Осы күні ебін тапқандардың бәрі тендерге қатысады. Онда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Тек мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырып, мойнына алған міндеттемесін орындамайтындардың жиі кездесетіні қынжылтады. Өкініштісі, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мұндай жауапсыз орындаушыларды тезге салатын тетіктің өзі солқылдақ болып тұр.
Жауапкершілік жүгін сезінбей жүр
Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, биыл «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамы дәл осындай екі компаниямен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Екеуі де тапсырылған істі тиянақты атқармай, салғырттық танытты. Өкінішке қарай, мұндай жауапсыз орындаушылар жиі бой көрсетеді және олар бұл әрекеттеріне еш қымсынбайды да.
Өйткені тендердің талабын толық сақтамағандары үшін қолданылатын жазаның жеңіл екенін жақсы біледі. «Әрі кетсе «Жосықсыз қатысушылар тізіліміне» барып «жайғасармыз» деп жайбасарлық танытатын мұндай орындаушыларды тезге салудың басқа тетігі және жоқ. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес тапсырыс берушінің талаптары толық орындалуы керек. Көрсетілетін қызметтің сапасы, мерзімі әу баста бекітілген шартпен толық сәйкес келуі қажет.
Егер тапсырыс берушінің көрсетілген қызметке көңілі толмаса, компанияны «жосықсыз орындаушы» ретінде тануы үшін 30 күннің ішінде сотқа шағым түсіруіне болады. Сөйтіп, міндеттемесін дұрыс орындай алмаған компания сот шешімімен «Жосықсыз қатысушылар тізіліміне» қосылады.
Мұны жалпақ тілмен «қара тізім» десе де болады. «Қара тізімге» енгендер 24 ай, яғни 2 жыл бойы мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алмайды. Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, 2020 жылы сот шешімімен 1 915 келісімшарттық міндеттемені орындамаған компаниялар «Жосықсыз қатысушылар тізіліміне» енгізілген. Ал осы жылдың қаңтар-шілде аралығында 1 083 келісімшартты орындамаған компаниялар «қара тізімге» алыныпты.
«Қазақша тендер» мектебінің негізін қалаушы, мемлекеттік сатып алу саласының маманы, заңгер Айшат Уәлиолланың айтуынша, жауапсыз орындаушыларға тағайындалатын жаза тым жеңіл.
– Мұны жаза деп те айта алмаймыз. Шектеу дегеніміз дұрыс шығар. Несін жасырамыз, осы күні бәзбіреулер үшін тендер ақша табудың жеңіл жолына айналды. Өйткені халықты мемлекеттік сатып алуға қатысып, әп-сәтте байып кетуге шақыратын вебинарлар мен курстар өте көп. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей үйренушілерді өз мүддесінен бұрын мемлекет мүддесіне жұмыс істеу керектігін үйретпейді. Рас, тендерге қатысу оңай, ұту да қиын емес. Бірақ курстан өтіп, мемлекеттік сатып алудың қыр-сырын меңгеріп алғандар тендерге қатысу мен ұтудан да маңызды үлкен жауапкершілік барын сезінбейді. Ол жауапкершілік – жүктелген міндетті мінсіз орындау. Жас кәсіпкерлер, жаңадан ашылған қорлардың басшылары осыны жете ұғынбайды. Ал көтере алмас шоқпарды беліне байлап алып жүргендер өте көп. Олардың кейбірі жұмысты орындау үшін тапсырыс берушіден шартта көрсетілген соманың жартысын алады. Ал одан кейінгісі оларға қызық емес. Әрі кетсе компанияны «жосықсыз орындаушы» ретінде «қара тізімге» апарып қосар. Бұдан оның қылшығы да қисаймайды. Бизнесті жүргізудің түрлі жолы бар. Сондықтан салық және құқық қорғау органдары тарапынан міндеттемені дұрыс орындамайтын компанияларға қатысты жаза қатаңдатылуы керек, – дейді А.Уәлиолла.
