Қазақ ежелден дүниеге келген нәрестеге ат қоюға ерекше мән береді. Оның ырымы да, жөн-жосығы да сан алуан. Әсіресе, атағы, абыройы ел арасына, тіпті жаһанға жайылған ұлы тұлғалардың есімдерін ұлықтап, өз баласына, немере- шөбересіне қойып жүруі жақсы дәстүрдің төрінен орын алады. Сондай ұлы есімдерді «арқалап» жүрген азаматтардың бірі – біздің әріптесіміз, замандасымыз, бауырымыз – Абай Бөлекбайұлы Тасболатов.
Ұлы Абай Құнанбаевтың «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз», деген өсиет сөзін ғибрат тұтып өскен біздің Абайымыз – бала кезінен оқу десе оқу, әртүрлі спорттық жарыс десе жарыс, бәсекелес десе бәсекелес, ән айту, домбыра тарту сияқты өнерге талпыныстарда алдына жан салмай, қандай да өз ортасын дүрілдетіп, байытып жүретін азамат. Ол туып өскен Солтүстік Қазақстан өңірінде бұрынғы Көбеш ауылында, кейінгі Николаевкада әуелі мектептен бастап қазақ балалары саусақпен санарлық болды да көптің ортасында бала кезіндегі әлжуаздығына қарамастан, таласып-тармасып, өзін мойындатып жүрді. Кейде «мінез» деген сөзді тек бір оқыс қимыл немесе оғаш сөз айтқан адамдарға теліп жататынынымыз бар. Ондай жағдайлар сол мінездің жай ұшқындары болар. Ал мінез деген – тұтас ұғым. Адамның табандылықпен алдына қойған мақсатына жетуі немесе қандай да сындарлы сәттерде төзімділік, ұстамдылық көрсетуі, ұтқыр шешім қабылдауы нағыз мінездің көрінісі болса керек. Осындай нағыз мінез біздің замандасымыз Абайдың болмысында қалыптасқан. Осы талпыныс, мінез ақыры жас жігітті Ташкент қаласындағы жоғары әскери оқу орнын тәмамдатып, кәсіби әскери қызметтің көркі болуға жолын ашты.
Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің арқасында ұлттық әскери азаматтарымыздың жолы, бағы ашылып, бұрынғы Одақта қазақ жігіттері жете бермейтін жоғары әскери атақ, лауазымдарға, мәртебелі марапаттарға ие болды.
Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абай Бөлекбайұлына зор сенім көрсетіп, оны жас мемлекетімізде тұңғыш құрылған Ұлттық ұлан қолбасшысы лауазымына көтеріп, қолына Ту ұстатты. Ол қызметті абыроймен орындап, тәуелсіз еліміздің жаңа құрылымы, жаңа келбет-көрінісінің бір парасын қалыптастырып, жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруде өте беделді институт жұмысын жолға қойғаннан кейін Әскери университеттің бастығы, Қорғаныс министрінің орынбасары қызметтерін сеніп тапсырды. Абай тегінде табиғатында жүрдім-бардым, атүсті жұмыс істей алмайды. Қай жерге келсе де оған барын салып, құлшына кірісіп, жаңа тыныс береді. Қандай жұмысты да жігерленіп, жан бітіріп, тындырып істейді. Қырық жылдан астам әскери ұстаздық қызметінде жүздеген, мыңдаған әскери командирлер, әскери қызметін атқарған жастарға ұстаз болды. Абайдан тәлім-тәрбие алған жас офицерлер оған ұқсағысы келгені анық.
Абай Тасболатов өмірден осыншама бай тәжірибе жинақтап, ұлтына, мемлекетіне еңбек сіңіріп, генерал-лейтенант шенінде жоғары қолбасшылық лауазымда жүргенде де, бүгін де ешқашан әдебиет, өнер, мәдениет, тарихтан қол үзген жоқ. Ел ағасы жасына жеткенде әсіресе, жалпы адамзат тарихына, ұлттық өнер, шежіреге тереңдеп, руханият әлемін өзіне ажырамас жан азығы етіп келеді.
Ол – тамаша спортшы. Волейболды жиырма жастағы жігіттерше секіріп те, жерден іліп те, жанын салып ойнайды. Үстел теннисі, бильярд... қысқасы Абай ұршықша иірмеген спорт түрі жоқ. Сарыарқаның сары аязында жалаңаш шымыр, шыныққан денесінен бу бұрқырап, он шақырым жүгіреді. Ізденгіштік, зерттеушілік еңбегі – өз алдына бір сала. Әскерде қызмет етіп жүріп, диссертация жазып, тарих ғылымының докторы атанды, жүздеген мақала, еңбек жазды.
