НЬЮ-ДЕЛИ. Токиода өткен Олимпия ойындары аяқталды. Жапон халқы мен үкіметі терең тыныс алса болады. Дүбірлі дода кезінде спортшылар ауылында коронавирус өршіп, не басқа да оқыс оқиға өткен жоқ. Үндістанда найза лақтырудан елдің алғашқы алтын медалін мерекелеу, Олимпиададағы ең үздік көрсеткішін тойлау әлі де басылар емес. Бірақ біздің үздік көрсеткішіміз қаншалықты табысты деп айта аламыз?
Осыдан он шақты жыл бұрын көпшілік Үндістан мен Қытай туралы бірегей пікірде еді. Ғасырлар бойы Батыс елдерінің өркендегенінен кейін екі ел жаһандық аренаға шығуға үміткер болатын. Олар Батыстағы экономикалық табысқа Шығыс тарапынан жауап беруі тиіс-тұғын. Кейбіреулер тіпті Chindia (China және India деген екі сөздің қосындысы – А.А) деген ұғым да енгізіп, ол халықаралық қиялға айналды.
Мұндай жұптасудың дәлелін іздегендер Токио Олимпиадасының медальдар санына қарау керек. Қытай 38 алтын медаль иеленіп, екінші орынмен мақтана алады. Бірінші орындағы АҚШ-тан бір алтыны аз және барлығы 88 медаль бұйырды. Енді төмен қарай түсіңіз. Беларусьтен өтесіз, Грузия, Багам аралдарын да көзіңіз шалады. Тіпті Үндістан тәуелсіздігін мойындамаған Косово да тізімде жоғары тұр. Содан кейін ғана Үндістан бір алтын, екі күміс және төрт қола медальмен, жалпы саны жетінші жүлдемен 48-орынға жайғасқан.
Шындығында, бұған таңғалудың реті жоқ. Қытай бірнеше жыл оқшауланғаннан кейін әлемдік спорттық жарыстарға қайта қатысып, олимпиадалық табысқа жетуге жүйелі түрде ұмтылды. Үндістан спорттық шеберлігінің жоқтығына тоқмейілсіп жүре берді. Қытай Олимпиадаға қайта қатысқаннан кейін жиырма жыл өткен соң ғана жазғы Олимпия ойындарын өткізу құқығын иеленді. Бірақ Үндістан 1982 жылы Делиде Азия ойындарын өткізгенін табыс санап, алға ұмтылмады. Енді Олимпия ойындарын өткізу мүмкіндігі 40 жыл бұрынға қарағанда әлдеқайда төмен.
2008 жылғы Бейжің ойындары қарсаңында Қытай Олимпиада медальдарының санын арттыру үшін билік тарапынан арнайы әзірленген бағдарлама «119 жобасына» кірісті (бұл сан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында жеңіл атлетика, жүзу, ескек есу, парус және каноэ мен байдарка секілді спорт түрлеріне берілген алтын медальдар санын білдіреді). Үндістан керісінше он медальдық межеден аса аламыз ба деп қам жеді.
Қытай байдаркада ұсынылған медальдардың санын көріп, осы уақытқа дейін елде танымал емес бәсеке саналған спорт түрінен команда құруға шешім қабылдады. Бірақ Үндістан өздері жақсы меңгерген, 1900 жылғы Олимпия ойындарынан кейін қайта дүбірлі додаға енбеген додалар – кабадди (топтық күрестің бір түрі), поло немесе крикет секілді спорт түрлерін де насихаттамады.
Дәл сол секілді, Қытай үстел теннисі мен бадминтондағы үстемдігін сақтай отырып, стенд ату секілді басқа да дәстүрлі емес спорт түрлерін дамытуға күш салды. Үндістан керісінше жасанды төсеніш енгізілгеннен кейін допты хоккейдегі даңқының жеңіліссіз сериясын үзіп алды. Ал ерлер командасының Токиодағы қоласы елді үлкен қуанышқа бөледі. Спорт туралы сөз қозғалғанда Chindia естен шығу керек, екі ел бір сөйлемге әрең сияды.
