Бұл күндері Таиландтың Накхонпатхом қаласында волейболдан ерлер арасындағы Азияның клубтық чемпионаты өтуде.
Аталған жарыста Қазақстанның атынан Алматының «Буревестнигі» бақ сынауда. Алғашқы ойында отандастарымыз Ирактың «Соуз Газ Клубынан» 2:3 есебімен ұтылып қалған еді. Есесіне келесі екі кездесуде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Атап айтсақ, екінші турда жергілікті «Нахон Радчасиманы» ойсырата ұтты – 3:0. Кеше Шри-Ланканың «СЕБ» клубын сан соқтырды – 3:0. Қазіргі кезде алматылық волейболшылар жарыс кестесінде көш бастап тұр. Топтық турнирдегі соңғы бәсекесін «Буревестник» 12 қазан күні Кувейттің «Камзасымен» өткізеді.
Келесі топта Иранның «Сиржан Фоулад», Катардың «Әл-Араби Спортс Клуб», Филиппиннің «Ребиско», Өзбекстанның «АГМК» және Таиландтың «Даймонд Фуд» клубтары күш сынасуда.