Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жаңаөзен қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыру мақсатында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз-туры өткізілді.
Жергілікті әкімдіктің мерейлі мереке қарсаңында қуана көрсетер жаңалықтарының бірі – Жаңаөзен қаласынан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысы. Жалпы, мұнайлы қалада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлер бар, соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 160 пәтерлі тұрғын үй. «Рауан» шағын ауданында салынып жатқан үй құрылысы үшін Жаңаөзен қаласында алғаш рет Ұлттық қордан қаржы бөлінген. Биыл бөлінген 1 млрд теңгенің жұмыстарын 75 адам жүргізуде.
– 160 пәтерлі тұрғын үй құрылысы биыл қыркүйек айында, яғни кеше ғана басталды. Екі блоктан тұратын үйде бір пәтерлі 40, екі пәтерлі 80, үш пәтерлі 80 үй бар. Бір бөлмелі пәтерлер көлемі – 54 шаршы метр, екі бөлмелі үйлер 67 шаршы метр болса, үш бөлмелі үйлердің көлемі – 80 шаршы метр. «Ас-құрылыс» компаниясының бас мердігерлігімен құрылысы басталған үйді толық аяқтап, өз иелеріне 2022 жылы тамыз айында пайдалануға беруді межелеп отырмыз, – дейді Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі М.Әбдіров.
Үйлердің қонағы да, бала-шағасы да көп болатын қазақы тұрмысымызға лайықты етіп кең салынуды жоспарлағаны қуантты. Жинақ банкінің салымшыларына берілетін үй мұнайлы қалада баспана мәселесін шеше алмай жүрген көп қандастың қуанышына сеп боларын ойлап қуандық.
Баспасөз-турын ұйымдастырушылардың екінші таңдап көрсеткен нысаны қаладан он шақты шақырым қашықтықтағы 7 мыңнан аса тұрғыны бар Қызылсай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория болды. Бұған дейін ескі және шағын апатты жағдайдағы амбулаторияда басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетіп келген дәрігерлер жаңа орынды күтіп, ауылдағы мәдениет үйінің бөлмелерін сағалаған болатын. Бұл мәдениет қызметкерлеріне де, дәрігерлерге де, әсіресе ауыл тұрғындарына қолайсыздық туындатып, бәрі де жаңа амбулатория құрылысының тезірек аяқталуын асыға күткен болатын. Көпшілік күткен жаңалық халыққа кең, заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен және жаңа жиһаздармен жабдықталған, ең бастысы дәрігер мамандары жеткілікті амбулатория болып есік ашты.
– Бүгінгі күн Жаңаөзен қаласы тарихында, Қызылсай ауылы тарихында есте қаларлық күн болды десем, артық айтқандық болмас. Елімізде көптеген ауруханалар, амбулаториялар ашылып жатыр. Бұрын жүрекке отаны бүкіл әлем бойынша медицинасы озық дамыған елдерде ғана жасайтын болса, қазір біздің елімізде сәтті жүзеге асырылып келеді. Тамыр арқылы ота жасау тіпті орталықтан алыс орналасқан облыс орталықтарында да қолжетімді болғандығы үшін қуанамыз. Мұның бәрі біздің еліміздің 30 жыл ішінде жеткен жетістігі және бұл жетістіктер осымен тоқтап қалмайды. Қазақстан қай салада да жаңарған, жаңғырған заман талабына сай жетістіктермен бірге дами береді, – деді Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров.
Оның айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс бір жылда салынған, 5 мыңнан аса адам тіркелген Қызылсай амбулаториясы үшін 400 млн-нан астам теңге қаражат бөлінді, қазір жаңа дәрігерлік ғимаратта 40-тан аса кабинет бар, мамандармен толық қамтылған, мұнда емделушілер ультрадыбыстық, рентген зерттеулері мен тіс емдеу және зертхана қызметтерін пайдалана алады.
– Дәрігерлік амбулатория Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында іске қосылды. Енді Қызылсай ауылының тұрғындары қалаға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті ауылдан ала алады. Дәрігерлік нысан халыққа сапалы, шұғыл қызмет көрсетеді деп сенемін, дәрігерлік амбулатория құтты болсын! – деді М.Ибағаров ғимараттың ашылу салтанатында.
Күніне 50 адамды қабылдауға арналған амбулаторияға енді қызылсайлық 5 мыңнан аса тұрғын қажетті кезде өз денсаулығы үшін бас сұқпақ. Мыңға тарта бала туу жасындағы әйелдер мен 2 мыңнан аса бала тіркелген ауылда жаңа ғимаратта көрсетілетін дәрігерлік қызметтің сапасы қандай болмақ?
