Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің даму келешегіне орай білім және ғылым жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелерді атап өткен болатын. Президент көтерген ауқымды міндеттерге байланысты ғалымдар қауымы Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясында еліміздің өркендеуінің негізі болатын ғылымның әлеуетіне қатысты түйткілді жайттарды ортаға салды.
Алқалы жиын ҰҒА жалпы жиналысының соңғы сессиясынан бергі уақыт аралығында өмірден өткен Қазақстан ғылымының әлемдік деңгейдегі көрнекті ғалымдарын еске алып, рухына тағзым етумен басталды. Олардың қатарында бүгінде еңбектері әлемдік қоғамдастыққа танымал академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Еренғайып Шайхутдинов, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Нәдір Нәдіров, академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Владимир Околович, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Елешев сынды ардақты ғалымдар бар.
Жиналыстың күн тәртібіне орай ғалымдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын талқылап, маңызды құжаттағы талаптарды іске асыруға байланысты ұсыныстарын бөлісті.
ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов өз баяндамасында Жолдауда көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын белгілеп берген құжатта пандемиядан кейінгі экономикалық жағдай, сонымен бірге 2025 жылға дейінгі дамудың жол картасын әзірлеу қарастырылып отыр.
«Заманауи цифрландыруға байланысты Президенттің «Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлы хабқа айналуға тиіс» деген тапсырмасына аса мән бере отырып, бұл ретте отандық IT секторды дамытып, күшейтудің маңызы зор. «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», деп атап көрсетті Президент. Ғалымдардың пікірінше, бұл мәселені балабақшалар мен мектептен бастау қажет. Ал жоғары мемлекеттік органдарда қазақ тіліне деген қажеттілік болуы керек», деді өз сөзінде М.Жұрынов.
Сонымен қатар академия президенті Мемлекет басшысының экология, цифрландыру және бейбіт атом мәселесіне мән бергеніне, жаңа технологиялар мен цифрландырудың көмегімен суды үнемдеуге көшудің маңызына тоқталғанын атап өтті. 2030 жылға қарай су ресурстарының жетіспеушілігі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Жолдауда ғылымды гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұлғайту қажеттігіне де көңіл бөліп отырғанына тоқталды. Себебі қазіргі үшжылдық қаржыландыру іргелі ғылымның дамуына кедергі келтіріп отырғаны сөзсіз. Жоспарлаудың осындай қысқа мерзімінде қандай да бір нәтижелерге қол жеткізу қиын. Сондықтан ғылымды гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажеттігі ғалымдар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Ал ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе әлі де күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты апелляция институтын енгізу қажет деген Президент тапсырмасы да ой салады. Осы орайда ғалымдар қойылған міндеттерді шешуге атсалысып, ғылыми-зерттеулер деңгейін арттыруға және оны практикада қолдануға ерекше назар аударатын болады.
Тіл саясатын дамыту мәселесіне орай баяндама жасаған ҰҒА Әлеуметтік ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек «Тіл саясатына келсек, Президент тұжырымдары – ұлттық саясаттың берік арқауы іспеттес. Жолдауда халық көкейіндегі өзекті мәселелердің басым көпшілігіне тұшымды жауап берілді. Басқасын айтпасақ та, ұлттық заңдарымыздың әлі күнге дейін көрші елдің мемлекеттік тілінде даярланып жүргенін айтуға ұяласың», деп атап өтті. Ғалымның айтуынша, қазақ тілі немесе ауыз әдебиеті бойынша мемлекеттік зерттеу грантын ұтып алғыңыз келсе, талай құжатты орысша да, ағылшынша да толтыруға тура келеді, диссертация қорғаймын десеңіз, бұларға қосымша шетелдік жетекшіні іздеп басыңыз қатады. Әлі күнге дейін мемлекеттік тілді дамытуға арналған Президенттің, Үкіметтің нақты қаулы-жарлықтарының бірі де толық іске асырылмай келеді. Тіл майданы тек тілші филологтардың, жазушылар мен әдебиетшілердің күресі емес. Керек болса, тілімізді дамыту мәселесі – мемлекетіміздің басты ұлттық қауіпсіздік, экономикалық, идеологиялық, саяси талабы, міндеті, алғышарты.
Жиында ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салған ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған көкейкесті мәселелер аз емес», деді өз сөзінде. Ол ауыл шаруашылығы саласында тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасында делдалдардың көптігіне назар аудара отырып, ғалымдардың зерттеулерін негізге алды. Яғни қалыптасатын бағаның 75 пайызы делдалдарға тиісті болса, 25 пайызы ғана – ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің үлесінде. Шет мемлекеттерде бұл керісінше. Қазір ауыл шаруашылығына қатысты үй шаруашылықтарының үлесі 42 пайызды құрайды. Бірақ олар нарыққа өз өнімдерін тиімді бағамен өткізе алмайды, инновациялық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіншіліктері жоқ. Сондықтан Жолдауда осы шаруашылықтардың жұмысын жандандыру үшін «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы әзірленетіні құптайтын мәселе. Биыл Қазақстан өңірлерінің құрғақшылыққа ұшырауы салаға теріс әсерін тигізді. Осы орайда Т.Есполов мал азығы базасын дамытуға, яғни жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту, құрғақшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын себу және ауыспалы егістікті кеңінен қолдануға көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бүгінде мал жаятын жерлерге шаруалардың қолы жете бермейді. Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету, ветеринария, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау тәсілдерін қайта қарау, агроөнеркәсіп кешенінде қолданылатын технологияның шамамен 90 пайызға дейін ескіріп кеткендігі, салаға білікті мамандар даярлау мәселесі де алаңдатады.
Биыл ғылымның қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Жиында мән берілген маңызды мәселенің бірі – мерейлі датаны өз дәрежесінде атап өту. Қазір Білім және ғылым министрінің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген 75 жылдық салтанатты Жалпы жиналыс сессиясын халықаралық жоғары деңгейде өткізу үшін ТМД және алыс шетелдердегі ғылым академияларының бірінші басшыларына шақыру хаттары жіберілген. Осыған орай, академияға жалпы жиналысқа қатысуға ниетті хаттар келіп түсуде. Әзірге мерейтойлық жалпы жиналыс сессиясы қарсаңында дайындық қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Академияның мерейтойын ел Президентімен бірге атап өту – бұрыннан келе жатқан дәстүрлі іс-шара. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының мүшелері алқалы жиында көтерілген отандық ғылым саласындағы маңызды мәселелерді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай Президентпен кездесуде талқылауды мақсат етеді. Елдегі эпидемиялық жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, ғалымдар қауымы салтанатты іс-шараны ахуал тұрақталған кезеңде офлайн форматта өткізу жайында ұсыныс тастады.
Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, жас буын өкілдері қатысқан жиында ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов Жолдауда көтерілген мәселелерді жүзеге асыруға, отандық ғылымды одан әрі дамытуға байланысты ғалымдарды барлық күш-жігерін жұмылдыруға шақырды.
АЛМАТЫ