• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кино 19 Қыркүйек, 2021

Кинопаспорт: Ұлты – қазақ

515 рет
көрсетілді

«Біржан сал» және «Құнанбай» фильмдері мысалында Алаш өнерінің ардагері  Досхан Жолжақсыновтың киношығармашылығын құрылымдық, герменевтикалық және постмодерндік талдау.

Эссе

Аңдатпа:

Кемеңгер ойшыл Карл Маркстің атақты тезистерінің бірін көне философиядан жаңа өнерге ауыстырып көрсек, өзгеше мән-мағына туып, тосын ой түзіледі екен. Бүгінгі заманға дейін кино әлемді түсіндіріп келді, енді қазір оны өзгертіп жатыр.

Ұлттық сипат:

Тегінде, деректі және анимация­лық фильмдерді қоспағанда, көзіқарақты кө­рерменге белгілі, кино өнері екі үлкен топқа бөлінеді: бірі – авторлық кино (арт-хаустық), екіншісі – сауық киносы (жанрлық).

Бұл өзі әлемде, жаңа салада қа­лып­тасқан жас үрдіс, талап бойынша, топтап, түр тұрғысында, жіктеп, «пойыздың келуінен» бастап үзілмей жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр – егіз кино теориясы – көркем фильмдерге ғана тән, қатысты: бір-бірінен – қатар жүрсе де, қашық, бірге тұрса да, бөлек – кинотуынды­лар. Әлбетте, айырма-белгісі анық, сипаты айқын. Шатастырмайсыз.

Бірақ біздің бір қарсы уәжіміз жоқ емес: сұрыптауымызша, топ – үшеу. Үшінші­сі – ұлттық кино. Немесе мемлекеттік/идео­­­логиялық кинотуындылар шоғыры. Демек өнердің ұлттық сипаты қоғамда аса маңызды мәдени-әлеуметтік рөл ат­қа­рады, тұтас оқшау бір рухани саланы қа­лыптастырады.

Қос фильм:

Біз талдау объектісі тұрғысында Та­ласбек Әсемқұлов сценарийі бойынша түсірілген, атақты режиссердің екі фильмін қолға алып отырмыз: «Біржан сал» (2010 жылы жарық көрді) мен «Құнанбай» (2015 жылы экранға шықты).

Досхан Жолжақсынов – кино һәм театр саласында актерлік шеберліктің шыңына жеткен өнерпаз, сондықтан режиссерлік кәсіпте бақ сынап, саф талантын тезге тартқаны – әділ. Сұңғыла киногердің философиясы терең, ойы жүйелі, қарым-қабілеті зор, тәлімі де, тәжірибесі де жеткілікті.

Негізі, модернистік дәуірде талап бас­қа, шығармашыл тұлға реалды әлемді өз ­туындысында анық әрі шыншыл бейне­леуге тырысты, ал постмодерндік қалам­гер (кез келген шығармашылық тұлға) жарық дүниені өз шығармасында жартылай не тұтас кейіптеуге ұмтылған жоқ, ол жаңа әлем жасады.

Постмодерн кино өндірісінде неме­се өнерінде ең әуелі естеліктерден кө­рінді. Фильмде «флэш-бэктер» көбейді. Уақыт пен кеңістік шарттылыққа айнал­ды. Ол кино мақсаттан – образ өмір сү­ретін жағдай, орта, яғни жай әншейін фон қызметіне ауысты. Режиссер фонды өзгерте алатын еді: оған технологиялық мүмкіндіктер жол ашты. Қызық енді бас­талды, ең күрделі эпизодтар, өмірде жоқ ақиқаттар танымдық рөлін жоғалтып, сауықшыл «мінез» көрсетті. Өстіп, фэнтези жанры пайда болды. Топтар ашылды, жанрлар араласты, анимациялық интервенциялар жиіледі.

Кино өнерлік қасиетінен айырылып, бизнес-жоба ретінде жарқ етті. Кәсіби актер баяғыда-ақ маңызын жойған еді, оператор шеберлігі технологиялық сипат тапты, ертеде ол талант тұрғысында көрінді, қазір функциясын өзгертті, камера бостандыққа ие болды.

