• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кино 07 Қыркүйек, 2021

Уақыт бізден батыл шешімдерді талап етеді - Есетжан Қосыбаев

343 рет
көрсетілді

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевпен сұхбат.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қы­на кезекті Жол­дауын жариялады. Есетжан Мұрат­ұлы, сізге және сіз басқаратын Ұлт­тық кино­ны қолдау мем­ле­кеттік орталы­ғы­ның қызметіне Президент ұсынған баста­ма­лардың қайсысы жақын?

– Жолдауда еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмі­­­рі­нің барлық саласындағы басты мәсе­лелерге кеңінен назар аударылды. Мен қа­зір биылғы Президент Жолдауының мәті­нінде белгіленген тақырыптардың қай­сысы басымырақ екенін анықтап жатпас едім. Жалпы, Мемлекет басшысының кез келген Жолдауын Қазақстан халқы асыға күтеді, себебі онда ел өміріне байланысты маңызды жаңалықтар айтылады. Әр адам үйлесімдер жүйесіндегі өз орнын танып, белгіленген даму векторларын түсінгісі келеді. Оң өзгеріс пен үдемелі қозғалыссыз кез келген елдің, кез келген қоғамның ертеңгі күні туралы айту мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан біздің үмітіміз – ең алдымен, жаңа көкжиектерге иек артып, бүгінгі жағдайды дәл белгілеп, ертең не болатынына көз жеткізу.

Бүгінгі біздің уайымымыз жаһандық күр­делі толқуларға байланысты туындап отыр: пандемия, геосаясат, шекара түбіндегі қақтығыс аймағы көңілде алаң туғызбай қой­майды. Мұның бәрі ел басшылығы мен басқару жүйе­сіне ғана қатысты шаруа десек қателесеміз, бұл сонымен бірге қоғамның өзін біз жоғары бағалайтын Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жет­кізген барлық игілікті сақтап қалуға бағыт­тайды. Бұл ретте біздің мақсатымыз бар дүниені сақтап қалу ғана емес, қол жеткен табысты арттыра түсу.

– Президент бүгінгі әлемдегі бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының бірі ішкі цифрландыру ісі екенін ерекше атап өтті. Цифрландыру мен кино саласы бір тамырдан нәр алатын бүтін дүние ғой, ендігі жетістігі қалай, қайда бет түзеді?

– Өте дұрыс, біз бүгін цифрландыру дәуіріне қадам бастық. Жастар жаңа трендтермен тыныстап, жалпы қоғам жаңа дүниетаныммен өмір сүруге бет бұрды. Президент Жолдауында айтылған барлық ой – қоғамның одан әрі дамуы үшін берілген нақты нұсқаулық. Бірақ маған экономикалық блок өте қызықты болып көрінді, себебі онда Ұлттық қордың мәселелері қозғалған. Бүгінгі таңда еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлеуетті сақтап қалу маңызды. Бұл қор – біздің қауіпсіздік қалқанымыз, оған ұқыппен қарағанымыз абзал. Қазыналық-қаржылық органдар, өңірлік құрылымдар мен әкімдіктердің алдына бюджет қаражатын жұмсау жөнінде нақты міндеттер қойылды.

– Президент өз сөзінде мәдениетті дамыту мәселелерін көтерді. Соның ішінде Жолдауда жыл соңына дейін талантты жас­тарды қол­дау мәселелерінде мемлекеттік саясатты айқындау міндеттері қойылған...

– Егер кино мен мәдениет туралы нақты айтатын болсақ, мен бұл салаларға ерте жастан араласқандықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында айтқан өте маңызды месседжін бүгін Жолдаудан қайыра бір естігеніме қуанып отырмын. Оның мәні, бүгінгі күні мәдениетті жеке тұл­ғалардың қалауы мен пайдасына ғана реттеп, бейімдеуге болмайды. Мәдениет – көп өлшемді ұғым. Бұл – жас ерекшеліктеріне және басқа да жағдайларға қарамастан, кез келген тұлғаның өзін өзі дамытуға мүмкіндігі бар либералды орта. Егер біз «жастарға жол ашатын» болсақ, онда таланты пен тәжірибесі уақытпен мойындалған шеберлер туралы да ұмытпауымыз керек. Жас пен шеберлік өзара үйлесімділік табуға тиіс.

