• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Тамыз, 2021

Егемендік негізі - Ата заң, ел еңсесі - Елорда

519 рет
көрсетілді

Тамыз айының 30 күні Қазақстан халқы Ата заңымыздың мерекесін тойлайды. 1995 жылы 30 тамызда егеменді Қазақстанның Конституциясы  қабылданған болатын.

Бұл Қазақстан халқы үшін республика дамуының жаңа белестерінің басталуына есік ашқан тарихи маңызды қадам болды. Қазақстан Республикасының Ата Заңы елдің жүйелі түрде қарқынды дамуына ықпал етті. Конституциямыздың алғашқы парағы «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген салмақты сөздермен басталады. Қазақстан егемендіктің алғашқы күндерінен  ішкі ынтымағы мен бірлігін нығайтып, халықтың әл-ауқатын өсіріп, халықаралық деңгейде танымал бола бастады.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең маңызды бастамаларында, оның ішіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру да кіреді, бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындаған әлемдік діндер мен өркениетаралық үнқатысуды жүргізу мен насихаттауда Отанымыздың астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының салмақты рөлі бар. Конституцияның Жалпы ережелер көрсетілген алғашқы бөлімде   «Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады» деп жазылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев заманауи әлемдік қоғамдастық еліміздің астанасы арқылы 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілі бірлік пен келісімде өмір сүретін Қазақ мемлекетін қолайлы инвестициялық ахуалы, жоғары инфрақұрылымдық дамуы, әлеуметтік-экономикалық саласындағы таңғажайып нәтижелері бар ел ретінде бағалайтынын ұдайы атап өтеді.

1999 жылы жас тәуелсіз мемлекеттің астанасы ЮНЕСКО-ның жоғары наградасы – «Бейбітшілік қаласы» иегері атанып, ғаламшардың әртүрлі аймағынан келген әлемнің оннан астам қаласынан озып, алғашқы халықаралық жеңісті жеңіп алғандығы ерекше назар аудартады.

Шынында да, өзін-өзі құрметтейтін әрбір ұлт үшін мемлекет астанасы елдің тағдырына байланысты саяси шешімдер, бағдарламалар мен стратегиялар қабылданатын орталық ретінде қабылданатыны тарихтан белгілі.

Биыл Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы 23 жылдығын атап өтті. Қазақстандықтар арасында Астана жайлы оның еліміздің інжу-маржаны, ел рухының шоғыры, ұлт бірлігінің символы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белсенділігінің тарихи салтанат құрған жері және ХХІ ғасыр мемлекетінің визиттік картасы деген ортақ ой-пікір қалыптасқан.

Халықаралық саммиттер, кездесулер, конгрестер, форумдар секілді бірқатар жоғары деңгейдегі іс-шараларға қаныққан Нұр-Сұлтандағы саяси қайта құрулар белгілі экономистер мен саясаттанушылардың «ХХІ ғасырда әлемдік орталық біртіндеп Азияға қарай жылжи бастады» деген болжамының растығын дәлелдеп, оны сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді. Нұр-Сұлтан және бұрынғы Астана да, саяси көшбасшылар мен әлемдік және дәстүрлі діндердің жоғары дәрежелі көшбасшыларының оңтайлы қабылдауы осы болжамның шығуына өздерінің табысты күш-жігерлерін сарқа жұмсады.

Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында әлемнің саяси және экономикалық картасында кеңінен танылған, қатесіз анықталып, әлемде мойындалған, абыройы биік және жан-жақты қалыптасқан мемлекет ретінде айқындалады. Әлемдік геосаяси алауыздықтың осындай қиын сәттерінде ол барлық әлемдік саяси және экономикалық орталықтармен, негізгі жүйелі ойыншыларымен достық және өзара пайдалы қарым-қатынас орната білумен қатар осы іс-әрекеттері арқылы әлемдік саясатта «орта өлшемді мемлекет» (middle sized state) аталған елдің жаңа жаһандық күн тәртібін құрып, бұрын бітімсіз болып көрінген қарсыластар мен тіпті антагонистерді  де келіссөздер үстеліне отырғыза алатынын көрсете білді.