Бәрін басқарып, үйлестіріп отыратын режиссердің құндылығы ғана сол күйін­де қалды. Төңірегі түгел өзгерсе де, оның жауапкершілігі бұрынғы масштабта, кино-жоба жүктеген межеде абырой тауып отыр. Бірақ бір режиссер фильміне бірне­ше қосалқы режиссер қатысты, әрбіреуі бір-бір сценадан түсірді. Бас режиссер жиып алған қиындылардан құрастырып кинотуынды жасады. Бірақ постмодернге ұлттық кино бағынған жоқ, ол даңғыл жолын жалғастырды. Қазақстанда ұлттық кино Досхан Жолжақсынов туындыларынан көрінді. Әсілі, фильмдердің түсірілу кезегінің өзінде бір үлкен гәп бар: бірінші фильм өнер болмысы туралы, екіншісі билік табиғаты жайлы.Уақиғалар сахарада жүріп жатқан мәдени-өркениеттік (культура/цивилизация) өзгерістер фонында өтеді, көшпелі дәуірді ығыстырған – жүйелі отырықшылық, технологиялық қару-жарақ, ақыл-ойды билеп-төстеген техникалық заман.

Сахараға, пәк мәдениет кеңістігіне, адамзат тарихындағы соңғы номадтардың бірі, бейқам отырған қазақтың Тәңірі бекіткен киелі шекарасын бұзып, баса-көктеп Ресей цивилизациясы кіреді. Жаңа өкімет ұлы түсінген миссиясын, міндетін, қызметін Алаш баласының жайылымға бай аймақтарын, құнарлы жерлерін тартып алудан бастады.

Біз Батыс капитализмін өз бойына әл­сін-әлсін сіңірген, бірақ әлсіз хандықтан озық түскен Ресей патшалығының үстем­ді­гін аңғарамыз. Демек тарихи қақ­ты­ғыстың үш классикалық түрін көреміз: ци­­ви­­ли­зациялық, мәдени және діни-таным­дық.

Әр халықтың дүниетанымы – санасында қалыптасқан ғалам пішіні. Ол салт-дәстүр, жөн-жоралғы, тіл, тұрмыс, тотемдік ана туралы түсінік, талап пен тыйым, музы­калық мәдениет тәрізді бөлшектерден құралады.

Ең әуелі, цивилизациялық басымдық соғыс өнерін меңгерген әрі әскери тәртіпке үйренген тұрақты армия күшінен көрінді. Бекіністер жылдам тұрғызылды, қалалары қамалға айналды, бетпақ далаға қайта айналып егін шаруашылығы келді, елді мекендер салынды, жол тартылды, ақша айналымы пайда болды, байланыстың жаңа түрлері ұйымдастырылды: пошта, банк, телеграф.

Өркениеттік өзгерістерден гөрі түз халқына өз мәдени/діни құндылықтарын сіңіруге талпыныс жасағандары аса қауіпті еді. Қазақ жат дін мен бөтен мәдениеттен шошыды.

Тілдің жойылу қаупі жүз жылдан соң көрінсе де, алғашқы белгілері ел ішіне ден­деп енген кездегі метрополияның әді­летсіз іс-әрекеттерінен, «нәсілшілдік» көзқа­расынан анық байқалып еді.

Жалпы, діндарман халық аяушылық көрсетуі керек-тұғын, алайда Ресей екеу еді: орыс дүниесін өзгертуге ұмтылған Толстой елі және өз халқын ағартушы көрген, ғылым-білім таратушыға балаған, өркениет бастаушысы таныған Достоевский жұрты. Қоғам дамуын, адамзат жолын нақ болжай алған кемеңгер Достоевскийдің өзі адасқан соң, не сұрайсыз.

Біз тезге салғалы отырған екі фильм орыс­тың қазақ даласына емес, қазақ дала­сының отарлау жылдары орыс өркениетіне қарағандағы көзқарасын білдіреді. Оған дейін, әсіресе, Кеңес заманында бүкіл кино отар елдерге Мәскеу көзімен қарап келді. Бұл фильмнің табысы, режиссердің дербес жетістігі.

Көзқарасты қорғауға да ерлік керек.

