• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 29 Қыркүйек, 2021

Еліміздің ең үздік ұстаздары бас қосты

361 рет
көрсетілді

Тобыл өңіріне Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен келді. Министр ең алдымен облыс әкімімен бірге Қостанайдағы Ыбырай Алтынсариннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ағартушының рухына тағзым етті. Қостанайда биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы да кеңінен аталып өтуде.

«Оқушыға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылуда

Ведомство басшысы жұмыс сапары барысында Мичурин ауылдық мектебіне барды. Биыл Nur Otan партиясының бағ­дар­ла­масы шеңберінде мек­теп­ті мо­дернизациялауға қосымша қар­жы бөлінген. Ұстаздар жаңа оқу жылы қайта оралған 45 минуттық сабақтың қолайлы екенін айтты. Әр сабақтың бес минуты былтыр оқу жылы қашықтан оқы­ған балалар түсінбей қалған та­қы­рыптарды пысықтауға кетеді. Бас­тауыш сыныпқа бас сұққан А.Аймағамбетов балалардан «Мек­­тепке келіп оқыған ұнай ма?» деп сұрап еді, оқушылар «Ұн­ай­ды! Сыныпта оқығаннан артық ештеме жоқ!» деп жамыраса жауап берді. Сондай-ақ мектеп­тегі бейнебақылау камерала­ры мен дабыл батырмаларының жұ­мы­сын тексерді.

Одан кейін облыстағы білім беру мекемелерінің, аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кездесіп, колледж директорларын тағайындау ережелеріне, ротациялауға, мұғалімдерді жұ­мыс­­қа қабылдауға, білім беру сала­сында вертикалды басқару жүйесін енгізуге қатысты сұрақ­тар­ға жауап берді. Жиында мұға­лімдерді қайта даярлаудың ма­ңыз­дылығы және тірек мектептер мен олар бекітілген білім беру мекемелерінің өзара байла­нысында орын алып отырған қиын­дықтар жөнінде мәселелер қоз­ғалып, ауылдық мектептерде жан басына қаржыландыруды енгізу қажеттілігі туралы айтылды. Ал колледж қызметкерлері академиялық еркіндік, колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын синхрондау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ колледжден кейін студент білім алу үрдісін жоғары оқу орнында жалғастырған кезде оның колледждегі нәтижелерінің ескерілуі сияқты мәселелер тал­қы­ланды.

– Қостанай облысында «Оқуға құштар мектеп» жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр, сондай-ақ мектептерге арнайы көркем әдебиет сатып алынған, мектеп кітапханаларының жаңғыртылып жатқанына көңілім толды, – деді А.Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі Қостанай полтехникалық коллед­жін­де «Жас маман» жобасы бо­йынша жұмыс істеп жатқан зертханалар мен шеберханалармен, оқу үдерісімен танысты. Мұнда студенттің тәжірибелік дағдыны меңгеруіне қолайлы, заманауи құрылғылар орналасқан, құрал-жабдықтар Франция, Германия, АҚШ, Беларусь және Италиядан сатып алынған. Колледж дирек­торының айтуынша, кәсіби білім беретін білім ордасында 1200-ден астам студент оқиды. Олардың арасында болашақ электромеханиктер, электр монтажшылар, наубайшылар, кондитерлер мен астық өңдеу өнеркәсібінің мамандары бар.

А.Аймағамбетов А.Бай­тұр­­сын­ұлы атындағы өңірлік университеті жанынан ашылған Sweet baby балабақшасында болды. Осы балабақшада «Мек­тепке дейінгі оқу мен тәрбие» бағдарламасы бойынша тәжіри­беден өтіп жатқан университет сту­денттерімен кездесіп, бүгінгі таңда ЖОО-дағы білім беру үде­рісінде дуальды оқытудың ма­ңызды екенін айтты.

