Алматы облысында коронавируспен ауырған оқушылардың саны 583-ке жетті, деп жазады Egemen.kz.
«2021 жылдың 1-17 қыркүйек аралығында облыс бойынша оқушылар арасында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың 583 жағдайы тіркелді.Оның ішінде 214 жағдай жазғы демалыс кезінде, 355 жағдай оффлайн оқыту кезінде және 14 жағдай онлайн оқытуда тіркелген», деп жазылған Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір облыста 341 сынып карантинге жабылған. 5042 оқушы қашықтан оқып жатыр.
1-17 қыркүйек аралығында облыс бойынша 88 педагог КВИ жұқтырған, оның ішінде 32 педагог жазғы демалыс кезінде ауырған.
«Өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары педагогтар, оқушылар, студенттер және техникалық персонал арасында сырқаттанудың күнделікті мониторингін жүргізеді», деп жазды ведомствоның баспасөз қызметі.