Дегенмен бүгінде уақыт бізден батыл ше­шімдерді талап етеді. Жастар батыл әрі креа­тивті дамуға тиіс. Ертең әлемдік алаңдарда біздің мәдениетімізді кинематографияның қандай генералдары мен маршалдары таныс­тыратынын білуіміз керек. Бұл жерде кәсіби дайындықты өте маңызды деп санаймын. Сөз жоқ, бүгінде шетелдік оқу орталықтарында білім алу үшін біздің жас мамандарымызға еш шектеу қойылмаған, оларға барлық есік ашық, бірақ басынан аяғына дейін ұлттық өнімді жасайтын жүйені қалыптастыру маңызды. Сондықтан мен менталитетімізде көптеген жыл бойы сабақтасып келе жатқан ұлт­тық тәрбие мектебінің түпнұсқалығы мен қағидаттарын сақтай отырып, жаһандық интеграциялануды қолдаймын. Кинематография үшін кәсіби кадрларды дайындау және оларға білім беру жүйесін барлық жағынан зерделеу, оларды дебюттен, қысқаметражды кар­тинадан толықметражды фильмге дейін сүйе­мелдеу өте маңызды.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығына келетін болсақ, біз жас кинемато­графистердің жобаларын қолдауға тыры­самыз. Мысалы, 2020 жылғы конкурс қоры­тындысы бойынша 39 жоба мемлекеттік қар­жылық қолдауға ие болды. Атап айтқанда, жас режиссерлер түсірген 5 дебюттік фильм, 9 қысқаметражды фильм, 5 анимациялық және ­4 авторлық көркем жоба бар. Ал қыркүйек ­айында қорғауға жіберілген байқауға қа­ты­су­шылар арасындағы жастардың үлесі ­«Ав­торлық кино» (шамамен 75%), «Анима­ция» (85%) және «Кең ауқымды көрермендер ауди­ториясына арналған фильмдер» (80%) ­секцияларында басым.

– «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық біре­гейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайда­лануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақ­станның мүмкіндіктері зор, со­ның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады», деп атап өтті Мем­лекет басшысы. Мә­дени әлеуетті тиім­ді пайдаланудың қан­дай жолын атап өткен болар едіңіз?

– Тарихи және әлеуметтік маңызы бар жобалардың күн тәртібінен түспейтіні сөзсіз. Олар – рухани байлықты сақтауға ықпал ететін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тәрбиелік, рухани-адамгершілік құрамдас бөлігі. Сонымен бірге Президент өте маңызды міндет белгіледі – тарихи және әлеуметтік маңызы бар картиналар жер­гі­лікті көрермен үшін ғана жасалмай, әлемге түсінікті болға тиіс.

Бүгінгі нарық жүйесі жаңа белестерді бағын­дыруымызды талап етеді. Бұған тек кинодағы ғана емес, сонымен қатар мәде­ниеттің басқа да салаларындағы жетіс­тіктеріміз туралы айтуға болатын стриминг плат­формаларымен серіктестіктің дамуы ық­­пал етеді. Мен киноның өнеркәсіптік сала екенін әрдайым атап өтемін, өйткені бұл – кері қайтарымдар беруге қабілетті, бүгінгі таңда көп монетизацияланатын мәдениет саласы. Бүгін біз «Кинематография туралы» заңды шетелдік әріптестерді тарту мүмкіндігі жағына қарай жетілдіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Рибейт, копродукция, кинокомиссия, киноөндіріс желісін әртараптандыру мүмкіндігі сияқты тармақтар пысықталуда. Сондықтан біз мәдениет саласында және басқа да салаларда ұлттық креативті ойды сыртқы нарыққа шығара алатын жастарымыздың ұмтылысы мен белсенділігін қолдаймыз. Бүгінгі таңда жаһандану және интеграциялану процестері өте қарқынды жүріп жатыр және осы үлкен локомотивтің соңғы вагонында қалмау үшін, әрине, бүгін мұқият ойлануымыз керек.

– Әңгімеңізге рахмет.