Оның айтуынша, жазаны да белгілі бір нормалар мен негіздер шеңберінде ғана қатаңдатқан жөн. Өйткені бизнес субъектілерін орынсыз тұқыртып жіберуге тағы болмайды.
– Жауапсыз орындаушыларға қатысты істердің құқық қорғау органдарының қолына тигені дұрыс. Бізде көп жағдайда азаматтық істер соңына дейін жеткізілмейді. Компания өзін банкрот деп жариялайды да, бар мәселе сонымен шешіле салады. Иесі бұл компанияны жапқанымен, басқасын ашады. Сөйтіп бизнесін жалғастыра береді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы жөнсіздіктерді болдырмас үшін құқық қорғау органдарының да араласқаны жөн деуімнің төркіні осында жатыр, – дейді А.Уәлиолла.
Сенат депутаты Дәурен Әділбеков мемлекеттік сатып алу конкурстарының «тұрақты жеңімпаздары» саладағы кемшіліктерге жол ашып отыр деп санайды.
– Тапсырыс берушінің кім екеніне қарамастан, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ережелері болуы керек. Алайда тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттік сатып алу конкурстарының «тұрақты жеңімпаздары» қалыптасқан. 2018 жылғы ресми дерекке сүйенсек, 49 мыңнан астам орындаушы мұндай конкурстарды бес реттен артық ұтқан. Яғни мердігерлер тобы конкурстарда жеңіске жетіп, белгілі бір дәрежеде пайдаға кенеледі. Бірақ жұмысты қосалқы мердігерлерге тапсырады. Ал олардың міндеттемені қалай орындайтыны белгісіз. Тапсырысты сапасыз атқарудың бір жолы осыдан басталады. Сондықтан мемлекеттік сатып алу тетігін әлі де жетілдіру керек, – дейді сенатор.
Тапсырыс берушіден де тиянақтылық талап етіледі
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Айтенованың пікірінше, мемлекеттік сатып алу саласында тапсырыс берушіден де тиянақтылық талап етіледі.
– Заңда орындаушыларды жауапкершілікке тартудың жолдары нақты қарастырылған. Мәселен, оны «жосықсыз орындаушы» деп тануға болады. Сотқа жүгінуге мүмкіндік бар. Кемшіліктерді қалпына келтіргенше, атқарылған жұмыстардың актісіне қол қоймауға болады немесе толықтай есеп айырыспау керек. Бұл ретте тапсырыс беруші де жауапкершілік арқалайтынын естен шығармау қажет. Мәселен, тапсырыс беруші орындаушыны «жосықсыз қатысушы» деп тану үшін сотқа уақытында жүгінбесе немесе мүлдем жүгінбесе лауазымды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл тапсырыс берушілердің мұқият болып, орындаушының қызметіне тыңғылықты мониторинг жүргізу қажеттігін, қоғамдық бақылау тетігін пайдалану керектігін көрсетеді, – дейді Ш.Айтенова.
Дәл осы ұйымның маманы Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, компаниялардың келісімшартты бұзуы, оны дұрыс орындамауы, орындаудан бас тартуы – үлкен проблема. Оны жан-жақты зерттеу керек. Бірінші кезекте себебін анықтаған абзал.
