Токио Олимпиадасының аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлерінің сол жарыстағы сүреңсіз көрсеткіші жайындағы әңгімелер әлі де саябырси қойған жоқ. Әрине, жанкүйерлерді түсінуге болады. Олардың жанайқайы орынды. Қанша дегенмен спорттың бұл түрінде елімізде жеңіспен өрілген керемет дәстүр бар. Өз өрендеріміздің арасынан талай чемпиондар шықты. Алайда Олимпия ойындарындағы көрсеткішіміз уақыт озған сайын нашарлап барады.
Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері отандастарымыз аталған жарыстың жетеуіне қатысып, соның үшеуінен құралақан оралды. Атап айтсақ, 2000 жылы Сиднейде сүрінді, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жеңілді және 2021 жылы Токиодан тас-талқаны шықты. Әрине, бұл жағдай көпшіліктің көңіліне кірбің түсірмей қоймады.
Жоғарыда айтылған олқылықтың орнын Париж Олимпиадасының алауы тұтанғанға дейін толтыра алмайтынымыз анық. Оған әлі үш жылдай уақыт бар. Десек те алдағы күндері барлық кемшіліктерімізді жуып-
шайып, дүйім жұрттың алдында біраз бедел жыюдың бір жолын көріп тұрмыз. Бұл үшін балуандарымыз 2-10 қазан аралығында Норвегияның бас шаһары – Ослода өтетін әлем чемпионатында барынша табысты өнер көрсетуге тиіс. Әсіресе, біз «классиктерден» үлкен үміт күтеміз. Себебі олар соңғы кездері жауапты жарыстарда жиі сүрініп жүр.
Өткенге зер салсақ, Қазақстан дербес команда ретінде әлем чемпионаттарына 22 мәрте қатысты. Әсіресе, ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы біз үшін табысты болды. Тәуелсіз еліміздің қоржынына алғашқы болып медальдың сыңғырын естірткен Дәулет Тұрлыханов еді. 1993 жылы Стокгольмде шымылдығы түрілген жарыста 30 жастағы даңқты балуанымыз күміс медальды мойнына ілді. Финалда ол Түркияның жас жолбарысы Хамза Ерликайға есе жіберді. Одан кейінгі жылдары Юрий Мельниченко екі алтын (1994, 1997 жылдары) мен екі күміс медальды (1995, 1999) олжалады. Мхитар Манукян қос алтынды (1998, 1999) қоржынға салды. Бақтияр Байсейітов бір мәрте (1998) теңдессіз деп танылса, тағы бір рет (1995) финалда ұтылды. Байқасаңыздар 1993-1999 жылдары жеңіс тұғырына көтерілген балуандарымыздың барлығы да ақтық сынға дейін алқынбай жеткен екен.
Тағы бір айта кетерлік жайт, 1998 жылы Швецияның Евле қаласында өткен әлемдік додада бас бапкер Дәулет Тұрлыханов жетекшілік еткен Қазақстанның ұлттық құрамасы қос алтынды олжалап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Оған дейін жерлестеріміз осындай зор табысқа қол жеткізе алмады. Одан кейін де сол межеден көріне алған жоқпыз.
ХХІ ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері үшін алтын тұғырға көтерілу арманға айналды. Иә, буын алмасу процесі кезінде біраз қиындықты бастан кешірдік. Соның салдарынан алты жарыста жолымыз болмады. 2001 жылы Патры, 2002 жылы Мәскеу, 2006 жылы Гуанчжоу, 2007 жылы Баку, 2014 жылы Ташкент және 2016 жылы Будапештте сыпыра ұтылдық. Ал қалған жарыстардан қоржынымыз бос қайтқан емес. Атап айтсақ, 2003 жылы Георгий Цурцумия, 2005 жылы Ермек Көкетов және 2009 жылы Нұрбақыт Теңізбаев төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі додада үшінші орынды еншіледі. 2010-2015 жылдар аралығында Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тынәлиев бір-бірімен жарыса шапты. Қазақтың мақтан тұтар екі азаматы жеңіс тұғырына үш реттен көтерілді. Алмат бір күміс пен екі қоланы иемденсе, Нұрмахан үш мәрте үздік үштікті қорытындылады. Сол кездері Досжан Қартықовқа да бір қола бұйырды. 2017 жылы Парижде Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраев финалға дейін жетті. Алайда шешуші тұста қарсыластарына есе жіберіп, екінші орынды қанағат тұтты. 2018 жылы Будапештте Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбет қолаға қол созды.
2019 жылғы әлем чемпионатын Нұр-Сұлтан қаласы қабылдады. Өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтетін жарыста жерлестеріміз жасындай жарқылдап, Қазақстанның әнұранын шырқататын шығар деп үміттендік. Бірақ күллі Алаш жұртын шаттандыруға бірде-бір өреніміздің ерік-жігері мен күш-қуаты жетпеді. Алтын тұғырға ең жақын болған Қорлан Жақанша еді. Қандасымыз ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ финалда грузиялық Нугзари Цурцумияға әлі жетпеді. Ал Мейрамбек Айнағұлов пен Алмат Кебісбаев қола медальдарды қанағат тұтты. Осылайша, елорда төрінде де бізге бас жүлде бұйырмады.