1991 жылы жаңа астана біздің жас мемлекетіміздің барлық салаларына жан-жақты кумулятивті серпін беріп, қазіргі сөзбен айтқанда синергетикалық әсер ететіндігін елестету мүмкін болмады.

Бірақ болашақты болжай білу қасиеті тек басшыларға өз халқын нақты жетістіктерге жетелеу үшін берілетіні белгілі. Сонымен, Елбасы 1994 жылы 6 шілдеде қабылданған Ақмола қаласының жаңа мәртебесін бекіту туралы Жоғарғы Кеңестің тарихи шешімінің бастамасын көтеріп, кейінірек оны мәңгілік етті.

Қаланың кең аумағы, жағымды географиялық орны, оның ішінде елдің негізгі экономикалық орталықтарына жақындық, ішкі көші-қон орталығы, жоғары демографиялық әлеует, жақсы дамыған көлік инфрақұрылымы және салыстырмалы түрдегі қолайлы орта – осындай барлық саяси, экономикалық және мәдени факторларды Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы таңдау кезінде мұқият ескерді.

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық астананың атауы бірнеше рет өзгерді – Ақмола қаласынан Астанаға дейін, кейінірек астананың негізін қалаушы және бас сәулетшісі – Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өзгерді. 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгергертілді. Елорда атының өзгеруіне орай, Қазақстан Республикасының Конституциясына түзету енгізілген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде «Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отырады, бұл заңды құбылыс. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады» деген болатын.

Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміздің бас қаласы - тәуелсіздіктің жемісі, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі. 

Тарих тұрғысынан мүмкін әлемдегі ең жас астана бола тұра Нұр-Сұлтан қаласы бірнеше жыл ішінде халықаралық саяси және дипломатиялық орталықтардың жоғары беделіне ие болған қалалар қатарына көтеріле алды.

Егер әлемнің заманауи картасына үңілетін болсақ, біз дауларды шешудің жалпыға танымал платформасы ретінде қызмет ететін бірнеше қаланы ғана көреміз. Олардың арасында, әдетте, швейцариялық Женева, финдік Хельсинки және норвегиялық Ослоны атау дәстүрге айналған.

Сонда табиғи сұрақ туындайды – неге жанжалдасушы тараптар мен халықаралық ұйымдар дәл осы қалаларды артық көреді? Қысқаша айтқанда, мәселе олардың ыңғайлылығы немесе бейтарап мәртебесінде ғана емес, сонымен бірге, мұндай форумдарды өткізетін «қожайын» елге деген сенім деңгейі және оның ізгілікті гуманистік миссиясын құрметтеуден де тұрады. Сонымен, Қазақстанның астанасы осындай «әлемдік тартымды нүктелер» қатарында тез әрі сәтті орын алғандығы айқын болды.

Соңғы кездерге дейін ең күрделі мемлекетаралық дауларды шешудің басымдылығы дәстүрлі түрде Еуропаға тиесілі болғандығы белгілі, өйткені оның шеңберінде атысты тоқтату және қоғамдар мен мемлекеттердің өзара бейбіт  өмір сүруі туралы тағдырлы келісімдерге қол жеткізілген болатын.

Әлемнің саяси картасында пайда болып, Еуразияның дәл географиялық орталығында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы осы айтылмаған монополияны да түбегейлі өзгертті. Осы онжылдықтар ішінде еліміздің басты қаласы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, ТМД, ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және ИЫҰ саммиттері, Иранның ядролық бағдарламасының келісімдері, ЭКСПО, Сирия мәселесін реттеу және басқалары бойынша келіссөздер өткізілген орын болғандығын атап өту жеткілікті.

Жалпы алғанда, Қазақстанға және оның әлемдік бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесіне қатысты «Бірінші» деген сөзді жиі қолдануға болады. Бұл жерде ТМД кеңістігінде бірінші болып көршілерімен шекарасын толығымен реттеп, заңды түрде бекіткен біздің ел деп айта аламыз.