– Бір жылға жетпей құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілген амбулаторияда тәжірибелі, өз ісінің шебер дәрігерлері қызмет етеді. Мұнда педиатр, УЗИ дәрігері, тіс дәрігері бар, сондай-ақ 26 медбике, 3 кіші қызметкер жұмыста. Жуырда 2 жас маманды қызметке қабылдадық. Амбулаторияда қосымша екпе, фтизиатр кабинеттері жасақталды және стоматологияға соңғы үлгідегі аппарат алып қондырылды, жүкті әйелдерге арналған кабинет, күндізгі емдеу, ем-шара кабинеті мен скрининг бөлмесі, психолог бөлмесі, оқшаулау бөлмесі мен зертхана бар. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі, – дейді №1 Жаңаөзен қалалық емханасы директорының емдік-профилактикалық ісі жөніндегі орынбасары Қ.Балжанова.
Қызылсай ауылында төртінші дәрежелі жедел жәрдем қызметі де бар, яғни ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Жаңаөзен қалалық «жедел жәрдем» қызметінің өкілдері тәулік бойы аталған ауылда болып, өз кабинеттерінде шақырту қабылдайды екен.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Қаменов пен ардагер ұстаз Б.Өскінбаев қуаныштарын жеткізіп, ауылдастары атынан алғыс айтты.
Қалада жаңадан кәсіп бастаушылар саны артып келеді дейді әкімдік қызметкерлері. Солардың бірі гүл саудасымен айналысатын Бақтықожа Орысбаев екен. 1994 жылы туған жас жігіт мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатқанмен, өз кәсібін өзгелерден кем жүргізбеуде.
– 2015 жылдан бастап гүл саудасымен айналыса бастадым. Оған 2014 жылы мүгедектерге берілетін жәрдемақы себепші болды. 28 мың теңге ақшаны алып, алдымен кішігірім жұмыстардан бастадық. Гүлдерге орама жасап, гүл шоғырын дайындап қаладағы түрлі мерекелерде, салтанатты шараларда, жекелеген туған күндерде, той-томалақтарда сыйға берілетін гүлдерді саттық. Кейін гүл дүкенін ашып, Алматыда арнайы дайындықтан өтіп келдік. Жұмысымыздың көкжиегін кеңейтіп, кәсібімізді ұлғайттық. 2019 жылы Еуропада тәжірибеден өту, букетті заманауи дайындау, яғни орап, безендіру бойынша тәжірибе жинау мүмкіндігі туындады, – дейді жас кәсіпкер Бақтықожа.
Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан сауда орындарын ашқан Бақтықожаның Маңғыстауда 3, Құлсарыда 1 сауда орны бар, енді Атырау қаласынан ашуды жоспарлап отыр. 20 шақты адамды жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп келген кәсіпкер жұмыспен қамту орталығымен арадағы қуанышты жаңалықты да жеткізді.
– Жұмыспен қамту орталығы бізге көмектеспек, бұл – үлкен қуаныш, үлкен қолдау. Олар алдымен бір жыл бойы қызметкерлерге 100%, келер жылы 70%, үшінші жылы 30% жалақы төлеп береміз, одан әрі жұмыстарыңызды өздеріңіз жүргізесіздер деді. Бұл бізге мемлекет тарапынан зор көмек, сондықтан рахмет айтамыз. Мұндай жағдайда біз әлі де жұмысқа адам қабылдаймыз, – деді ол.
Жаңаөзенге гүлдер Амстердамнан, Кениядан, Эквадордан ұшақпен, жүк көліктерімен тасымалданады екен. Үлкен компаниялармен серіктес, Эквадорда брокерлері бар жаңаөзендік жас кәсіпкер гүл саудасының толастамайтынын, әсіресе голландиялық раушан мен экзотикалық гүлдерге сұраныс көп екенін айтады.
Отбасында бір қыз баланы тәрбиелеп отырған, қиындықта сағы сынбаған қайсар жігіттің кәсібі көпке үлгі.
Жаңаөзен қаласындағы психолог, дефектолог Айгерім Нұрадинованың қызметі де тұрғындардың сұранысына ие. Балалар арасында жиі кездесетін тілдік тежелулерінің алдын алу мақсатында ашқан логопедиялық орталығына қазір 12 бала келеді. Аптасына үш рет бір сағаттан қатынайтын олар сөйлеп үйрену, тілін жаттықтыру бағытында психологиялық көмек алады. Бұған дейін балаларды кабинетте қабылдаған Айгерім өз қызметіне жүгінушілердің санының артуына орай арнайы орталық ашуды жөн деп тапқан. «Алдағы уақытта қасыма мамандар алып, бүгінгіден де жақсы нәтижелерге қол жеткізгім келеді. Мысалы, жекелеген жұмыстармен бірге топтық жұмыстың берері көп, сондықтан топтық жұмыстар жүргізуді мақсат етіп отырмын. Сондай-ақ логопед-дефектолог мамандарды жұмысқа алып, есепте тұрған, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тегін әрі жеке жұмыс істегім келеді, – дейді психолог-дефектолог А.Нұрадинова.
Жаңаөзенде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында атқарылар жұмыстар жалғасын тауып, халық тұрмысының көркеюіне, ел дамуына үлесін қоса берсін, өйткені әрбір ауылдың, қаланың дамуы – ел дамуына қосылар зор үлес.