Маңғыстау облысында кен орындарын игеру жұмыстарына жергілікті компаниялар мен кадрларды барынша тарту маңызды. Бұл туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ҚР Президенті кеңес барысында мұнай-газ саласын одан әрі дамыту, соның ішінде өңірдегі жаңа кен орындарын игеру мәселесін көтерді.
Осы ретте, Мемлекет басшысы жалпы құны шамамен 5 миллиард доллар болатын «Қаламқас теңіз» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмыстарын бастау жөніндегі шешімін еске салды. Президент кен орындарын игеру жұмыстарына жергілікті компаниялар мен кадрларды барынша тартудың маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай кен орындарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланысты проблеманы да қозғады. Аталған мәселені шешу үшін Президент геологиялық барлау және жаңа кен орындарын іздеу бағытына белсенді түрде инвестиция тартуға шақырды. Бұл жұмыстарды атқару барысында жыл соңына дейін құрылатын Ұлттық геологиялық қызмет маңызды рөл атқаруы тиіс.