Біздің ел ЕҚЫҰ саммитін бірінші болып өткізу құрметіне ие болып қана емес, сонымен бірге осы беделді халықаралық ұйымның ұзақ мерзімді дағдарысты еңсеруіне көмектесті. ЭКСПО көрмесі алғаш рет осында өтті.

Ақырында, біздің еліміз ТМД елдері арасында бірінші болып (Ресейден басқа) ғаламшардағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін негізгі құрылым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осындай мысалдар тізімін жалғастыра беруге болады.

Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздер отандық дипломатияның әсерлі жетістігі болып саналады.

Біріншіден, Женевадағы ұқсас форматтар тығырыққа тірелгенде кездесу фактісінің өзі маңызды болды. Тараптарды бір үстелге жинаудың өзі әрдайым мәселе екенін ескерсек, бір-біріне қарсы соғысқандарды мәмілеге келтіріп келіссөздер үстеліне отырғызуды көзге елестету өте қиынға соғады.

Екіншіден, Нұр-Сұлтандағы кездесу зорлық-зомбылықты тоқтату мен гуманитарлық операцияларды өткізудің негізін салды.

Үшіншіден, Сирияның басым бөлігінде деэскалация және дерадикалдандыру аймақтары қалыптасты.

Қазақстанның қақтығыстарды реттеумен қатар делдалдық әрекеттері де жетекші әлемдік державалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмады.

Бүгінде көптеген сарапшылар тарапынан қазіргі заманның ең нәзік мәселелері бойынша ғаламдық диалог алаңы ретінде дәл осы Нұр-Сұлтанның ұсынылатыны кездейсоқ емес. Оларға Украина бойынша Нормандия форматын Минскіден Нұр-Сұлтанға ауыстыру, Ресей мен АҚШ президенттері арасында бітімгершілік кездесу өткізу, сондай-ақ Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер өткізу идеялары және басқалары жатады.

Қазақстанның және оның астанасының өрлей түскен рөлі діндер, мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамыту және ілгерілетумен белгіленеді.

Тағы да, егер сіз жанжалды жағдайлардың географиясын қарар болсаңыз, онда олар көбінесе дін секілді нәзік және сезімтал мәселемен байланысты болады. Келіспеушіліктердің түп-тамыры наным-сенімдерде  емес, оларды радикалдандыру мен саясаттандыру әрекеттерінде жатыр деген ұстанымға түсіністікпен қарай отыра Қазақстан 2000-шы жылдардың басында діндер мен конфессияаралық диалогты дамыту және өркениетаралық қатынастарды нығайту идеясын ұсынды.

Әділеттілігін айтар болсақ, бастапқыда бұл бастама әлемде кең қолдау таппағанын мойындау қажет. Оған әлемдік элиталардың тез арадағы міндеттерден бас тартып, ұзақ мерзімді категорияларда ойлауға қабілетсіз екендігі үлкен әсер етті. Ал, кейбір өзге жағдайларда әлемдік бастамалармен шығу тек ұлы державаларға тән қасиет деген белгілі стереотиптер де орын алды.

Алайда, дәлелдерге сендіре білу және Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке әлемдік беделі күмәндікті ысырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің диалогын дамыту идеясын практикалық арнаға айналдыруға мүмкіндік берді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «... барлық әлемдік діндер қазақ жерінен өтті, сондықтан төзімсіздік немесе діни фанатизм бізге жат. Бұл рухани дәстүр, кез-келген жағдайда Құдай сөзіне деген ашықтық – бұл Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге төзімділікпен, этносаралық, конфессияаралық келісіммен және диалогпен танымалмыз».

2003-2018 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезінің шақырылымдары рухани көшбасшылар тек ғибадат пен уағыздармен шектеліп қана қоймай, өздерінің беделі арқасында адамзаттың ең күрделі мәселелерін шешуге белсене қатыса алатындығын айқын көрсетті.

