Отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі ең байырғы кәсіпорынның бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Жеті қат жер астынан өндірілген «қара алтынды» терең өңдеп, жанармайдың сан алуан түрін шығаратын кәсіпорын қоршаған ортаны қорғауға да баса мән беріп отыр.
Осы орайда мұнай өңдеушілер Атырауда қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған Tazalyq ауқымды экологиялық жобасын іске асыруды белсенді жүргізуде. Биылғы маусымда қоршаған ортаны жақсартуға тигізер пайдасы мол жобаны қаржыландыру үшін Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Еуропалық қайта құру және даму банкі 80 млн долларға дейінгі соманы құраған келісімшартқа қол қойған болатын.
Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылысты ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Сағызбаевтың мәлім етуінше, Tazalyq жобасын іске асыруға дайындық 2019 жылы басталған. Сол жылы жобалау жүргізіліп, 2020 жылы құрылыс жұмыстары қолға алынған. Басты мақсат – «жасыл» технологияларды дамытуға, сондай-ақ өңірдің экологиясын жақсартуға үлес қосу. Сол себептен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдау көрсеткен экологиялық жобада механикалық тазарту қондырғысын қайта жаңарту, булану алаңының секторларын рекультивациялау көзделген. Бұл жобаны 2023 жылдың соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланып отыр.
– Осы кезге дейін жұмыс істеп тұрған механикалық тазарту қондырғысының қуаты – сағатына 500 текше метр. Жаңа жобада бұл қондырғының қуатын екі есеге – 1 мың текше метрге арттыру көзделді. Бұл қондырғыны қайта жаңарту екі кезеңмен жүргізілуде. Өйткені зауыт аумағында жаңа нысанды тұрғызу үшін бос жер болмады. Сондықтан оның бірінші кезеңі аясында бірнеше жаңа нысанның құрылысын салу аяқталды. Ал екінші кезеңде бұрынғы нысанның орнына жаңасы салынады. Осылайша, қайта жаңартылған механикалық тазарту қондырғысының қуаты сағатына 1 мың текше метрді құрайтын болады. Жаңа механикалық тазарту нысандарын іске қосудың нәтижесінде Жайық өзенінен су алу үлесі 10%-ға төмендейді. Зауыттың тазартылған ағынды суының 15%-ы өндіріске қайта пайдалану үшін жіберіледі, – дейді Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылысты ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Сағызбаев.
Оның айтуынша, қазір қалдықтарды алдын ала тазарту және сусыздандыру блоктарының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші кезең аясында орташаландырғыш және флотация блогтары салынады. Бірінші кезеңнің құрылысын 2022 жылғы наурызда аяқтау жоспарланыпты. Ал механикалық тазарту қондырғысын жаңғырту алдағы жылдың желтоқсанында толық аяқталады.
Бұған дейін мұнай өңдеу зауытына тиесілі аумағы төрт секторға бөлінген «Сасық сай» булану алаңын қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазір бұл алаңның аумағында бірнеше жұмыс қатар атқарылып жатыр. Мәселен, қалалық және зауыттық бөлік арасындағы бөгеттің, екінші және үшінші сектор аралығындағы бірінші бөгеттің құрылысы толық аяқталған. Сондай-ақ үшінші және төртінші сектор аралығында орналасқан екінші бөгеттің құрылыс жұмысы 95%-ға атқарылды. Бірінші сектор толық құрғатылды. Оған жалғас екінші секторды құрғату жұмыстарының 70%-ы іске асырылды. Булану алаңының аумағын құрғату үшін 74 560 текше метр топырақ төгу қажет. Қазір 70 мың текше метрден астам топырақ төгілген. Алаңды құрғату аяқталғаннан кейін төрт секторды рекультивациялау жүргізіледі. Нақтылай айтқанда, 37 125 тоннаны құрайтын қамысты шабу, кейіннен топыраққа 860 тонна арнайы биологиялық өнімді енгізу арқылы жер жырту басталады. Қалпына келтірілетін булану алаңының жалпы ауданы – 860 гектар. Алаңдағы төрт секторды қалпына келтіру жұмыстарын 2023 жылғы қарашада аяқтау көзделіп отыр.
Осы кезге дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының нормативтік-тазартылған сарқынды суы арнайы каналмен «Сасық сай» булану алаңына жіберілетін еді. Енді бұл каналды да Tazalyq жобасы аясында реконструкциялау қолға алынады. Жобаға сәйкес бұл канал толығымен жабық күйде болады. Дәл осы тәсіл арқылы қоршаған ортаға қалдықтардың түсуіне тосқауыл жасалады. Жабық канал арқылы зауыттың тазартылған ағынды суын қалалық кәріз-тазарту нысандарына жіберіледі. Қазір сарқынды суды булану алаңына жіберу үшін уақытша құбыр салынып жатыр. Құбырдың ұзындығы – 3,5 шақырым. Қазір уақытша құбыр құрылысы 90%-ға орындалып отыр. Ал каналды қайта жаңартуды келер жылдың маусым айында жабу көзделіпті.
– Булану алаңын қалпына келтіруді жобалау кезінде қалдықтарға зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысымен әртүрлі көрсеткіш анықталды. Қалдықтарды елімізде шығарылатын бірнеше биопрепаратпен өңдеп, булану алаңын қалпына келтіруге болады. Мұның тиімділігі 60-65 пайызды құрап отыр, – дейді Қанат Сағызбаев.
Атырау облысы