Қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясы әлемнің 90-нан астам еліне таратылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«100 жаңа есім» жобасы негізінде өз саласында Қазақстанның дамуына үлес қосушы 100 жаңа тұлға таңдалып, көпшілікке таныстырылды. Олардың есімдерімен тұлғалары кеңінен насихатталып, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі-өнегеге айналды.
«100 жаңа есім» жобасына іріктелген қайраткер жастар өндіріс пен кәсіпті, ғылым мен мәдениеті алға тартатын тұлғалардың жаңа легін құрайды деп санаймыз», деді министр.
Сонымен қатар ол «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аударылып, ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде сөйлетін 90-нан аса елдің ірі кітапханаларына, оқу орындары мен әдеби орталықтарына, жалпы саны 20 мыңға тарта ұйымдарға жеткізілгендігін айтты.
«Бұл жинақтарды халықаралық таныстыру іс-шаралары Лондон, Мадрид, Париж, Мәскеу және Каир қалаларында өтті. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықпен байланысты шығайту мақсатында Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия, Венгрия, Швеция және басқа да елдердің ұлттық кітапханаларында 34 қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы Абай Құнанбайұылының 175 жылдығы аясында ұлы ақын шығармаларының жинағы әлемнің ірі 10 тіліне аударылып, әлемге ұсынылды.
Бұл бастама да төл әдебиетімізді әлемге таныстыру, мәдениетімізді насихаттауға қосылған зор үлес деп білемін», деді Аида Балаева.