Олимпиададағы жетістік екі елдің жүйесіндегі негізгі айырмашылықты көрсетеді. Метафоралық түрде айтсақ, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында керемет хореографиялық би мен барлығы ән айтатын, билейтін Болливудтың шығармашылық хаосын салыстырғанмен бірдей.
Қытай коммунистік автократ жүйесіне сәйкес, Олимпиадада үстемдік етуге әскери тәртіппен жоғарыдан төмен қарады. Мақсат қойылды, оған жету бағдарламасы жасалды. Мемлекеттің қомақты ресурстары жұмсалып, соңғы технологиялар сатып алынды. Әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылар шақырылды. Үндістан керісінше Токио Олимпиадасына әдеттегі байрақты бәсекеге дайындалғандай қарады. Дилетанттық, бюрократиялық біліксіздік, жартылай тәжірибеге сүйеніп бейберекет түрде ұйымдастырды.
Бірақ бұл біздің болмысымыз. Егер Қытай билігі алты жолақты жаңа автокөлік жолын салғысы келсе, оның жолындағы кез келген ауылды бульдозермен таптап өте алады. Егер Үндістанда екі жолақты жолды кеңейткіңіз келсе, өтемақы талаптары бойынша он жыл бойы соттасуға тура келеді. Қытайда ұлттық басымдықтарды үкімет белгілейді, содан кейін мемлекет қаржыландырады. Үндістанда сансыз мүдделер арасындағы шексіз пікірталастар мен дау-дамайдан кейін ғана анықталады. Қаражат та табылатын жерден табылуы керек. Қытайдың спортшыларды тек Токио ойындарына дайындалуға бөлген қаражаты Үндістанның соңғы 70 жылда барлық олимпиадалық спорт түрлеріне жұмсаған шығынынан асып түседі.
Осылайша, Үндістанда жүйенің шектеулеріне қарамастан жеке тұлғалар жетістікке қол жеткізсе, Қытайдағы жеке жетістік жүйенің өнімі. Үндістандықтар жеке талантқа ерік берілген кез келген жерде озып шығады. Үндістаннан әлемдік деңгейдегі компьютер саласындағы ғалымдар, математиктер, биотехнологтар, кинорежиссерлер мен жазушылар шықты. Бірақ жоғары деңгейдегі ұйымшылдықты, қатаң тәртіпті, күрделі жабдықты, жүйелі дайындықты, серпінді бюджетті талап ететін мәселеде үнділер абдырап қалады. Бәлкім, сондықтан шығар үндістандықтар кейінгі жылдары бильярд пен шахматтан ғана әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Токиода әлемде ең үздік саналатын үнді нысана көздеушілеріне бірде-бір медаль бұйырған жоқ. Бұған әлем чемпионы ретінде келген спортшымыздың тапаншасының шүріппесі істен шығып, сәтсіздікке ұшырағанын қосыңыз. Үстел теннисінен әйелдер арасындағы ең үздік ойыншы жаттықтырушысының кеңесін тыңдамады, сөйтіп, жауапкершілікке тартылды. Әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған садақшы қызымыз іріктеу кезеңінен өте алмады.
Үндістанда халықтың көптігіне қарамастан, спорт саласында таланттар аз. Елдегі түрлі қиындықтар мен кез келген мүмкіндікке талас салдарынан санаулы ғана адам спорт саласында жетістікке жетуге уақыт пен көңіл бөледі. Жүйе елдегі спорттық талантты ашуға арналмаған. Ал таланты барлардың әлемдік деңгейге шығуға денсаулығы жарамайды, азық-түлігі тапшы, спорттық инфрақұрылым мен жаттығу жасауға мүмкіндігі жоқ.
Шаши ТАРУР,
БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, Үндістанның бұрынғы сыртқы істер министрі және адам ресурстарын дамыту жөніндегі мемлекеттік министрі, Үндістан ұлттық конгресінің депутаты
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org