Десек те империя өкіметі жүргізіп отыр­ған ішкі саясатқа қазақтың отырықшылығы орасан зор қатер төндірді: патша билігі көш­пелі жұрттың қала салғанын, үй тұр­ғызғанын қалаған жоқ.

Режиссер осы драма аясында екі тұл­ғаның трагедиясын көрсетеді. Өнерпаз да, өкімет қызметіндегілер де басына күн туған халқын ажал аузынан құтқарғысы келеді, бірақ Ресей патшалығы азулы, қандыбалақ, тегеурінді.

Біржан салды сабап отырған қазақ пош­табайы емес, екеуін бір-біріне қарсы қойған, айдап салған патша билігі. Қы­сымның қуаты қамшы салдырды. Ерте­де әр даудың шешілетін жөні бар еді, қалыптасқан низам, ел басқаратын жарғы болатын. Енді билік патша қолына көшті, әмірі – бұлжымас заң, орындалуға тиіс бұйрық. Қазақ қоғамында екі билік болды: материалдық игіліктерге ие, қазынаға қожа өкімет, билік, сосын, рухани билік, ұлт ақыл-ойын, санасын билеген билік.

Киногердің бейнелегені осы. Бірақ қа­зақ өкіметі жойылып, сырт елге бодан болды, өнерпаздың мәртебесі түсті, абыройынан айырылды. Қамшы қазақ өнерпазына жарамсақтардың патша билігіне жағамын деген жалақтаған талпынысынан тиді.

Құлдық қамытын киген қазақ жалтақ болып өсті, жалданып еңбек етті, жағым­паз болып өмір сүрді. Біржанның қазақ қартайды дегені осы. Құнанбайдың абақ­тыда, Сібірге айдалып кетіп бара жатқанда, Абылай/Кенесары жорығын айтып отырып, ашынып, намыстанып, жақтап кететіні осы.

Осы. Ел ішіндегі екі дәреже де біртіндеп құрыды, бірінен соң бірі кетті. Орала ма, жоқ па, оны бір Құдай біледі.

Ұлттық кино:

Демек экран – мәтін, режиссер бастаған тү­сірілім тобы – жазушы. Режиссер – тіл сом­даушы. Әр кинофильмнің өз тілі бар, яғни әрбір кинотуынды өз тілінде сөй­лейді.

Әр кино әрбір ұлт тәрізді оқшау: қазақ, орыс, өзбек киносы. Режиссер ұлт өнерін, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін, ой-сана­сын пайдалана отырып, ұлттық кино немесе ұлттық кино тілін жасайды.

Ұлттық киноның басты белгісі – ұлт мұраты туралы баян. Баянның, әдетте, қисыны көп, құпиясы мол, арманы шексіз.

Ұлттық кино халық арманынан туа­ды. Ұлт жөніндегі жаңа миф. Мифсіз сана жоқ. Ежелгі замандарда халықтың арман-тілегін дастан-қиссалар шертсе, қазіргі таңда ұлттық кино ұлт тағдырын, тарихын, келешегін жырлайды немесе біртұтастандырады.

Бұл – мемлекеттік төлқұжатқа пара-пар дүние.

Соңғы жылдары аталған тақырып түнек орнап, көлеңкелі ой-пікірдің тасасында қалып, күңгірттеніп бара жатқан еді. «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдері тұтасқан қараңғылықты қақ жарып, ұлттық кино саласына жайнатып жарық түсірді.

Қордаланған мәселе, жиылған жүк, үйілген шаруаны көрдік. Оны шешуге Досхан Жолжақсынов кірісті. Тарихи киноның жүгі ауыр, бағасы қымбат, бірақ құны, құндылығы мың-миллион есе артық.

Герменевтикалық көзқарас:

Бүтін шығарманы бөлшектей отырып жасырын жатқан мәніне үңілеміз. Бөлшек маңызы бүтінге қызмет еткенде байқалады, Бірақ бүтінді бөлшектен көреміз.

Спектакльде, әсіресе, кино өнерінде ұсақ-түйек деген ұғым жоқ, күллі штрих – шындық, бүкіл әрекет – ақиқат, әр деталь – сахна кілті, мизанц-сценалардан жарқырап көрінетін шешім, байлам, қара бақыр тиыны алтын ақша құрайтын дәулеті, танымның шеңбер бойымен жүрген шексіз ізденісі – герменевтиканың жалғасы.

