Қазақстан ғарышкерлік дамуының басынан бастап ғарыш кеңістігін игерумен тарихи байланысты болды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алғашқы жасанды Жер серігі 1957 жылы ұшырылғаны белгілі. Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин де 1961 жылы «Восток» ғарыш кемесімен қазақ даласынан ғарышқа аттанды.
Бұл бірегей оқиғалар – ХХ ғасырдың ең үлкен жетістігі. Кейіннен АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Италия сияқты елдер де өз азаматтарын ғарышқа ұшыра бастады. 70-жылдардың басында бұл қатарға Жапония, Қытай, Нидерланд, Испания және басқа елдер қосылды. Қазіргі таңда әлемнің 200-ден астам елі ғарыш қызметімен айналысады. Олардың көпшілігінде өздерінің ғылыми және қолданбалы маңызға ие жасанды серіктері бар.
Биыл – отандық ғарыш ғылымы және бүкіл Қазақстан үшін айтулы жыл. Нақты айтқанда, 2021 жылғы 12 сәуірде әлем жұртшылығы адамзаттың ғарышқа ұшуына 60 жыл толғанын атап өтті. Бұл оқиға басқарылатын космонавтиканың әлемдік символы болды.
Осы уақыт аралығында 570-ке жуық ғарышкер-зерттеуші ғарышта болған екен. Ал олардың 150-ден астамы ғарышқа қазақ жерінен ұшып, «Байқоңырда» ғарышкер мәртебесін алды.
Қазақстанда басқарылатын кешендердегі ғарыштық зерттеулер қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Т.Әубәкіровтің ұшуымен тікелей байланысты. Дәлірек айтқанда, аталған зерттеулер 1991 жылы «Қазақстан-Ғарыш» нысаналы кешенді ғылыми бағдарламасы аясында серпінді дами бастады.
Академик Ө.М.Сұлтанғазиннің ғылыми жетекшілігімен Қазақстан Республикасының ҒЗИ мен ЖОО және Ресей Федерациясының ғарыш саласы ұйымдарының ғалымдары мен мамандары «Мир» ОК бортында ғылыми зерттеулер мен эксперименттердің бағдарламаларын сәтті орындады. Бұл жұмыстарға қазақстандық ғарышкерлер де қатысты.
Әлемдік басқарылатын ғарышкерліктің даму тәжірибесі және «Мир» ОК мен ХҒС бортында Қазақстан Республикасының ғылыми ізденістері мен ғарыштық эксперименттерінің бағдарламаларын іске асыру ұшу алдындағы кезеңде даярлықтан өтетін ғарышкерлерге жаңа бірегей ғылыми нәтижелерді алуда айқындаушы рөл берілетінін көрсетті. Бұл өздерінің функционалдық міндеттерін орындау және ұлттық ғылыми бағдарламалар шеңберінде ғарыштық зерттеулер мен эксперименттер жүргізу үшін ғана емес, штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде бірін-бірі өзара алмастыру мақсатымен басқа елдердің ғылыми бағдарламаларын іске асыру үшін қажет болды.
Біздің ғарышкерлер әлемдік деңгейде қазақстандық ғылымның жоспарланған ғарыштық эксперименттерін орындап қана қоймай, басқа мемлекеттердің ғарыш саласындағы ғылыми бағдарламаларын орындауда тең құқылы әріптестер болды.
Сонымен қатар ғарышкерлердің өздері басқарылатын кешендерде ұшу кезінде ғарыштық медицина және биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулердің объектілері болып саналады.
Қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы кезінде басқарылатын кешендердің бортында әлемдік ғарышкерліктің негізгі бағыттары бойынша ғарыштық эксперименттер жүргізілді. Мәселен, 1991 жылы «Мир» ОК-де Т.Әубәкіровтің ұшуы кезінде бес ұйымның қатысуымен бес ғарыштық эксперимент орындалды. Ал 1994 жылы Т.Мұсабаевтың ұшуы кезінде ҚР ҰҒА-ның оннан астам институтының қатысуымен 8 ғарыштық тәжірибе жүргізілді. Одан бөлек, 1998 жылы 20-дан астам ұйымның ғалымдары мен мамандарының қатысуымен 23 кешенді (жерүсті және ғарыштық) эксперимент орындалды. Қазақстан 2001 жылы ХҒС бортында ғылыми зерттеулер мен эксперименттер бағдарламасын алғашқылардың бірі болып іске асырды. 2015 жылы А.Айымбетовтің ХҒС-қа ұшуы кезінде Қазақстанның сегіз ҒЗИ мен ЖОО ғалымдарының қатысуымен 10 ғарыштық эксперимент жүргізілді.
Қазақстандық ғарышкерлердің «Мир» ОК мен ХҒС-тағы ғылыми бағдарламаларын орындау арқылы айтарлықтай ғылыми және қолданбалы маңызы бар нәтижелер алынды. Олар өз кезегінде Қазақстанда ғарыш ғылымының дамуында халықаралық деңгейге сәйкес келетін жаңа ғылыми бағыттар құруға негіз болды.
