• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Қыркүйек, 2021

Өлеңі әнмен өрілген

464 рет
көрсетілді

Ерекше туындыларымен тыңдарманның жүрегіне жол тапқан ақын Шөмішбай Сариев тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, ақын шығармашылығы хақында сөз сөйледі. Еліміздің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі жайында айтып өтіп, «Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің есімі ел арасында ерекше құрметпен аталады. «Арайлы көктем», «Тағдыр жыры», «Сағынышым – теңіз», тағы да басқа еңбектері қалың оқырманға кеңінен таралды. Еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары деңгейде бағаланып, «Парасат» орденімен, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығымен, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медальмен марапатталды. Ақын тынымсыз еңбек пен адамгершілік қасиетінің арқасында халқының қалаулы тұлғасына айналды», деп атап өтті.

Шөмішбай Сариев «Қазақстан» бас­пасында, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ұзақ уа­қыт М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек еткен жылдарда ғалымдық қырынан танылды. Ғы­лыми ортадағы зерттеулері, ізденісі ха­қында ой бөліскен осы институттың ғылы­ми қызметкері, белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұр­дәулет Ақыш ақын шығармашылығын ғылыми қырынан аша түсті. «Жас кезімде «Жұлдыз» журналында, кейіннен М.Әуе­зов атындағы Әде­биет және өнер институ­тында бірге жұмыс істеу құрметіне ие болдым», деп атап өткен Нұрдәулет Ақыш ақынның поэзия әлемі туралы «Поэзия сөздің патшасы» еңбегінің қазақ фи­лологиясында өзіндік орны бар екен­дігіне тоқталды. Шөмішбай Сариевтің «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» кандидаттық жұмысы, «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» монографиясы туралы сөз қозғағанда оның зерттеушілік қырының тереңдей түскенін аңғарамыз. Махаббат, табиғат, отансүйгіш сезімдері туралы әндерге қалам тарта жүріп, филология ғылымдарының кан­дидаттығын қорғап, қазақ поэзиясын зерттеуге зор үлес қосты. Сөз құдіретіне, поэзия әлеміне терең бойлаған қаламгер ре­тіндегі оның шығармалары бүгінде қалың оқырманға кеңінен танылды.

Қазақстан Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары Бауыржан Жақып салтанатты бұл шараны ақын рухына ғана тағзым ету емес, бүкіл қазақтың әде­биетіне, өнеріне көрсетіліп отырған құр­мет екендігіне тоқталды. «Шөмішбай Сариев­тің саналы өміріндегі ең бірінші қыры – ақындығы. Арал өңірінде дүниеге келіп, аудандық «Толқын» газетінде еңбек жолын бастап, Қазалы аудандық газетінде жұмыс істеп, Қазақ ұлттық университетіне оқу­ға түскен Шөмішбай ақын қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 70-ші жыл­дарының басында «Соғыстан соңғы туған­дар» деген атпен келген керемет тол­қын­ның өкілі», деп еске алды. «Сол толқынның ішінде Жарасқан Әбдіраш ағамызбен бірге Шөмішбай Сариев қазақ әдебиетінің табалдырығынан есте қаларлық ерекше поэзиясымен аттаған болатын. Қазақ даласы қаншалықты бай болса, қазақ поэзиясы да соншалықты кең палитралы. Сондықтан да әрбір қазақ ақы­ны көкке көтеріп, мақтауға тұрар­лық. Шөмішбай Сариевтің алғашқы кітап­та­­рынан поэзияның кереметтей лебін көр­ген Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қа­йыр­бе­ков, Сырбай Мәуленов ақын шығар­ма­шы­лығына ерекше баға берген болатын. Бү­гінде мыңнан астам әннің сөзін жазған Шөміш­бай Сариев аға буыннан кейінгі жолды жал­ғап, қазақ әнін, үнін, поэзиясын әлем­ге та­ныта білді», – деп атап өтті Бауыржан Жақып.

Шөмішбай Сариевтің шығарма­шы­лықтағы інілерінің бірі, композитор Бейбіт Оралұлы «Өнерде – аға, өмір­де дос болдық» деп еске алды. Тағды­ры­ның Шөмішбай Сариевтей тұлғамен тоғыс­қанына ризашылығын білдіре келіп, алғаш танысқан жылдарды, Шөмішбай аға ша­ңырағындағы, ол кісінің жары Жұмагүл Сариевамен кездесулерді толғана еске тү­сірді. Шығармашылық бірлестікте өмір­ге келген әндер тарихына тоқталып, Шө­мішбай Сариевтің терең де, мағыналы по­эзиясынан ой толғады.

Ақынның қаламынан туған «Сол бір кеш», «Ғашықтар жыры», «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Ға­шықтар жыры», «Бозжорға», тағы да басқа көптеген өлеңдері тыңдарманның жүрегінен терең орын алды. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева орындаған «Ай­нал­дым сенен, Атамекен-ай» әні еліміз ғана емес, шартарапқа тарағаны мәлім. Бүгінде бұл әнді тыңдамаған қазақ кемде-кем. Сонау атамекеннен жырақта жат­қан қалың қазақтың жүрегін шымыр­латып, елге деген сағынышына сеп болды. Талай қазақ осы әннің әсерінен кейін елге оралғанын естіген едік. Ақын әндеріне, шығармашылығына деген сағынышымен бөліскен Роза Рымбаева өзін бақытты ән­шімін дейді. Өйткені «Шөмішбай Са­риевтің қаламынан туған өлең-жыр ерекше сезіммен жазылды. Оған дәлел ретінде халық арасына кең таралған «Арал­дан ұшқан аққулар» әнін айтсақ та жеткілікті. Ал «Атамекен» әнін білмейтін қазақ жоқ. Сон­дықтан қазақ халқы бар кезде Шө­міш­бай Сериевтің өлең-сөздеріне жа­зыл­ған әндер ұмытылмайды», деп атап өтті әнші.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова ақынның өмірінде, шы­ғар­машылық қарыштауында Жұмагүл Сариевадай адал жарының еңбегі зор деп атап өтті. Қай кезде де кейінгі тол­қынға ағалық қамқорлығын, кеңесін ая­маған Шө­мішбай Сариевтің тұлғасы ұмы­тыл­майды. Жуырда көрерменге жол тарт­қан «Тұлғалар қайтып барады» әніне тү­сірілген бейнебаян осыған дәлел.

Ақынмен бірге студенттік шағы өткен жа­зушы-журналист Дәулет Сейсенұлы қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан тұл­ғалар ішінде Шөмішбай Сариевтің орны бөлек дей келіп, ақынның поэзиясы, ғылымдағы жолы туралы еске алды.

Бүгінде «Ән әлемінде қалықтаған қыран», «Қос қанатты ақын» деп өнерсүйер қауым тебірене еске алатын ақынның артында мол мұрасы қалды. «Балдәурен», «Сүйінші» жинақтарымен қатар оннан астам еңбектері, өлең-сөздері жүректерден орын алған Шөмішбай Сариев жайлы естеліктер әлі айтыла береді.

 

АЛМАТЫ