– Орындаушы тарапты біржақты кінәлауға болмайды. Жауапты мемлекеттік органдар мен басқа тараптар бұл проблеманы зерттеп, себебін анықтауы керек. Әзірше бұл бағытта атқарылған жұмысты көрмедік. Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, 2020 жылы барлығы 39 мыңнан астам келісімшарт бұзылған және бұзу туралы шешімді күтіп тұр. Олардың жалпы сомасы 380 млрд теңгеге жуықтайды. Ал 2021 жылдың басынан бері 17 мыңнан астам келісімшарт бұзылған және бұзылу сатысында тұр. Олардың сомасы 104 млрд теңгеден асады. Мемлекеттік сатып алу арқылы жұмсалатын қаржы біздің проблемамызды шешуге, сапалы мемлекеттік қызмет алуымызға бағытталатынын ескерсек, өткен жылы 380 млрд теңгеге, ал биыл 104 млрд теңгеге алуға тиіс қызмет алынбай қалды немесе бізге кешігіп жетті. Өйткені, сатып алу келісімшарты бұзылса, ол процесс қайтадан өткізіліп, орындаушы жаңадан анықталады. Сәйкесінше, ақша кеш жұмсалады, біз қызметті кешігіп аламыз. Бұл мысалмен айтқанда, тиісті мектеп пен жол кешігіп салынады деген сөз. Зерттеу керек деп отырған себебім де сондықтан. Бұл тек компанияға қатысты болмауы мүмкін. Мұндай компаниялардың тендерді ұтпауы үшін сатып алу процестерін барынша жетілдіру керек. Келісімшарт талаптарын, оларды орындау шарттарын қайта қарау да артық етпейді. Компаниялардың жауапкершілігін арттыру да маңызды, – дейді Ғалымжан Оразымбет.
Өкінішке қарай, келісімшартты орындамаумен оны бұзудың салдары жаман. Заң бойынша келісімшарт тапсырыс берушінің бастамасымен бұзылса, сол сәтке дейінгі игерілген соманы орындаушы қайтаруға міндетті емес. Олай болса, былтырғы 380 млрд теңгеге жуық қаржының, биылғы 104 млрд теңгенің қаншасы тапсырысты орындаушыда қалды? Бұдан бюджет қанша шығынға ұшырады? Бұл жағы белгісіз. Ғ.Оразымбет мұның бәрін келісімшартты бұзу жағдайларын зерттеп, себебін анықтаған соң ғана білуге болады дейді.
– Тапсырыс берушінің жауапкершілігін арттыру да маңызды. Бізде қай деңгейде болсын заңды бұзған орындаушыға шара қолданылады. Ал тапсырыс берушінің кемшілік үшін жауапқа тартылуы өте сирек кездеседі. Жауапкершілік екіжақты болмай, мәселе шешілмейді. Тапсырыс берушінің кемшіліктеріне, қылмысына шара қолданбауда да жемқорлық белгілері байқалады. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 4-бабында Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізгі қағидалары жазылған. Сол қағидаларды қатаң сақтасақ, көп мәселенің алдын алуға болады, – дейді ол.
Жемқорлық жайлаған сала
Мемлекеттік сатып алу – айғай-шуы да, ақшасы да көп сала. Бұл жерде триллиондаған теңге айналымда жүр. Бас айналдыратын сомалар сыбайлас жемқорлыққа да жол ашып отырғаны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен жиындарда мемлекеттік сатып алу саласына тәртіп орнатуды жиі тапсыратыны да сондықтан. Мәселен, Мемлекет басшысы 2019 жылдың мамырында Орал қаласының активімен болған жиында бұл салада сыбайлас жемқорлық фактілерінің көп екенін жеткізді. «Сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Мұнымен мықтап күресетін боламыз. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласына ерекше назар аударылмақ», деген еді сол жолы.
Бұл салада мәселенің көп екенін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин де мойындап отыр. Мемлекеттік сатып алу кезінде негізсіз жоғары талаптар қою, белгілі бір орындаушылардың мүддесін қолдау, сатып алуды қайта болдырмас үшін бәсекелестермен бірігу, тапсырыс берушілер тарапынан бюджет қаражатын үнемдемеу... Саладағы кемшіліктерді осылай жалғастыра беруге болады.
Тікелей шарт жасасу арқылы қызметті бір көзден сатып алу да – өзекті мәселе. Бірақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның өзі осыған жол беріп отыр. С.Жұманғариннің мәліметінше, заңда аталған жолмен сатып алуды жүргізуге жол беретін 52 негіз қарастырылған. Демек, бұл тиісті заңды әлі де жетілдіру керектігін көрсетеді.