Осының ең маңыздылығы мен  құндылығы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Съезді шақыру туралы бастамасы халықаралық өмірдің факторына айналды. Оның жаңалығы тек алға қойылған мақсаттардың өзектілігінде ғана емес, сонымен бірге әлемнің тағдырлы мәселелерін шешу тек дәстүрлі саясаткерлердің құзырында еместігі болды. Мысалы, егер сайланған мемлекет басшылары тек бір елдің халқын басқарса, онда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары шекараларға қарамастан, әртүрлі мемлекеттерде,  континенттерде тұратын 100-ден астам тілде сөйлеген миллиардтаған адамдар мен олардың армандарын басқарады, және олардың рухани жаны мен тілектерінің кілтін біледі.

Сондықтан әлемдік практикада бұрын-соңды болмаған Астананың дінаралық саммитінің бастамашысы болған Елбасы көптеген онжылдықтар алда болатын жағдайды болжай білді. Әлемнің маңызды заманауи геосаяси мәселелерін талқылап, жаһандық күн тәртібінің жаңа қырлары мен көпконфессиялық диалогтың бағыттарын айқындай отыра әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары әсерлі Жалпы ішкі өнімі мен орасан зор армиясы бар мемлекеттердің әлемдік саясаткерлері таба алмаған проблемалар мен мәселелердің шешімдерін астананың Бейбітшілік және келісім сарайының дәстүрлі дөңгелек үстелінде осылайша сабырлы, достық және төзімділік жағдайында шешуге болатыны мен қажеттігінің жарқын мысалдарын  көрсетуде.

Қазақстан мен Елбасының арқасында әртүрлі конфессиялардың көшбасшылары қиын жағдайлардан шығу жолдарын өзара бірлесіп талқылауға және пысықтауға мүмкіндік алды. Бейбіт үндеудің мұсылман және христиан әлемінде, сонымен бірге басқа конфессиялар тарапынан да сенімге ие болған елден шыққандығы сөзсіз өзінің рөлін атқарды. Қазақстанның қосымша артықшылығы ретінде оның бүкіл әлем мойындаған және оған «Назарбаев феномені» деген саяси анықтама берген қазақстандық қоғам мен ондағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі сәтті тәжірибесін атап өткен жөн.

Сонымен, Қазақстанның жаңа астанасының тарихи жолына тағы бір шолу жасай отырып, оның саясат пен экономика, мәдениет пен ғылымдағы жетістіктермен толықты деп айтуға болады. Мұның бәрі, асыра сілтемей айтар болсақ, бүкіл мемлекет дамуына орасан ықпал етті.

Алайда, біз көріп отырғанымыздай, Нұр-Сұлтанның басынан бастап өзі үшін белгілеген дамудың жоғары шегі тек елдің шеңберімен, тіпті аймақтың шеңберімен ғана шектелмеген.

Біздің елордамыз және онымен бірге Қазақстан Республикасы біртіндеп халықаралық қатынастардың белсенді субъектісі ретінде орасан зор саяси маңызға ие болуда және оның осы алуан түрлі қатынастарда өзіндік «дауысы» бар. Тиісінше, ширек ғасыр бұрын ғана көпшілік үшін тым өршіл болып көрінген міндеттер дәйекті түрде жүзеге асырылуда. «Мықты елдер ғана өз алдына үлкен мақсат қоя алады» деген белгілі даналыққа сүйенсек, осылай болуы да керек шығар.

Табысты мемлекет ретінде барлық критерийлер бойынша құрылған қазіргі Қазақстан, әрине, талантты, рухани жетілген және өте еңбекқор халықтың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі болып табылады.

Қазақстанды аймақтық көшбасшыдан әлемдік лидерге айналдырудың жауапкершілігін мойнына артқан ХХІ ғасырдың жарқын пассионары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Астана бүгінгі күні қоғам мен мемлекеттің барлық салаларында, оның ішінде саясат, ғылым, спорт, мәдениет, музыка және басқаларында жас пассионарларды  қалыптастыру мен тәрбиелеуде өзінің үлкен үлесін қосуда. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылу, креативті шығармашылық, перфекционизмге деген тұрақты ұмтылыс – мұның бәрі астанадан аймақтарға және сол жерде тұратын адамдарға берілуде.