Әуелі «Біржан сал». Өнерпаздың образы мөлдір, сапары еркін, ықпалы зор. Сал-серілер тобы бірнеше ұлттық салт-дәстүр түрлерін қайта жаңғыртады. Елді мекенге келуі, ауылға түсуі, той иесінің риясыз қарсы алуы, бәрі асқан дәлдікпен бейнеленеді әрі құпия, жұмбақ миссиясынан терең сыр шертіледі.

«Дала перзенттері – кешегі ел қорғап, жер қорыған шерік батырлардың ұрпағы, халқына сыйлы, ортасына абыройлы, соғыс өнеріне тәнті, бейбіт өмірге құш­тар. Серілер – кешегі рыцарлар», дейді Таласбек Әсемқұлов.

Бірақ елді жүгенсіз көріп, басына ноқта салған, қысастығына шек жоқ, еркіндікті қысқан, өрісті тарылтып, жеткен жеріне қамал-бекініс тұрғызып, қуғанда қашқандар соңынан зеңбірек атып, жан-жағын жайпап, төңірегін жайлап, атамекенін жаулап, бір қара дүлей күш келе жатыр.

Қасірет осында. Ежелден емін-ер­кін көшіп-қонып жүрген көшпелі қазақ­тың көш жолдары кесілді, бағыт-бағдары ­ауысты, қыстауы қирады, жайлауы тозды, өзі құқынан, ұрпағы хақынан айырылды. Жаңа низам ата-бабадан мирас, аманат ескі жарғыны мансұқ етті.

Қиын заман келді. Ел басына күн туды. Соңғы қарсылық – сал-серілер бойындағы күш-жігер, еркіндік философиясы, азат өнер еді.

Өнер қапаста, қамақта өмір сүре алмайды. Ол – тасқын, жолдағысын бұза-жарып, тау қопарады, дарияны тасытады: не өнер, не өмір.

Серілік өнері – қазақтың еркіндікті аңсаған күресі, империяның әділетсіз іс-әрекеттеріне қарсы қайрат көрсетуі, майданға шақырған ұраны, елді оятқан дауысы. Қайран жоқтағы қаракеті. Өнер – шекарасыз әлем, иесі – халық, өнер – бодандықты мойындамаған соңғы бастион.

Отаршылдық саясаты бодан елді ерік-күшінен айыру үшін қорқытып ұстауды жөн көрді. Қорқынышты өнер ғана жеңе алады. Сал-серілер ала келген, шақырған күлкі, қуаныш, шаттық, дәстүрлі ойын-сауық та қатерлі, жұрт бағынбай кетуі мүмкін. Ұлт өнерін дәл сол ұлттың өз қолы­мен өлтіруді жоспарлаған патшалық билік дала өнерпаздарына барып кел/шауып кел шабармандарын, ауылнай-болыстарды қарсы жұмсайды.

«Қазақ қартайды», дейді Біржан қайта-қайта қайталап айтып. Бұл сөзде жасық қоғамның сыры жатыр. Мәні бар. Өз өнерін қорғай алмаған жандайшап топ енді оны өлтіруге, тұншықтыруға кірісті. Өнер өлмеуге тиіс еді, ән үзілмеуге тиіс еді, сауық-сайран тоқтамауға тиіс еді.

Тоқтады. Біржан қамауға түсті. Серік­тері таяққа жығылды. Ұлттық режиссер бұдан үлкен драманы көреді. Бұл – санаға кереғар, танымға қайшы, философиясына томпақ әрекет емес пе. Не деген жауыздық, не деген жалғыздық, не деген қысастық.

Құрылымдық зерттеу:

Кинонұсқа – дербес туынды. Әуезов жазған атақты эпопеяның кинокөшірмесі емес, тіпті бөлек.