Әбекең, Абай Бөлекбайұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланғаннан кейін шығармашылық еңбегінің жаңа тынысы ашылды. Енді ол бұрынғыдай бір саланың ғана білгір ұйымдастырушысы емес, бүкіл қоғам, мемлекеттің жан-жақты бағыттарына өз үлесін қоса алатын, жанашыр тұлға өресіне көтерілді. Әрине, мемлекетіміздің ең жоғарғы заң шығарушы билігіне, яғни Парламентке қай саладан болса да Абай Бөлекбайұлы сынды өмір көрген, ыстық-суықтан өткен мемлекетшіл, қоғам құбылыстары мен қайшылықтарынан хабары бар, оң-солын ажырата алатын, елдің тұрмысын, әлеуметтік хал ахуалын білетін, дүниеге өз көзқарасы, пікірі бар, әншейін елге өзін көрсетуден гөрі, халықтың сөзін сөйлеп, мемлекеттің қамын ойлайтын, соған қызмет ету мүддесін көздейтін адамдардың сайлануы жөн-ақ. Абай Бөлекбайұлы Парламент Мәжілісіне Nur Оtan партиясынан екі рет сайланып, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болса да тек қызметтік шеңберімен шектеліп қоймай, қоғам өмірінің қай саласына болса да біліктілікпен, шынайы іскерлікпен араласып жүретін белсенді депутат болды. Мәжілісте оған жүктелген қоғамдық іс-шаралар да көп еді. Бір кездері Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып та, жар құлағы жастыққа тимей, әріптестерінің талап-тілектерінің орындалуына аянбай атсалысты. Әсіресе, өнерге, әдебиет пен мәдениетке жақын болғандықтан, әркез осы салалардың талантты өкілдеріне қамқорлық жасап, оларды елге танытудан жалыққан емес.
Абай еліміздің рухани өмірінің қыр-сырына қанық. Бір комитетте ел мүддесіне жұмыс жасау жолында өзара түсінісіп, пікір алмасып, ақылдасып, талай маңызды іс-шараларда бірге жүргеніміз – ұмытылмас құндылығымыз.
Мәжілістің бесінші және алтыншы шақырылымында бір комитет жұмысына жұмылдырылған он бес депутаттың кез келгені жайдан-жай, болғысы келгеннен ғана депутат бола қалған жоқ. Олардың әрқайсысы – депутат болғанға дейін үлкен өмір жолынан өткен, мемлекеттік қызметтің сан саласында біліктілікпен, абыроймен еңбек етіп, мемлекетіміздің ең жоғарғы заң шығарушы органына үлкен дайындықпен келген, бұрынғы қызметтерінде белгілі нәтижеге қол жеткізе алған тұлғалар. Сондай-ақ олар елдің, өңірлердің тұрмысын, мұң-мұқтажын жетік білетін, қажетті ұсыныс-пікірлерін жеткізіп айтатын. Бір комитетте Мәжіліс Төрағалары, Премьердің, Төрағаның орынбасарлары, бірнеше министр, әскери, күштік құрылымдар қолбасшылары, генералдар, елшілер, партия басшылары болып жұмылып, ел мүддесіне абыройлы еңбек еткенімізді айтсақ та жеткілікті.
Тегінде депутаттар елге көріну үшін немесе үнемі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танымал болу үшін жұмыс істемейді. Ең алдымен, депутат заң жобасымен қалай жұмыс істеп жүр, заңнама кеңістігін мейлінше сұранысқа жауап бере алатындай ету жолында не істей алды, сол заң елдің тұрмыс әлеуетін жақсартуға қандай ықпал ете алды деген тұрғыда Парламенттің кәсібилігі көрінеді. Қазіргі қалыптасқан тәртіп бойынша заң жобасын талқылауға арналған жұмыс топтарында белгілі заң жобасы әбден талқылаудан өткеннен кейін ғана комитет отырысына шығарылып, ондағы талқылауға да негізінен барлық депутат қатысады. Одан тыс партия фракцияларындағы талқылаулар тағы бар. Біздің Абай осы талқылаулардың бел ортасында жүретін, ұсыныс-пікірлерін, өз ұстанымдарын іркілмей айтатын. Ал оларды БАҚ-та көрсету-көрсетпеу депутатқа байланысты емес. Оны журналистер өздері шешеді. Өкінішке қарай, олардың өздерінің белгілі бір заң жобасын насихаттауда біліктілігі жетпей жататыны да бар. Депутаттардың белсенділігі немесе біліктілігі туралы пікір айту үшін БАҚ өкілдері жұмыс топтарындағы, комитеттердегі талқылауларға қатысып, мәселенің тереңіне үңілулері керек. Ал Парламент Палаталарының жалпы отырыстарында депутаттардың бәрі сөйлеуі мүмкін емес, әрі қажеті де жоқ. Ол үшін жұмыс топтары, комитет отырыстары, фракция жиналыстары жеткілікті.