Ғарыш техникасы бұйымдарын жасау кезінде пайдаланылған қорытпалар, полимерлік және керамикалық материалдар бүгінде «Мир» ОК бортындағы көрмеде тұр. Кезінде осылардың көмегімен найзағай белсенділігі бар өңірлер бойынша әртүрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарында штаттан тыс жағдайлардың дамуымен жаңа оптикалық құбылыстардың корреляциясы да белгіленді.
Ғарыштық эксперименттерді орындау кезінде әзірленген әдістемелер мен технологиялар экологиялық картографиялауда және өсімдіктер мен табиғи экожүйелерді картографиялауда қолданылды. Сондай-ақ биоалуантүрлілікті бағалау, жайылымдардың антропогендік трансформация дәрежесін және мұнай-газ кен орындарының табиғи-аумақтық кешендерінің де трансформация дәрежесін, төтенше жағдайларды, шөлейттену процестерін бағалау үшін де пайдаланылды.
Ғарышта өсімдік жасушаларының селекциясын қолдана отырып, картоп, бидай сияқты өсімдіктердің экономикалық құнды формалары алынды. Аурулар мен қолайсыз экологиялық факторларға ерекше төзімді картоптың «Тоқтар» деп аталатын жаңа сортын алу жұмыстары аяқталды.
Гендік инженерия бойынша эксперименттер жүргізілді. Ғарыштық ұшу жағдайында бидай жасушаларына бөтен генді беру және трансгенді өсімдіктерді алу мүмкін болды. Жүргізілген зерттеулер ғарыштық факторлардың әсерінен болатын өзгерістер жасуша мен организм өмірінің әртүрлі аспектілеріне, соның ішінде құнды белгілерге әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.
Ғарышкерлердің ұшуға дейінгі, ұшу кезіндегі және одан кейінгі нейропсихологиялық және психофизиологиялық жағдайын бағалау бойынша алынған нәтижелер олардың, сондай-ақ жер бетіндегі төтенше жағдайдағы адамдардың жұмысқа қабілеттілігін бағалау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Әзірленген әдістер мен критерийлер азаматтық авиация ұшқыштарын даярлау кезінде, авиациялық және ғарыштық медицина практикасында пайдаланылады.
Ғарышкерлер ағзасының бейімделу мүмкіндіктерін арттыратын Қазақстанның флорасы мен фаунасынан табиғи биологиялық белсенді заттар негізінде жаңа мамандандырылған өнімдер әзірленді. Республиканың жер бетіндегі төтенше жағдайлардағы және шалғай өңірлеріндегі адамдар үшін мамандандырылған өнімдерді әзірлеудің жаңа технологиялары мен биотехнологиялық қағидаттары даярланды.
Қазақстандық ғарыш ғылымының елеулі практикалық жетістігі ретінде спутниктік геодезия мен радарлық интерферометрияны пайдалана отырып, ғарыштық мониторинг жүргізуді, жерүсті зерттеулер саласындағы бірегей зерттеулерді дамытуды және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Солтүстік Тянь-Шань аумағының жер қыртысында болып жатқан табиғи және техногендік апаттарды қалыптастыру үшін ғылыми негіз жасауды айтуымыз керек.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылған «Қазақстандық ғарышкерлердің қатысуымен ғарыштық зерттеулер – Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамытудың негізі» жұмыстар топтамасын соңғы 30 жылдағы еліміздегі ғарыш ғылымының даму қорытындыларын жаһандық қорыту деп қабылдаймыз.
Зерттеу тобының құрамында Қазақстандағы ғарыш ғылымы дамуының бастауында тұрған белгілі ғалымдар мен ғарышкерлер бар. Ұсынылған жұмыстар циклінде бүгінде Қазақстанда жаңа ғылыми бағыттарды іске асырып, оларды әлемдік ғарыш ғылымының талаптарына сәйкес дамытуды жалғастырып жүрген отандық ғалымдар мен ғарышкерлердің ғарыш ғылымы мен елдің ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі көрсетілген.
Қазақстан – қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы арқасында басқарылатын кешендерде әртүрлі бағыт бойынша ғарыштық эксперименттер жүргізудің, ғарыштық зерттеулерді дамытуда серпіліс жасаудың бірегей мүмкіндігіне ие болған санаулы елдердің бірі. Дәл осы қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы, басқарылатын кешендерде ғылыми зерттеулер мен эксперименттердің орындалуы және алынған нәтижелер Қазақстанда ғарыш саласының табысты қалыптасуы мен дамуына ықпал етті. Сондай-ақ Қазақстанды ғарыштық зерттеулердің әлемдік деңгейіне шығарды және еліміздегі ғарыш саласының ғалымдары мен мамандарына өз жұмыстары мен технологиялары арқылы әлемдік ғылыми ғарыш қауымдастығына қосылуға мүмкіндік берді.
Төрегелді ШАРМАНОВ,
РҒА және ҚР ҰҒА академигі