Шығарма авторға бағынышты емес, ол – еркіндіктің бейнесі. Таңба басқа таңбаға сілтеп тұр. Басқа таңба өзге бел­гілерге жұмсайды. Бастапқы таңбадан бас­қа таңбалар туып, постмодернизм өзі белгілеген таңбаларға ие бола алмай қалады. Бұл – жанрлық, тіпті авторлық фильмдердің берекесін кетіріп, көп мазалайды.Ұлттық кино – тірек. Себебі оның су шаймайтын, тасқын қозғай алмайтын арнасы бар.

Бүтінді бөлшектеп таныған гносео­ло­гиялық талап герменевтикалық жолмен ­талдап келе жатқанымызды білдіреді. Құ­ры­лымдық (structuralism) ізденістеріміз ше. Structuralism жүйесін ағым немесе бағыт тұр­ғысында елестету қиын: құрылым­дық лингвистика мен лингвистикалық structuralism, француздық structuralism мен пост-structuralism тұжырымдарын бір-бірінен айыру оңайға соқпайды.

Ол, әдетте, философия емес, әдіс не айла-шарғы ретінде қарастырылады. Өзін­дік таным-түсінігі бар, ғылыми гносео­ло­­гиялық ізденістерден бөлек, белгілі бір кезең­де өмір сүрген жүйе. Объектіні та­ну­­дың салыстырмалылығын жариялайды. Әлеу­меттік әлем жеке тұлғалардың қаракеті арқылы емес, қарым-қатынастар немесе қарым-қатынастардың қарым-қа­ты­насы арқылы түсіндірілді.

Бүтін айқындау әрекетінен туындайды.

Өнер о бастан бостан. Шындықты айтып, әділетке жақ болады. Өнердің миссия­сы осы. Өнер қоғамды бостандыққа шақы­рады, билік (патшалық), керісінше қоғам белсенділігін өзіне тәуелді еткісі келеді.

Біржан сал мен Құнанбай – бір-біріне қарама-қарсы антогонист тұлғалар. Бас өкі­мет қазақты құйқалы қыстау-қорық, қора-қопсы, қоныс-құдық, тұнып тұрған көк бастау, торғындай тұма, қасқа бұлақ, көк иірім көлден айырады.

Қысы-жазы ағайындас аталары, туыс рулары жайылым жерлердің жақсы-жақсы тұсына, қаулап өскен қалың шалғын, бі­тік біткен отты алабына қарай қатар сыр­ғып, бірге жылжыған, ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып келе жатқан, іргелес көшіп-қо­нып жүр­ген ежелгі елді ескі дағдысынан айныт­­ты, көшті бағытынан адастырды, пі­­шен жайы, малдың өрісі қашанда Алаш жұр­­тының өзекті, маңызды, басты ша­руасы еді.

Шұрайлы қоныстарын тартып алып, құнарлы топырақты аймақтардан, жалпы, сахарадан тықсырып қуа бастаған патша өкіметінің күші – бет қаратпас күш, тегеурінді еді. Көздегенін алмай қоймайды, көңілі құлағанын олжалайды, бүкіл Алаш өлкесін патшалық Ресей меншігі деп жариялайды.

Біржан сал қазақтың керегесі бү­лі­­ніп, қазығы қирағанын көреді, хал­қы­ның қызыққа суығанын байқайды, жан­даралдың, ояздың, отрядтың көрсеткен жә­бірі көбейеді, тізесін батырады, тонайды, қанайды, жұрт тозады. Ән қуатын, қызық-думан қызықтайтын заман өткенін байқайды. Халық ержетпей қартайды.

Құнанбай – қарадан шыққан хан. Қолында қос билік, бір халыққа екі билік жүргізеді, «орыс законы» және «шариғат жолы», кейде салт-дәстүрді де салып жібереді, ата-бабадан келе жатқан кесім, ұйғарым, әмір. Билер соты, ақсақалдар кеңесі, рубасылар мәжілісі. Қайсысы ыңғайына келіп тұр, Құнанбай соны пайдаланады. Бірде пәтуа байлатады, алға шариғатты жібереді, бірде патшаның қағаз-құжатына, мөріне сүйенеді.

Бұл – аса қасіретті фонда, панорама алдында, бір-бірімен алысқан кешегі қазақ қоғамының бүгінгі бутафориялық екі күші еді.