Абай Бөлекбайұлы – осы міндеттің барлығын да мейлінше біліктілікпен атқарған қайраткер. Ал депутаттық қызметпен өмір біткен жоқ. Бүгінде Абаймен хабарлассам, сол бұрынғы ырғағынан жаңылмапты – «ана конференцияда сөйледім», «мына дөңгелек үстелге шақырып жатыр», «жас офицерлермен кездесуге барам», «достармен, әріптестермен, ағалармен сөйлестім», деп әңгіме тиегін ағытады.
Шын мәнінде, депутат та, басқа лауазымды қызметкер де лауазымынан бұрын өзінің азаматтығымен, қоғамдағы орнымен танылады. Әскери салада өнегелі ұстаз, ісіне қалтқысыз берілген жауынгер болып танылған Абай Бөлекбайұлы он жылға жуық депутаттық қызметінде де, одан кейінгі азаматтық қоғамда да адамгершілік қасиеттерімен өз ортасына, ел-жұртына танылып, абырой-беделге бөленіп келеді.
Абай көптеген игі істің бастамашысы болып, қоғамға оң ықпалын тигізіп жүр. Мәселен, ол әскери адамдардың ресми әскери қызметінің мерзімін бітіріп, зейнетке шыққан кезіндегі тұрмысы, тұрғын үй мәселесін өзінің 45 жылдық әскери басшы қызметінен, яғни «ішінен» білетін, көшіп-қонып жүріп, өз басынан да өткізген. Осы проблеманы әріптесі, жастайынан бірге жүрген досы, Халық Қаһарманы – Бақытжан Ертаевпен екеуі бірлесіп, бірнеше жыл тынбастан, дамыл таппай шұғылданып, Үкіметке, министрліктерге, әкімдерге, банк саласына маза бермей жүріп, ақыры оң нәтижеге қол жеткізе алды. Қос генерал-депутаттың сол бастамасын біздің комитет мүшелері түгел қолдап, арнайы заң қабылдануына күш салып, ықпал етті. Біздің сол заңымызды кезінде Үкімет қолдап, Президенттің қол қойғанының арқасында кәсіби әскери мамандардың тұрғын үй, жалақы, зейнетақы мәселелері оң шешімін тапты.
Сондай-ақ Абай Қожаберген жыраудың 350 жылдығын, оның еңбектерін, Сегіз Серінің ұмыт болған әндерін жинақтап жарыққа шығаруды ұйымдастырып, өнер жанашырларының алғысына ие болды.
Абайдың депутаттық қызметінен мағлұмат беретін мақалалары, сұхбаттары, кейбір іскерлік, қызметтік хаттары, депутаттық сауалдары,заң шығарушылық қызметте жұмыс тобының жетекшісі ретінде қабылдауға атсалысқан заң жобаларының үзінділері енгізіліп, генерал, көрнекті қоғам қайраткері туралы жазылған жылы лебіздер топтастырылған жинақ «Генералдың бекзат болмысы» деген атпен жарық көрді. Бұл кітап жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін тамаша оқу құралы десек, артық айтқандық емес.
Абай Бөлекбайұлының өмір жолында Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Мұхтар Алтынбаев сынды Қазақ елінің ардақты ұландарынан, тарихи тұлғаларынан ғибрат алғанын, өнегелерінен үйренгенін ерекше құрметпен атауы да – жай мадақ емес, сыйластық мәдениетінің жарқын көрінісі, әрі тамаша үлгісі.
Жинаққа енген сұхбаттардың жөні бөлек. Әрбір сұраққа кітап кейіпкері әрі авторы Абай Бөлекбайұлының берген ашық жауаптарында оның өмірбаяны, депутаттық қызметі сайрап жатыр.
Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деген өсиетін толығымен орындап жүрген замандасымыздың мақтанышпен айтуға тұрарлық тұлға екендігі оны білетін әр азаматтың кеудесіне Абайға деген ризашылық сезімін ұялатады. Оның өмірге іңкәрлігі, өнерге құштарлығы төңірегіне нұр шашып, әрдайым ортасын толтырып жүреді.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері