшыдан ойсырай жеңілгеніңіздің себебі неде?

– Менде жұрт біле бермейтін жара­қат көп. Жапониялық Аюми Уэку­самен болған соңғы кездесу ештеңе шеш­пегендіктен, жарақат алмай, кездесуді тезірек аяқтау жоспары болды. Есепті жапондық ашқанымен, артынша «юки» алып, 1:1 есебімен теңестірдім. Бірақ мойындау керек, Аюми маған қарсы жекпе-жекте белсенді болды. Аз уақыт ішінде дәл соққы бере алды, содан кейін «иппон» жасады. Нәтижесінде, 5:1 есебімен жеңіп кетті.

– Жартылай финалда мысырлық каратэшіден бір ғана ұпаймен жеңіл­діңіз. Жеңіске жету үшін не жетпеді?

– Айта берсек, себеп көп. Менімен екін­ші жекпе-жекте кездескен италиялық Сильвия Семераро мен жартылай финалда «айқасқа» түскен Фериял Абделазиз биыл Парижде өткен Олим­пиадалық іріктеу жарысында финалда кездесіп, италиялық жеңіске жеткен еді. Сондықтан екеуін де жақсы танимын. Мысырлық каратэші бірнеше ірі турнирлерде олжа салған. Соған қарамастан менің одан басым түсетін мүмкіндігім көп еді. Әдістерімді дұрыс пайдалана алмадым. Бабым келіп тұрғанымен бұл кездесуде бағым жанбады. Себебі, мұның алдындағы кездесулерде 5:4, 5:5 есебі тіркеліп, барлығы менің пайдама шешілді. Ал Фериял Абделазизбен өткен тартысты жекпе-жекте 4:5 есебімен қарсыласыма жол бердім. 

– Қола жүлде де керемет нәтиже ғой. Марапаттау сәтінде көз жасыңызға ерік бердіңіз. Бұл қуаныштың көз жасы ма, әлде?..

– Оған да себеп көп. Біріншіден, қарсыласымнан айқын жеңілген жоқ­пын. Егер де тағы 3-4 секунд уақыт бол­ғанда оны айқын жеңетін едім. Фи­налға жолдама алған мысырлық қарсы­ласым Олимпиада чемпионы атанды. Екіншіден, Қазақ еліне, жерлестеріме алтын медаль алып бере алмағаным үшін күйіндім. Үшіншіден, марқұм болған әкемнің, сондай-ақ былтыр 31 желтоқсанда өмірден өткен әкеміздей болған ұстазымыз Жасталап Санауовтың осы жеңісімізді көре алмай кеткені есіме түсті. Өздеріңіз білесіздер, Жасталап Санауов – елімізде каратэнің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат.

 Соңғы мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды

– Токио додасында ел Дархан Аса­діловтен алтын медаль күтті. Оған биік тұғырдан көріну үшін не жетпеді деп ойлайсыз?

– Командамыздың көшбасшысы Дархан Асаділовтен ел алтын медаль күткені рас. Оған себеп те жоқ емес еді. Дархан әлемдік рейтингте көш бастап тұр. 60 кило Олимпиада бағдарламасында болмағандықтан, Дарханға 67 килоға дейінгі салмақта сынға түсу қиындық туғызды деп ойлаймын. Оның үстіне Олимпия ойындарындағы қарсыластары да осал болмады. Жапониялық Наото Саго 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, италиялық Анджело Крещенцо 2018 жылғы әлем чемпионы және франциялық Стивен Да Коста 2018 жылғы әлем чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы атанған әккі спортшылар еді. Нақ осы француз жартылай финалда Дарханнан басым түсіп, 

Токио Олимпиадасының чемпионы атанды. Соған қарамастан Қазақстанның спорт тарихында каратэден тұңғыш рет Олимпиаданың жүлдесін алып берген Дархан жарады.

– Командадағы ең жас спортшы­лардың бірі – Мөлдір Жаңбырбайдың да жүлдегерлер қатарынан көрінуге зор мүмкіндігі бар еді ғой. Оған не болды?

– Мөлдір жарысты сәтті бастағанымен, топтан шыға алмай қалды. Ол алдымен Мысыр қызын ұтты. Екінші кездесуде аустриялық спортшыдан басым түсіп тұрып, жеңіліп қалды. Кейін Украина қызын да жеңіп тұрып, жекпе-жек аяқталуына 2-3 секунд қалғанда жеңісті беріп қойды. Мөлдір В тобында сынға түсіп, екі кездесуде жеңілді. Бір кездесуде тең түсті. Ал бір жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Негізі, Мөлдірдің дайындығы өте жоғары еді. Алайда бір қатені екі кездесуде жіберіп, есепте алда тұрған жерінен ұтылды. Аустриялық спортшымен өткен кездесуде жоқ жерден қате жіберіп, сол қателік топтағы бүкіл жағдайды шешіп кетті.