Нұр-Сұлтандағы әлемдік додада Ресей мен Жапония құрамалары командалық есепте көш бастады. Бұл командалардың әрқайсысы екі алтыннан олжалады. Ресейліктер арасынан Абуязид Манцигов (72 кг) пен Мұса Евлоев (97 кг) алдарына жан салмаса, Сергей Емелин (60 кг), Степан Марянян (63 кг) және Артем Сурков (67 кг) күміспен күптелді. Күншығыс елінің өкілдері арасынан Кенъитиро Фумита (60 кг) мен Синобу Ота (63 кг) оза шапса, Сота Огава (55 кг) қолаға қол созды. Сондай-ақ кубалық Исмаэль Борреро (67 кг), мажарстандық Тамаш Леринц (77 кг), грузиялық Лаша Гобадзе (82 кг), украиналық Жан Беленюк (87 кг) және түркиялық Рыза Каялп (130 кг) бас жүлдені олжалады. Міне, 2019 жылғы әлем чемпионатының ең үздік командалары – осылар.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 1993-2019 жылдар аралығында жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында 26 жүлде алған екен. Оның 5-еуі алтын, 8-і күміс және 13-і қола. Егер жоғарыда аталған кезеңді ғана есепке алсақ, біз үздік командалар тізімінде 12-орында тұрмыз. Бұл – өте жақсы нәтиже. Балуандық өнерде бай дәстүрі бар талай ел артымыздан сығалап қалды. Әрине, бұл көрсеткіш бізді қуантып отыр. Бірақ «әттеген-ай» дейтін жайттар да жоқ емес. Мәселен, 1999 жылдан бері Қазақ елінің грек-рим күресі шеберлері бірде-бір рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алған жоқ. Өткен ғасырдың аяғында Грекияның бас шаһары – Афинада әйгілі Мхитар Манукян теңдессіз деп танылды. Содан бері табаны күректей 22 жыл өтті. Сол аралықта біздің балуандар әлемдік додаға 16 рет қатысты. Десек те сол бәсекелердің бірінде де біздің жігіттерге бас жүлде бұйырмады. Енді сол олқылықтың орны Скандинавия түбегінде толықса деп тілейміз.
Ослодағы жарыста бұған дейін де әлем чемпионатында жүлде алған Қорлан Жақанша (55 кг), Айдос Сұлтанғали (60 кг) және Алмат Кебісбаев (67 кг) сынды саңлақтарға зор сенім артып отырмыз. Олардың барлығы да бабында, тәжірибелері толысып, шеберліктері де әбден шыңдалған. Кезінде Азия чемпионы атанған Мақсат Ережепов (82 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) және Ерұлан Ысқақовтың (97 кг) төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыстарда жасындай жарқылдайтын кезі келді. Қаһарман Қисметов (72 кг) пен Әлімхан Сыздықовтың (130 кг) да өрелі өнерлерімен көзге түсіп жүргендеріне біраз жылдың жүзі болды. Осы апайтөстермен қатар Сұлтан Әсетұлы (63 кг) мен Темірлан Шадукаев (77 кг) өнер көрсетеді. Олар жастар буыны өкілдері болғанымен, өздерінің мықтылығын сан мәрте мойындатқан. Екеуінің де ересектер арасындағы Азия чемпионы деген дардай атақтары бар. Ослоға, міне, осы 10 балуанымыз аттанады. Біз Скандинавия түбегіне сапар шеккелі отырған саңлақтарымызға сәттілік тілейміз.
Әлем чемпионатында ең көп жүлде алған «ТОП-20» команда
(1993-2019 жылдар аралығы)
Мемлекеттер
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
43
23
25
91
2.
Түркия
18
10
18
46
3.
Куба
14
11
16
41
4.
Иран
11
3
18
32
5.
Оңтүстік Корея
9
9
12
30
6.
Армения
8
9
9
26
7.
Әзірбайжан
6
6
11
23
8.
Грузия
6
4
5
15
9.
Швеция
6
4
4
14
10.
Болгария
6
2
11
19
11.
Мажарстан
5
13
13
31
12.
Қазақстан
5
8
13
26
13.
Германия
5
5
12
22
14.
АҚШ
4
7
8
19
15.
Украина
4
5
10
19
16.
Жапония
3
3
1
7
17.
Польша
2
7
4
13
18.
Беларусь
2
6
8
16
19.
Эстония
2
2
1
5
20.
Өзбекстан
1
4
5
10
Деректер мен дәйектер
- 1993-2019 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында барлығы 42 мемлекеттің өкілдеріне жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Солардың арасынан 24 комада бас жүлдеге қол жеткізге алды.
- Қазақстан құрамасы сапында ең көп жүлде алған балуандар Юрий Мельниченко мен Алмат Кебісбаев. Екеуі де төрт реттен жеңіс тұғырына көтерілді. Юрий 2 алтын мен 2 күмісті олжаласа, Алмат 1 күміс пен 3 қоланы иеленді.
- Жалпы командалық есепте Ресей 10 рет (1993, 1994, 1995, 1997, 1998, 2002, 2003, 2006, 2018, 2019) көш бастады. Түркия үш рет (2009, 2015, 2017) топ жарды. Екі мәрте Иранның (2010, 2011) мерейі үстем болды. Болгария (2005), Грузия (2007), Оңтүстік Корея (2013) және Армения (2014) бір-бір реттен оза шапты.
- 1999 жылы Афиныда Куба, Ресей және Оңтүстік Кореяның нәтижелері бірдей болды. Бұл командалардың әрқайсысы 2 алтын мен 1 күмісті қоржынға салды. 2001 жылы Патрыда дәл сондай жағдай қайталады. Бұл жолы АҚШ пен Ресей мәреге бірдей жетті. Айтулы мемлекеттің апайтөстері 1 алтын мен 2 күмісті қанжығаларына байлады.
- Олимпия ойындарының алауы тұтанатын жылы әлем чемпионаты өткізілмейтіні белгілі. Десек те 2016 жылы Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін Будапеште дүниежүзілік дода ұйымдастырылды. Бірақ бұл жарыста олимпиадалық емес екі салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. 71 кило салмақта мажарстандық Балинт Корпаши топ жарса, 80 кило салмақта ресейлік Рамазан Абачарев атой салды.