– Өткен жылдармен салыстырғанда тікелей шарт жасасу арқылы қызметті бір көзден сатып алу үлесі төмендеп келеді. Мәселен, 2016 жылы оның үлесі 48 пайызды құраса, 2019 жылы 34 пайызға тең болды. Соңғы бес жылда бір көзден 7,7 трлн теңгенің қызметі мен тауары сатып алынған. Аукцион арқылы сатып алу үлесі біртіндеп көбеюде, – дейді С.Жұманғарин.
Әлі есімізде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-басшысы Алик Шпекбаев жиындардың бірінде жемқорлыққа қатысты әрбір төртінші қылмыс мемлекеттік сатып алу саласында жасалатынын айтқан-ды. Ал мемлекеттік сатып алу арқылы жылына триллиондаған қаржы жұмсалатынан ескерсек, проблеманың ауқымын елестетудің өзі мұң. Бұл дегеніміз – сапасыз медицина, сапасыз білім, сапасыз жол...
– Жемқорлық араласқан жерде сапа болмайды. Тіпті «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның өзінде жемқорлыққа негіз болатын жағдайлар көп. Әрине, оның барлығы жемқорлықпен жасалады деген сөз емес. Бірақ бұл жемқорлық қатерін арттыратын негізгі фактордың бірі. Одан бөлек, техникалық ерекшелікті нақты бір өнім берушіге арнап жазу, шарттарын әдейі қиындату немесе түсініксіз етіп жазу сынды мәселелер алдан шығады. Мұндай конкурстарға компаниялардың барлығы бірдей қатыса бермейді. Тәуекел жоғары. Сондықтан мемлекеттік сатып алу процесін барынша анық әрі ашық еткен абзал, – дейді Ғ.Оразымбет.
Zertteu Research Institute ұйымының өкілі назар аударыла бермейтін, бірақ көп жағдайда сатып алуға теріс әсері көп тағы бір мәселеге тоқталды. Ол – мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырып, өткізе алатын білікті мамандардың аздығы. Айтуынша, республикалық, облыстық деңгейдегі жағдай жақсы. Бірақ аудан, ауыл көлемінде мамандар жетіспейді. Бұл сатып алу құжаттарын сапалы, дұрыс толтыруға кедергі келтіреді. Мұның кесірі тұтас процеске тиеді. Сатып алуды сапасыз өткізу – қаржыны тиімсіз жұмсау, жемқорлық тәуекелдерін арттыру деген сөз.
Қаржы министрлігінің дерегінше, бүгінде мемлекеттік сатып алуға арналған веб-порталда 24 мың тапсырыс беруші мен 96 мың тапсырыс орындаушы тіркелген. 2020 жылы республика бойынша саланың айналымдағы қаржысы 6,4 трлн теңгені құраған. 5,8 трлн теңгеге электронды келісімшарт жасалыпты. 2021 жылдың қаңтар-шілдесінде веб-порталға 5,3 трлн теңгенің тапсырысы орналастырылған. Бекітілген электронды келісімшарт сомасы – 3,7 трлн теңге.
Квазимемлекеттік сектордағы сатып алуда да мәселе көп. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында қадап айтты да.
«Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе ішкі жалпы өнімнің бестен бір бөлігін құрайды. Үкімет пен әкімдердің міндеті – осы әлеуетті барынша пайдалану. Менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдардың сатып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді. Жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетін барлық сатып алу барынша ашық және «Бір терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс. Егер тиісті құқық қолдану тәжірибесі болмаса, заңнаманы жетілдіргеннен ешқандай пайда жоқ», деген болатын Президент.
Мемлекет басшысының былтырғы Жолдаудағы тапсырмасы биыл орындалды. Президент 2021 жылдың 8 маусымында «Квазимемлекеттік сектордағы жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға қол қойды. Заңда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуын реттеу ұсынылған. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Құжат қазір Сенаттың қарауында.
Түйіндей келе айтарымыз, мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктер ел экономикасына ғана емес, сіз бен біздің өмірімізге де тікелей әсер етеді. Ендеше, саладағы талап пен тәртіпті барынша күшейткен абзал.