ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс экономикалық форумы барысында ресейлік «Спутник V» вакцинасының тиімділігі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз Ресеймен Спутник V-ны сатып алатынымыз туралы келістік. Қарағандыда кәсіпорын базасында аталған вакцинаны жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Менің ойымша, бұл маңызды келісім», деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Ресей вакцинасын тиімді деп санайтынын атап өтті.
«Мен өзім бұл вакцинаны салдырттым, сондықтан оны өте тиімді деп санаймын. Ол әлі күнге дейін Халықаралық сертификатқа ие болмағаны таңқалдырады. Бірақ ДДСҰ-да, менің білуімше, белгілі бір критерийлер бар. Шамасы, қажетті лицензияны немесе сертификатты алу үшін осы тармақтардан өту керек. Оған қарамастан, «Спутник V» бүкіл әлемде мойындалған, менің ойымша, 60-тан астам ел бұл вакцинаны қолданып жатыр. Сондықтан, абырой тұрғысынан алғанда, бұл вакцина менің көзқарасым бойынша ешқандай сынға ұшыраған жоқ», деп толықтырды Мемлекет басшысы.