– Ахмет Байтұрсынұлы атын­да­ғы университет студент­терге практикалық білім беру барысында дұрыс бағыт алғанын атап өткім келеді. Университетке кіреберісте тұрған техника – «КамАЗ» көлігі бірден көзге түседі. Өздеріңіз біле­тіндей, Қостанай облысының ин­дустриялық аймағында екі жаңа «КамАЗ» зауыты салынып жатыр. Бүгінде жоғары оқу орнында машина жасау ма­мандығын игеріп жатқан студенттер тәжірибеден өтіп, әрі қарай осы кәсіпорындарда жұмысқа орналасуы үшін келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Сонымен қа­тар осы жазда А.Байтұрсынұлы атын­дағы Қостанай өңірлік университетінің 30 студенті Ре­сей­дегі «КамАЗ» кәсіпорнында екі ай бойы өн­ді­рістік практикадан өтті. Бұл Қостанай өңір­лік университеті мен Қазан фе­дералдық университетінің Набе­режные Челны институты ара­сындағы меморандумның нәтижесінде мүмкін болып отыр. Сонымен бірге жұмыс берушілер жоғары оқу орнына келіп, дәріс оқиды. Бұл тәжірибе белгілі бір мамандық бойынша тереңдетіп оқыту үшін енгізілген. Олардың арасында «Агромашхолдинг» өнеркәсіптік кәсіпорнының және құс фабрикаларының өкілдері, тамақ өнеркәсібінің өндірушілері бар, – деді министр.

 «Үздік педагог-2021» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Тобыл өңіріндегі жұмыс са­парының екінші күні Білім және ғылым министрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай Қостанайдағы 

«Жастар» сарайында өткен мұға­лім­дердің кәсіби мерекесіне ар­налған салтанатты шараға қа­ты­сып, «Үздік педагог-2021» рес­­­пуб­ликалық байқауының же­ңім­­паздарын марапаттады.

– Биыл оныншы рет өткізіліп отырған байқаудың мән-маңызы мен конкурс жеңімпаздарына ерекше тоқтала кеткім келеді. Өйт­кені биыл мұғалімдер мере­кесі ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғының қарсаңында әрі ғалым Ыбырай Алтынсариннің мерейтойымен тұспа-тұс келіп, қасиетті Тобыл-Торғай жерінде өтіп отыр. Сіздердің еңбектеріңіз ерен, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық. Өйткені ол – мектептің жүрегі» деген ұлағатты сөзі бар. Шын мәнінде, тәуелсіз еліміздің білікті ұстаздары ұлы ағартушы армандаған мұғалімнің нағыз өзі, – деді А.Аймағамбетов.

Салтанатты жиын барысында еліміздің әр өңірінен келген «Үздік педагог-2021» республикалық байқауының 64 жеңімпазы марапатталды. Олардың ішінде Қос­та­най педагогикалық кол­лед­жі­нің шет тілдер кафед­ра­сының арнайы пәндер оқытушысы Әділжан Бөкенбаев, Қостанай қаласының №6 жалпы білім бе­ре­тін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Оксана Лауто, Жі­тіқ­ара гимназиясының география пәні мұғалімі Айнұр Назар­кенова, Арқалықтағы Ыбы­рай Алтынсарин атындағы гим­на­зия­ның биология және география пәні мұғалімі Александр Пэк бар. Үздік ұстаздардың әрқайсы 2 млн 900 мың теңгенің сертификатына ие болды.

– Байқау оңай болған жоқ. Біздің жұмысымыз қалалық және облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша ұсынылды. Бұл – менің ғана емес қолдау көрсеткен әріп­тес­­терімнің, талантты да білімді шә­кірт­терімнің жемісі, – дейді Ар­қа­лықтағы Ы.Алтынсарин атын­­дағы гимназияның мұғалімі Александр Пэк.

Салтанатты жиында Қостанай облысының 11 мұғалімі «Ы.Алтын­са­рин» және «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының білім беру ісінің құр­метті қызметкері» төс­белгілерін тақты, сондай-ақ педагогика саласында жемісті еңбек еткен ардагерлер марапатталды.

Мұғалімдердің мерейін тасыт­қан шарадан кейін А.Аймағам­бетов ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ы.Алтынсарин және ағартушылық тағылым: тарихи өзегі, танымдық өрісі, заманауи өрнегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қа­тысты. Конференция барысында Ыбырайдың ағартушылық идеялары мен еліміздің білім беру жүйесін қалыптастырудағы қызметі туралы айтылды. Соны­мен қатар ағартушы мұрасын зерт­теу, қайта зерделеу және кеңі­нен насихаттау мәселелері қозғалды.