Маңғыстау облысындағы тас жолда жантүршігерлік жол апаты болды. Апат салдарынан бес адам қаза тапты, оның ішінде жүкті әйел де бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
«16 қыркүйек сағат 01.48-де Lexus LX 470 автокөлігі аударылды. Көлік тізгініндегі 27 жастағы қыз оқиға орнында қаза болды. Қаза болғандардың екіншісі 1966 жылы туған әйел, үшіншісі Жаңаөзен қаласының 31 жастағы тұрғыны, әйел жүктіліктің 27-ші аптасында болған. Қалғандары 1964 және 1967 жылдары туған екі ер адам. Жол-көлік оқиғасы салдарынан барлығы тоғыз адам зардап шекті. Бес ересек оқиға орнында қаза болды. Қалған төрт бала түрлі жарақаттар алған», делінген хабарламада.
Мәлімет бойынша, 2011, 2012 және 2019 жылдары туған үш бала жедел жәрдем күтпестен Жетібай аудандық ауруханасына жеткізілген.
«Зардап шеккендерге мидың жабық жарақаты, мидың контузиясы, маңдай мен шынтақ буынының жарақаттануы, радиустың жабық сынуы, травматикалық шок диагнозы қойылды. Дәрігерлер екі баланың жағдайын тұрақты ауыр, үшіншісі орташа ауыр екенін айтты. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бүгін санитарлық көліктің көмегімен үш баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстырады. 2013 жылы туған баланы түнде жедел жәрдем күтпей машинамен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызды. Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр. Мидың геморрагиялық контузиясын, ІІ дәрежелі ми комасын, ІІ дәрежелі травматикалық шок алды. ӨЖЖ аппаратына қосылған», деп толықтырды баспасөз қызметі.