– Нұрқанат Әжіқанов пен Данияр Юлдашевті мамандар ауыр топқа түсті дейді...

– Командамыздың ең жас мүшесі 20 жастағы Нұрқанат туралы біраз әңгіме айтуға болады. Ол ересектер додасына бар-жоғы үшінші рет қатысып отыр. Тіпті бұрын-соңды рейтинг үшін ұпай берілетін Премьер-лига додаларына да қатыспаған. Жас мөлшеріне байланысты ірі бәсекелерден сырт қалса да, Токио төрінде әйгілі чемпиондармен терезесі тең өнер көрсетті. Азулы қарсыластарынан осал болған жоқ. Негізі, оның салмағында Ермек Айназаров ел намысын қорғап жүрді. Бірақ тізесінен жарақат алған соң, соңғы лицензиялық турнирде бапкерлер Нұрқанатқа сенім артты. Францияда өткен Олимпиадалық іріктеу турнирінде топ жарып, кішігірім сенсация жасады. Олимпиадада Нұрқанат алғашында Аустралия өкілі Цунзари Яхироны сенімді ұтты. Ал германиялық Ноа Битщке кездесудің аяқталуына 3-4 секунд қалғанда ұпай беріп қойды. Бұл да тәжірибенің аздығынан, ірі жарыс­тардың дуына түспегеннен деп ойлаймын. Кейін италиялық спортшы, екі дүркін әлем чемпионы Луиджи Буса­ны ұтқанда мамандардың назары Нұр­қанатқа бірден ауды. Себебі Олим­пиадада Бусаны тек Нұрқанат қана жеңді. Кейін әзербайжандық Рафаэль Агаев­ке 2:3 есебімен жол берді. Токиода Нұр­қанат неміс спортшысына ұпай бермегенде, топтан шығып, кем дегенде қола медаль жеңіп алар еді. Ал Данияр Юлдашев өте ауыр топқа түсті. Шыны керек, осы салмақта А және В топтарында тепе-теңдік болған жоқ дейді мамандар. Үшінші кездесуге дейін Даниярдың жартылай финалға шығатын мүмкіндігі болды. Бірақ рейтингте бірінші тұрған түркиялық спортшыдан жеңілген соң, медальдан үмітін үзді.

– Олимпиадаға дейін Токио додасынан жүлделі боламын деп ойладыңыз ба?

– Каратэ Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енгенін білесіздер. Оның үстіне, келесі ойын бағдарламасында болмайтындықтан, мен үшін бұл жалғыз әрі үлкен мүмкіндік еді. Барлық спортшы мұны жақсы түсінді. Олимпиада алдында әрбір жекпе-жекте жеңіске жетемін деп мақсат қойғанмын. Осы додада барымды салдым деп ойлаймын.

– Каратэнің Қазақстандағы деңгейі қандай?

– Каратэден Қазақстан спортшы­ларының болашағы зор. Өйткені команда жас. 34 жастағы Дархан Асаділовтен басқалары 20-22 жаста. Өзіміз де жаспыз. Елімізде өкшемізді басып келе жатқан жүздеген мықты спортшы бар. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де жақсы болады. Қазақстан каратэшілері әлемде ең мықты командалардың бірі екенін Токиода дәлелдеді деп ойлаймын. Өкініштісі, бар болғаны 60-қа жуық спортшы Олимпиадаға қатысты. Бұл шамамен 400-ге жуық спортшы қатысқан дзюдомен, 130-ға жуық спортшы қатысқан таэквондомен, 300-ге жуық спортшы қатысқан боксшылармен салыстыруға келмейді. 60 спортшы алты салмақ дәрежесіне бөлінсе, әр салмақта он спортшыдан ғана бақ сынады. Кейбір атлеттер үшін Олимпиада чемпионы атанғаннан гөрі, ойынға жолдама алу қиынырақ соқты. Соған қарамастан алты салмақ дәрежесінде Қазақстан бес жолдама алды. Бұл – үлкен көрсеткіш.

– Жоспарыңызды бөліс­сеңіз?

– Қараша, желтоқсан айларында әлем чемпионаты мен Азия чемпионаты өтеді. Бұйыртса, сол додаларда чемпион атанып, елді тағы бір қуантсам деймін.

– Әңгімеңізге рахмет, алтын жүл­деңіз көп болсын!

– Рахмет, айтқаныңыз келсін. Газет ұжы­мына шығармашылық табыс тілей­мін. Оқырмандарыңыз көп болсын.

 

Әңгімелескен

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»