Империя атадан мұра, балаға мирас киелі жерлеріне баса-көктеп кіріп, бекі­ністер тұрғызып жатыр, қолында күрегі, арқасында мылтығы, соңында зеңбірегі. Мұздай қаруланған, жүздері де суық. Бірі – қазіргі жағдайын қабылдап, мүмкіндігін пайдаға асырып жатыр, екіншісі, кешегі жағдайынан айырылып, елімен бірге зиян шегіп отыр.

Құнанбай – орыс өкіметінде, патша қызметінде, Біржан сал – қазақ халқымен бірге жат биліктің ырқында, қол астында.

Орыстың сахараны бағындыруы қазақ­ты екіге жарды.

Біржан да, Құнанбай да қазақты сүйеді. Шері бір, қайғысы да ортақ. Бірақ жолы бөлек. Қазақты ұшпаққа шығарамыз деп үш түрлі жолды қалаған Әлихан, Сәкен, Мұстафа Шоқай тәрізді. Үшеуі де Алаштың тілеуін тіледі, еңбек етті, бейнет кешті, құрбан болды.

Режиссер қазақ өмірінің екі жағын да көрсеткен: өнерпаздар мен өкімет қыз­метінде жүргендер. Керісінше, әмір иесі, жарлық шашқан аға сұлтан басқаға, орыс низамына тәуелді, өнерпаз сері – еркін.

Ұлттық фильмнің құны да үлкен. Екі мағы­насында. Себебі ұлттық кино тақы­рыбы қашанда дәуірмен байланысты. Дәуір көп жылды қамтиды, оны бейнелеуге панорама-декорация қажет.

Екі фильм де мінсіз жасақталған. Көш­пелі өмір, қайнап жатқан еңбек, ауыл-қо­ныс­тың тыныс-тіршілігі өз дәрежесінде көрсетілген.

Тарихи персонаждар да атмосфера қа­лыптастыруға жеткілікті, саны жетіп арты­лады. Фабуладан шыққан сюжет дис­позициядан финалға дейін тартымды, шы­мыр, алғашқы кадрдан соңғы түйінге қарай тартылған желі көздеген мұратына адаспай жетеді.

Ұлттық кино тақырыбы тұрақты – бір азаттық. Не күрес, не қорғау, не сақтау. ­Ха­­лық­­­тық ауқымы, мемлекеттік маңы­зы бар.

Біржан салға жиын-тойда қорлап, қамшы көтереді. Ол қамшыдан емес, қор­лықтан күйінеді. Кешегі асыл өнерге тиген қамшы. Жаңа билік өнердің орнын көр­сетеді. Өрлігіне, биігіне салған таңба, ол ас­қа­рынан құлады. Абайға да қамшы тиіп еді.

Қорытынды:

Әрине, барлық жанр араласып келіп отырады. Авторлық фильмнің сюжеті болуы мүмкін. Жанрлық кинотуындыдан ав­­торлық көзқарасты аңғаруымыз ғажап емес.

Бірақ ұлттық кино бәрінен асқақ, ол тұтас дәуірдің бейнесін сомдайды. Оның персонаждары, негізінен, тарихи тұл­ғалар. Сюжеті де алып, тақырыбы да кең. Уақиғасы қалың.

«Біржан сал» да, «Құнанбай» да – ұлттық фильмдер. Қазақ үшін маңызы зор. Алаш мұрат-мүддесін қорғап, жоғын жоқ­таған кинотуындылар.

Кәсіпқой режиссер алып шығармасына барын салған. Пәлен жылдан бері жиып-тергенін, оқып-тоқығанын, көріп-білгенін – аямай төгіп, молынан қотарған, телегей теңіздей ақтарған. Тәжірибесі де, таланты да, тәртібі де фильм бойына толып, тұнып тұр.

Ұлттық кино несімен қымбат, несімен өміршең? Оның қаһарманы – халық, сюжеті – ұлт өмірі, уақыты – дәуір.

Бұл кинотуындылар ортағасырлық еуропалық этностық топтардан ұлт жаса­ған ұлы эпостар тәрізді ұлттық рухты оятқан ерлік, батырлық, қаһармандық жырлары.

Біржан сал – халық өнерпазы, Құнанбай – ел басқарған тұлға.