Сонымен, ХХІ ғасырды көптеген сарапшылар «Азияның ғасыры» деп таниды деген сөздер негізсіз емес, ал Қазақстан және оның астанасы Нұр-Сұлтан да әлемдік пассионарлық орталықтардың біріне айналуда. Өйткені, астананың негізін қалаушы және Съездің басты авторы айтқандай: «Дұшпандыққа үйлесім, төзімділік және руханилықпен қарсы тұрсақ және біз өзара сенім мен ынтымақтастықты негіз қылып алсақ шешілмейтін мәселе болмайды. Мұны жете түсіну адамға үміт ұялатады және болашаққа деген сенімді нығайтады».

Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының қызметіне келер болсақ, мен оның құндылық парадигмасы – бірегей әлемдік өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогты ұйымдастыруға арналған алаңды құруға бастамашы болған Қазақстанның дамуымен бірге өрлеу, даму үстінде екенін атап өткім келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларынан бастап қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратагемасына дейінгі сабақтастықтың осындай құндылық парадигмасы «еститін мемлекеттің» тұжырымдамасы болып табылады.

2019 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Жолдауын жариялап, онда азаматтардың сындарлы өтініштерінің барлығына жедел әрі тиімді жауап беру үшін осы тұжырымдаманы іске асыру міндетін қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жаңа императив шын мәнінде тиімді мемлекеттілікті дамытудың формуласы болып табылады, сонымен қатар ол сыртқы саяси басымдықтар, мәдениет, оның ішінде өркениеттер, діндер және конфессияаралық диалогқа әсерлі ықпалы зор.

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «еститін мемлекет» тұжырымдамасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің және оның институттарының күн тәртібімен де-юре және де-факто жобаланып, іске асырылған маңызды идеялар, көзқарастар бар, мысал ретінде, осы тұжырымдаманың өзегі болып табылатын «әртүрлі пікірлер - біртұтас ұлт» деген идеяны алса болады.

Шын мәнінде, Съездің рухани мұраттары болып табылатын «Әр түрлі діндер, әртүрлі этникалық топтар – бір толеранттық әлем» дүниетанымы Тоқаевтың тұжырымдамасымен өзара тікелей байланыста. Бұл таңқаларлық емес, өйткені бұл тұжырымдаманың негізі елдің Тұңғыш Президентінің ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттарынан бастау алады.

Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының жұмысы еліміздің жалпы «жұмсақ және ақылды» (soft and smart power) күш-қуатты ілгерілету саясатын жүргізу және конфессияаралық, этносаралық және кеңінен алсақ өркениетаралық диалогты мемлекет ретінде үлгілі түрде іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының имиджін нығайту мақсаттарымен үндес келеді.

2019 жылы құрылғаннан кейінгі осы екі қысқа тарихи уақыт ішінде Н.Назарбаев орталығы адами капиталды шоғырландыру мен тарту орталығы, жастар және шығармашылық зерттеу күштерінің орталығы ретінде Қазақстанның және оның астанасы Нұр-Сұлтанның имиджін нығайтуға өз үлесін қосу жолында елдегі және әлемдегі танымал ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналды.

Қазіргі кезде Қазақстанның астанасы – қалыптасқан мемлекеттің ірі саяси және әкімшілік орталығы, елдің негізгі даму желілерінің қиылысында орналасқан ең маңызды және тағдыршешті сыртқы саяси шешімдер қабылдау орталығы ғана емес, сонымен қатар, табысты цифрландыру және инновациялық және бизнес-процестердің және ең бастысы – адами капиталды қарқынды дамыту, төзімділік пен келісімнің жарқын мысалы болып табылады.

Ата заңымыз егемендігіміз бен елдігіміздің мәңгілік тұғыры болып, Елордамыздың еңсесі әрдайым биіктей берсін!

Болат СӘРСЕНБАЕВ,

«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы