Елорда төрінде тағы бір жаңа театрдың тұсауы кесілді. Qanattylar деп аталатын бұл айрықша театр еліміздегі ерекше жандардың талантын ашуға бағытталып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөгетсіз болашақ қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп, өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс» деп құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Парламенттің VІІ шақырылымдағы бірінші отырысында инклюзивті кедергісіз қоғам құрудың, инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Президент мән берген мәселенің бүгінгі таңда қоғамда оңтайлы шешім тауып жатқаны көңілге қуаныш орнатады. Соның айқын бір мысалы – өткен жұмада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар театры жанынан құрылған Qanattylar инклюзивті театрының тұсауы кесілді. Елімізде тұңғыш рет ашылып отырған ерекше жандарға арналған театр ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен шымылдығын түрді. Жас театрдың тұсаукесеріне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Физиологиялық ерекшеліктері бар адамдардың тасада жатқан талантын ашу, оларды сахнада жұлдыздай жарқыратып, көрерменінің көзайымы етуді, қоғам ұзақ уақыт бойы байқамаған мүмкіндіктерін жүзеге асыруды мақсат тұтқан жаңа театрдың жасақталуы да, ондағы іріктеліп алынған актерлердің өнерге, өмірге деген құштарлығы да айрықша.
– Инклюзивті театр ашу идеясы көптен бері ойда жүрген армандарымның бірі еді. Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болғаннан кейін осы мәселені Ақтоты Райымқұловаға айтып, өз ұсыныстарымды жеткіздім. Министр ойымды бірден қолдады. Ерекше жандарға арналған театрдың құрылуына барлық жағынан қолдау білдіретіндігін айтты. Кейін бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей ықпал етуімен нақты іске асты. Бүгін сол тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Qanattylar театры арқылы еліміздегі талантты жастардың басын бір сахнада түйістіріп, олардың бүгінге дейін көпшілік білмей, байқамай келген өнерлерін жұрт алдында паш етіп, ел мүмкіндігі шектеулі деп санайтын ерекше жандардан өнердің нағыз жұлдызын жасап шығару һәм сол арқылы көрермендерімізді бойындағы барына шүкіршілік ете білуге үндегіміз, ой салғымыз келді. Сол арманым бүгін орындалғандай, – дейді Qanattylar инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов.
Театр жетекшісі атап өткендей, дәл қазіргі уақытта театр труппасына барлығы 18 актер қабылданыпты. Бұл, әрине әзірге. Алдағы уақытта өнерлі жандармен театр құрамын толықтыру әлбетте күн тәртібінде бар мәселе. Тағы бір қуанышты жаңалық – ел ішінен ерекше таланттарды іздеп қана қоймай, болашақта елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университеті ішінен ерекше жандарды актерлік мамандық бойынша кәсіби түрде оқытып, диплом беретін арнайы кафедра ашу мәселесі қолға алынып жатқанынан да хабардар болдық.
– Иә, бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызымен сөйлесіп, ақылдасып көрдік. Жақында Қазақ Ұлттық өнер университеті жанынан ерекше жандарды оқытатын кафедра ашылатын болды. Алла жазса, жақын күндері мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан мүмкін еместі мүмкін етіп жүрген өмірге шын іңкәр жандар кәсіби білім алып, труппа құрамын толықтыратын болады. Әзірге ұжымда 18 актер бар. Олардың 8-і құлағы нашар еститін, 6 өнерпаз арбаға таңылған азамат болса, қалған үшеуінің көзі көрмейді. Бірақ соған қарамастан олардың өнерге деген құштарлығы да, сахналық тартымдылығы да ерекше. Әу баста бұл театрды құрған кезде жекелей емес, әртүрлі топтағы ерекше жандардың басын қосқымыз келді. Сол арқылы жүрегінде жалын, көзінде оты бар жастарға жаңа мүмкіндік сыйласақ дейміз. Әрине, бізге құрыла салып, бірден үлкен театрға айналып кету қиын. Сондықтан да қала әкімімен ақылдаса отырып, Жастар театрының қанатының астынан өз өнер ордамызды құратын болып шешім қабылдадық. Бұл жағынан Жастар театры ұжымы тарапынан кәсіби тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да үлкен қамқорлық, қолдауды сезіндік, алғысым шексіз, деп жаңа театрдың жетекшісі Арнұр Ысқақов ойын әрі қарай тарқатты.
Иә, пешенеге жазылған тағдыр адамзат баласына әу бастан-ақ әрқилы сый тартары белгілі. Дегенмен, қамшының сабындай өмірді мәнді өткізу әркімге ортақ мұрат болмақ. Өзгеден ерек жандардың осынау алмағайып әлемде мейірім мен Ізгіліктен жаралған қос қанаты бар. Сәуле-ғұмырда сол ұлы сезімдер барда мәңгілік махаббат салтанат құрары сөзсіз... Жаңа театрдың шымылдығын ашқан Г.Салықбайдың «Қанаттылар» деп аталатын поэтикалық қойылымының басты лейтмотиві негізінен осы ойдан тарқатылады. Ерекше жандардың ерекше талантын ашуға атсалысқан қойылым режиссері, Қазақ мәдениетінің қайраткері Нұрфат Вахитов жаңа спектакль жайлы былай деді:
– Осыдан жарты жыл бұрын жаңа да ерекше театрдың шымылдығын ашатын қойылымға дайындықты бастағанда «Қандай драматурия, қандай жанрмен жұмыс істесек, сәтті туынды шығара аламыз?» деген көкейде сан сұрақ сайрап тұрды. «Классика дұрыс па әлде фольклор ма?» дегендей алдымыздан көп мәселе шықты. Театр басшылығымен отырып ақылдастық. Соңында ерекше жандардың өздерінің өмірі, басынан кешкен түрлі оқиғалары жайлы баяндайтын, олардың ішкі әлеміндегі қайшылықтар мен көңіл түкпіріндегі асыл армандары туралы сөз болатын арнайы пьеса жазғызу керек деген шешімге келдік. Сөйтіп қазақтың талантты ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбайға қолқа салдық. Нәтижесіне өздеріңіз куәсіздер. Мені бір тәнті еткені – қойылымға қатысқан әрбір жанның өнерге деген құштарлығы. Кәсіби білім алмаса да, олардың сахнаға деген сүйіспеншілігі мен өнерге деген шексіз іңкәрлігі біздің өзімізді таңғалдырды. Әрине, театр труппасына актер қабылдағанда іріктеу болды. Қанша үміткерлердің арасынан жанып, жалындап тұрған 18 талантты таңдап алдық. Бір сөзбен айтқанда, ерекше жандардың арасынан ерекшесін таңдадық. Өйткені сахнада жұмыс істеу үшін үлкен қажыр мен еңбек керек. Сол жауапкершілікті сезінетін, еңбектенуден жалықпайтын рухы мықты, сезімі сергек нағыз таланттарды топтастыруға тырыстық. Олардың бәрі ерекше. Сондықтан да олардың әр әрекетін сахнадан тамашалау көрермендеріміз үшін де қызық болады деп ойлаймыз, – деп сөзін сабақтады қойылым режиссері.
Спектакль режиссерінің сөзінше, жаңа қойылымда сахналау үшін 6 ай үздіксіз дайындық жүріпті. Әр талапкерді сахнаға бейімдеу, олардың өзіндік ерекше қырларын ашу қыруар қажырды талап еткен. Соған қарамастан өнерге құштар жандар барлық қиындықты жеңіп шығып, көрерменіне тамаша қойылымды тарту етті. Байқағанымыздай, театр құрамына тартылған жандардың барлығы шынымен ерекше. Мәселен, қойылымда басты рөлде ойнайтын Малика Мұқтарова есімді қостанайлық ару арбаға таңылғанына қарамастан, 6 жыл бойы сахнада би билеп, алыс-жақын шетелдерде өтетін фестиваль, байқауларда өнер көрсетіп жүрсе, екі көзі бірдей көрмейтін Жүзбай Серік – сурет әлемінде бағын сынып жүрген талант. Осындай өнерлі жандардың басын бір театр төрінде түйістірген шығармашылық ұжым жаңа қойылымның премьерасын жарқыратып өткізді. Спектакльде пластика, қозғалыс, музыка, ырғақ пен жарық өте шынайы орындалғаны сонша – әртістер сахнада ойнағаннан гөрі шынайы өмір сүрген сияқты әсер қалдырды. Бұл, әлбетте есепсіз төгілген маңдай тер мен өнерге деген шексіз іңкәрліктің жемісі екені сөзсіз.
– Сахнада өнер көрсету менің ғана емес, осы театрға қабылданған барлық достарымның арманы болғаны анық. Міне, бүгін сол арманымыз орындалды. Жасым 50-ден асса да, сол бала күнгі арманыма қайта оралғандай ерекше толқып тұрмын. Ол кезде бұл ой тек менің қиялым сияқты ғана көрінсе, бүгін міне, сол аяулы арманым ақиқатқа айналды. Өмірде барлығы мүмкін екеніне тағы да бір мәрте көз жеткізіп отырмын. Тек арманыңа адал болып, сол жолда еңбектенсең болғаны. Мүмкіндігіміздің шектеулілігіне қарамастан бізге сахна төрінде өнер көрсетуге мүмкіндік сыйлаған барша игі жандарға айтар алғысымыз шексіз. Бұл – ізденісіміздің басы ғана. Алда әлі талай жұмыстарымызбен көрермендерімізді таңғалдырамыз деп ойлаймын, деп ағынан жарылды театр актері Жүзбай Серік.
Бір жарым сағат жүрген қойылым тек актерлерге ғана емес, залда отырған көрермендердің көңіліне де ерекше қанат бітіргендей. Спектакль соңынан сахна төріне шығып сөз алған Мәдениет және спорт министрі өз толқынысын жасырмады:
– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында тағы да бір ерекше театр өз шымылдығын түріп отыр. Бұл – шынымен өнер әлеміндегі айрықша оқиға. Qanattylar инклюзивті театры мүмкіндігі шектеулі жандарға тамаша шығармашылық мүмкіндік пен қолайлы орта сыйлап отыр. Алдағы уақытта да түрлі жанрлардағы сан алуан қойылымдарды, концерттер мен поэтикалық кештерді көпшілікке ұсынасыздар деп сенемін. Жыл сайын елімізде қазан айының екінші жексенбісінде ерекше күтімді қажет ететін жандар күні атап өтіледі. Осы күннің қарсаңында Qanattylar театрының тұсаукесері ерекше өткенін айтқым келеді. Осы өнер оқиғасымен құттықтаймын сіздерді. Бүгін сіздер «құдайға шүкір», «тәубе» дегенді бәріміздің есімізге тағы бір мәрте түсірдіңіздер. Қойылымнан ойланып шығып барамыз. Көп рахмет сіздерге! Қанаттарыңыз талмасын! деп Ақтоты Райымқұлова шығармашылық ұжымға ақ жол тіледі.
Байлығымыз бар біздердің
жан атты,
Жан көнбейді тұсау менен ноқтаға...
Тәуелсіздік құрдасымыз қанатты,
Өміріміз сәл өзгеше тек қана!
Осылай деп қойылым нүктесін қойған бас кейіпкер сөзі шын мәнінде Qanattylar театрының ұраны іспетті. Жан жылуынан нәр алып, жан-жағына ізгілік пен мейірім шуағын шашқан ерекше жандардың өмірі ғана емес, өнері де ерекше. Өздеріне «Қанаттылар» деп ат берген жас театр ұжымына өнер әлеміндегі қанаттарың талмасын дейік ендеше!